
Мақаттық мұғалім халықаралық марапатқа ие болды
«Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі – республикалық және Халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарын даярлайтын беделді білім беру орталығы. Биылғы оқу жылында Атырау облысынан жүзден аса ұстаз осы орталықта кәсіби біліктілігін арттырды.
Мыңдаған ұстаздың ішінен үздік нәтижемен ерекшеленген төртеуі Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдама жеңіп алды. Солардың бірі – Мақат ауданы №2 бастауыш мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Аюпова.
Нұргүл Жанжігітқызы пәндік олимпиада есептерін шығару бойынша ұстаздар арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, ауыл мектебінің абыройын асқақтатты. Ол оқушыларын олимпиадалар мен математикалық челлендждерге дайындап, білім сапасының артуына зор үлес қосып келеді.
2024-2025 оқу жылында №2 бастауыш мектеп “Қазақстандағы ең үздік ауыл мектебі” номинациясын жеңіп алып, білім мен тәрбие саласындағы биік жетістіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кету керек, алдағы уақытта оқу орны 500 оқушыға арналған толыққанды орта мектепке айналып, талай жетістікке қол жеткізері сөзсіз. Биыл мектептің қосымша жапсарлас құрылысы жүргізіледі.
Қ.ШӘКІРОВ