
Мектеп дайын, шәкіртке зейін керек
Әрбір жаңа оқу жылы – тек күнтізбедегі белгі емес, қоғам өміріндегі маңызды белес, болашаққа бағытталған зор жауапкершіліктің бастауы. Өйткені мектеп табалдырығын аттайтын әр бала – елдің ертеңгі арқауы, ал ұстаз – сол болашақтың сәулетшісі. Сондықтан да білім саласындағы кез келген өзгеріс пен жаңашылдық ең әуелі өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, олардың жан-жақты дамуына қызмет етуі тиіс. Өңірде дәл осы мақсатқа сай жүйелі жұмыс жүзеге асып келеді. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептің материалдық-техникалық базасын жаңарту, ұстаздың кәсіби біліктілігін көтеру, оқу бағдарламасын заман талабына бейімдеу бағытындағы кешенді шаралар кеңінен қолға алынғанын облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов баспасөз мәслихатында баяндап берді.
Тапшылықты жою үшін…
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында мектеп саны артып, оқушыларға қолжетімді әрі сапалы білім алуға бағытталған тың бастамалар жүзеге аспақшы.
Биыл 228 білім беру мекемесінің бір мезетте жұмысын бастайтыны – облыс көлемінде бұрын-соңды болмаған көлемді көрсеткіштердің бірі. Биыл «алғашқы қоңырауды» тағатсыздана күтіп отырған бүлдіршін саны 16 мыңнан асады екен. Бұл – әрбір үшінші отбасы жаңа оқу жылын ерекше қуанышпен қарсы алады деген сөз. Демек, өңірдегі демографиялық өсім мен халықтың көші-қон қарқыны білім беру саласына қосымша жауапкершілік жүктеп отыр. Жыл сайын 1500-2000-нан астам жаңа оқушының қосылуы тек статистикалық көрсеткіш емес, аймақтың әлеуметтік әлеуетіндегі оң өзгерістердің нақты көрінісі.
Осы ретте, облыстың білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында соңғы жылдары атқарылып келе жатқан жұмыстарға да тоқталмай өту мүмкін емес. Былтыр өңірге «Келешек мектебі» жобасы бойынша үш бірдей жаңа нысан тартылғаны белгілі. Ал биылғы оқу жылының соңына дейін тағы да «Келешек мектептері» пайдалануға берілмек. Нысандар 11 мыңнан астам оқушыға жаңа орын ұсына отырып, мектептердегі орын тапшылығын айтарлықтай азайтуға ықпал етеді. Әсіресе, соңғы жылдары үлкен қалалардағы мектептердің шамадан тыс жүктемеге ұшырауы қоғамда жиі талқыланған мәселе еді. Демек, жаңа білім беру ошақтарының бой көтеруі осы түйінді біршама шешуге бағытталған нақты қадам.
Аймақта білім беру сапасын арттыруға бағытталған тағы бір ірі бастама – «BINOM» мектептер желісін кеңейту жұмыстары. Бұл бренд – бүгінде Қазақстанның түрлі өңірінде өз тиімділігін көрсетіп үлгерген, оқыту үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізген заманауи жоба. Енді Атырау өңірі де осы үлгінің жемісін көруге ниетті. «Ақшағала» шағынауданында салынып жатқан 2000 орындық жаңа мектеп – соның айқын дәлелі. Қалада одан басқа 2000 орындық тағы бір «BINOM» мектебінің құрылысы басталған. Жаңа мектептердің бой көтеруі ата-аналардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, балалардың сапалы ортада өсіп-жетілуіне жол ашады.
Апатты мектеп жаңара ма?
Өңірде білім беру саласын дамыту барысында әуелі назар аударылып отырған түйткілдің бірі – апатты жағдайдағы мектеп мәселесі. Қоғамда бұл тақырып ұзақ уақыт бойы талқыланып келе жатыр. Себебі балалар қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуы тиіс. Алайда, бірқатар елді мекенде әлі күнге дейін ескі ғимаратта оқып жүрген оқушылар бар. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов қазір өңірде ресми түрде апатты деп танылған бірнеше мектеп барын да жасырған жоқ. Атап айтқанда, С.Мұқанов атындағы №10 орта мектеп, №30, Ы.Алтынсарин атындағы №11 және М.Ломоносов атындағы мектептер апатты жағдайда.
Оның ішінде ең төмен жағдайдағысы – Ы.Алтынсарин атындағы №11 мектептің ғимараты. Марат Әлменұлы ескі ғимарат толығымен бұзылып, орнына жаңа білім беру орталығын салу жұмысы басталып кеткенін айтты. Жаңа мектеп заманға сай жабдықпен қамтылып, оқушылардың жан-жақты дамуына лайықты жағдай жасамақ. Сонымен қатар, облыс бойынша апатты 10 мектептің ескі ғимаратының орнына «Келешек мектебі» жобасы аясында жаңа заман талабына сай білім ордасы салынатыны мәлім болды.
№30 мектепке қатысты да түбегейлі шешім қабылданған. Оның орнына 1500 орындық жаңа ғимарат салу ісі қолға алынды. Ал, М.Ломоносов атындағы мектептің қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып немесе бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынуы мүмкін. Қай жол таңдалса да, ең бастысы – балалардың сапалы ортада оқып, білім алуына қол жеткізу.
Әрине, апатты мектеп мәселесін шешу тек жаңа мектеп салумен шектелмейді. Қолданыстағы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, олардың инфрақұрылымын заман талабына сәйкестендіру – басты міндеттердің бірі. Осыған орай, 2025-2027 жылдарға арналған кең ауқымды жоспар қабылданған. Осы үш жылда облыста жалпы саны 97 мектеп жаңғыртудан өтуі тиіс. Оның 46-сы қала аумағында, 51-і ауылдық жерде.
Биыл 9 мектепте реновация жұмыстары басталды. Ол тізімде Индер, Махамбет, Мақат аудандары, Құлсары қаласы мен Атыраудағы мектептер бар. Оның 8-іне күрделі жөндеу жасалып, 1 мектептің жобасы дайындалып, қаржы көзі қаралып жатыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 4 мектеп толық жөндеуден өтіп, шәкірт қабылдауға дайын болады. Ал жыл соңына дейін тағы 4 мектеп жаңартылады. Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы орта мектептің жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғаспақшы.
Айрықша көңіл бөлетін тағы бір мәселе – өңірдегі ең ескі және талапқа мүлдем сай келмейтін 9 мектептің жай-күйі. Бұлардың бәріне де жобалық-сметалық құжат әзірленіп, күрделі жөндеу жасалатын болды. Негізінен, жаңғыртудан өткен немесе жаңадан салынған мектептер заманауи «Келешек мектебі» үлгісіне тең. Жаңа мектептерде STEM-кабинеттер, роботтық техника зертханалары, интерактивті тақталар, спорт және өнерге арналған залдар қарастырылып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалады.
Әлеуметтік теңдік сақталады
Қолданыстағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде нығайту бағытындағы нақты қадамдар биыл ерекше серпін алғаны байқалады. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, биыл 25 мектеп 130 жаңа кабинетпен жабдықталып отыр. 2021 жылдан бері облыста 128 мектептің асханасы, кітапханасы және пәндік кабинеттері толық жаңартылған.
Осы тұрғыда ерекше тоқталуды қажет ететін мысалдың бірі – Индер ауданының Елтай ауылындағы М.Сиранов атындағы мектеп. Мұнда бұрын шәкірттер үш ауысымда оқыды. Қазір оқушыларды үш ғимаратқа бөліп оқытуға тура келгенімен, олардың да жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Исатай ауданындағы Қызыл үй мектебінде де инфрақұрылымдық өзгерістер жүріп жатыр. Басталған күрделі жөндеу жұмыстары жақында толық бітіп, ауыл балаларын қабылдайды. Сол арқылы ауылдық жердегі білім беру сапасы артып, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етеді.
Құлсары қаласындағы білім беру нысандары да назардан тыс қалмаған. Мұндағы 19 мектептің бәрі де күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға дайын тұр. Басқарма басшысының айтуынша, аудан мектептері қазіргі заман талабына сәйкес қайта жабдықталған. Жаңа оқу жылында оқушылар үшін қауіпсіздік шарасы күшейтілген, оқу технологиясы заман стандарттарына негізделген, ғимараттардың физикалық жағдайы да жақсы.
Ал Доссордағы Абай атындағы орта мектеп жаңа оқу жылына толық дайын. Ғимарат жаңарып, оқушыларды қабылдауға мүмкіндік жасалған.
Білім мен тәрбие тұтастығы
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тағылымды сөзі ғасырлар өтсе де өзектілігін жойған емес. Шынында да, жас ұрпақтың болашағы үшін тәрбие жұмысының маңызы білім беру ісінен кем түспейді. Осы тұрғыдан алғанда, облыста соңғы жылдары тәрбие жүйесін жаңғыртуға айрықша ден қойылып келеді. М.Әбуовтың айтуынша, соңғы екі жылда жүзеге асып келе жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ауқымды өзгерістердің негізін қалады. Алғашқы кезеңде үш бағыт бойынша жүргізілген бағдарлама кейін толықтырылып, алты құндылықтық бағытпен кеңейтілген. Қазір осы құндылықтар «Адал азамат» бағдарламасының өзегіне айналып, оқу-тәрбие процесіне кіріктірілген. Яғни, енді оқушыға тәрбие беру тек қосымша шара ретінде емес, білім беру үдерісінің ажырамас бөлшегі ретінде жүзеге асып отыр.
«Адал азамат» бағдарламасы – осыдан бірнеше жыл бұрын іске қосылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының заңды жалғасы. Оның мазмұны бүгінгі күн талабына сай жаңартылып, мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат–Адал еңбек–Адал табыс» қағидатымен үйлестірілген. Бағдарлама тек жалпы білім беретін мектепте емес, жекеменшік білім ордалары, мектепке дейінгі мекемелер мен арнаулы орта оқу орындарына да міндетті түрде енгізілмек.
Биыл облыстың білім беру саласына тың серпін берген жаңа жобалардың қатарында «Назар» бастамасы бар. Марат Әлменұлы бұл жобаны айрықша атап көрсетті. Өйткені, «Назар» педагогтер арасындағы кәсіби қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етіп, олардың жұмысына талдау жасауға, кемшіліктерін дер кезінде анықтап, тиімді бағдарлама құруға мүмкіндік берген. Бүгінде өңір педагогтерінің саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, білім беру мекемелерінің көптігі – олардың кәсіби қолдауын қажет ететін өзекті мәселе. Осыған орай әдістемелік орталық арнайы техникалық құралдармен жабдықталды.
Бұрын мұғалімдердің сабақтарына қатысу, кәсіби шеберлігін бағалау ісі уақыт пен қашықтыққа байланысты шектеулі болатын. Ал жаңа құралдардың арқасында бұл процесс бірнеше есе жеделдетілген. Мәселен, қысқа мерзім ішінде 984 мұғалімнің сабағына қатысып, олардың кәсіби жұмысына жан-жақты бақылау жүргізу мүмкіндігі туып отыр. Ең бастысы, бұл тәжірибе қоғамда әдістемелік қолдауды күшейтуге бағытталған заманауи тәсілдің нақты дәлелі ретінде бағалануда.
Еңбек нарығына бастар жол
Білім беру жүйесінде тек мектеп емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де түбегейлі жаңғыру кезеңін бастан кешіп отыр. Колледждер – бүгінде қоғамның экономикалық дамуына қажетті маман даярлайтын негізгі орталықтардың бірі. Сондықтан бұл бағыттағы сапаны қамтамасыз етуге айрықша назар аударылып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, қазір колледждер кәсіби стандартқа сай бағдарламаларын қайта қарап, толықтырып, сараптамаға ұсынып жатыр. Бұл қадам ең алдымен білім мазмұнын жаңартып, еңбек нарығының нақты сұранысына бейімдеуге бағытталған.
Материалдық-техникалық базаны күшейту жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Былтыр бірнеше колледждің инфрақұрылымы жаңартылды. Жаңа жабдықтар орнатылып, оқу-өндірістік шеберханалар толық жабдықталды. Бұл жұмыс биыл да жалғаспақшы. Жоспарға сәйкес, аймақтағы колледждер заман талаптарына сай толық қамтылып, студенттердің кәсіби машықтануына мүмкіндік жасалады.
Әрбір колледждің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Атырау сервис колледжінде студенттердің жұмысқа орналасуына ерекше басымдық берілген. Оқу бағдарламасы еңбек нарығындағы сұранысқа сай әзірленіп, студенттердің оқу бітіргеннен кейін бірден жұмыс табуына жағдай қарастырылды.
Жаңа форматтағы бастамалардың ішінде «Атырау жаңа мектебі» жобасының орны бөлек. Бұл жоба мектептердегі басқару жүйесін жаңғыртып, көшбасшылық пен менеджменттік дағдыларды дамытуға бағытталған. Бүгінгі күні мектеп басшыларының кәсіби деңгейін арттыру – білім сапасын көтерудің маңызды факторларының бірі. Бұл жоба сол қажеттілікті толық өтейтін тың бастама ретінде жүзеге асуда.
Облыстағы орыс тілінде білім беретін мектептердің 3000 мұғалімін арнайы оқыту жоспары жасалған. Мұндай ауқымды оқыту бағдарламасы мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуын күшейтіп, сапалы білім берудің ортақ моделін жасауға ықпал етеді.
Түйін
Жаңа оқу жылы қарсаңында қолға алынған ауқымды жұмыстар – өңірдің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қадамдар. Ең бастысы, жас ұрпақтың сапалы білім алып, елдің ертеңіне адал қызмет ететін тұлға болып қалыптасуы. Мұғалімнің еңбегі жанған, шәкірттің талабы орындалған сәт – қоғамның ең үлкен жетістігі болмақ. Жаңа оқу жылы әрбір отбасыға шаттық сыйласын!
Еркеназ ҚАЛИЖАН