Жарнама
Білім

«Мейіріммен берілген білім – шәкіртке сарқылмас азық» дейді 90 жасты алқымдаған атыраулық ұстаз

Атырау қаласындағы ардагер ұстаз Мариям Ақтаева – саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған жан. «Шынайы мейіріммен берілген білім ғана бала жүрегіне жетеді» деген өмірлік ұстанымын ұстана отырып, ол талай шәкірттің жүрегіне ізгілік пен білім шуағын септі. Бүгінде 90 жасқа таяғанына қарамастан, ол әлі де тың, сергек, рухани өмірге белсенді түрде араласып келеді. Әдемілікке, жақсылыққа жаны құштар. Бір кездері қанат қақтырған шәкірттерімен әлі де байланысып тұрады.

Мариям Ескендірқызы – көршілес Астрахан облысының тумасы. 1958 жылы Алматы қыздар педагогика институтын тәмамдап, ұстаздық қызметін сол кездегі Гурьев облысында бастаған. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаған ол 30 жыл бойы табан аудармастан Ю.Гагарин атындағы мектепте жас ұрпаққа сапалы білім беріп, шәкірт тәрбиеледі.

–Мен шәкірттеріме алдымен адам болуды үйреттім. Өйткені адамгершілігі жоғары адам ғана қоғамға да, отбасына да зор пайдасын тигізе алады. Мұғалім – шәкірттерімен бақытты. Бүгінде олардың еліміздің игілігіне еңбек етіп жүргенін көру – мен үшін зор қуаныш, — дейді ардагер ұстаз.

Мариям Ақтаеваның шәкірттері ұстаздарын әрдайым құрметпен еске алады. Олардың бірі – жоғары санатты ұстаз Бибіжан Садықова ұстазы туралы ой бөлісті.

–Мариям Ескендірқызы «оқуға құштар емес бала болмайды» дейтін. Егер оқушыларының біреуі сабақтан қалса, үйіне барып, ата-анасымен сөйлесіп, оған көмектесудің жолын іздейтін. Біз оның шексіз жанашырлығын, ұстаздыққа деген адалдығын әрдайым сезіндік. Тіпті ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоршаған ортаны жақсартуға белсенді араласып, аулаларды көгалдандыру, тұрғын үйлердің кіреберісі мен жертөлелерін жөндеуді ұйымдастыруға да белсене атсалысты. Біз бүгінде осындай жанашыр, қамқор ұстазымызбен мақтанамыз, әрі оны үлгі етеміз. 1 наурыз Алғыс айту күні қарсаңында ұстазымызға бізге берген зор тәлімі мен білімі үшін алғыс білдіреміз. Екінші анамыздай бола білген жанды алдағы көктемнің шуақты мерекелерімен құттықтап, бақуатты ғұмыр тілейміз, — дейді Б.Садықова.

Мариям Ескендірқызының тағылымды өмір жолы – ұстаздықтың асқақ үлгісі. Оның мейіріммен берген білімі талай шәкіртінің жүрегінде сақталып, өмірлік бағыт-бағдар болғаны сөзсіз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button