Маңызды міндеттер іске асып жатыр
Жыл сайын Президент Жолдауында оқу орындарындағы білім сапасын арттыру бағытына көп көңіл бөлінетіндігі белгілі. Биылғы Жолдауда да білім саласына көбірек тоқталды. Мемлекет басшысы сөзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастағандығын, оларға мейлінше қолдау көрсету керектігін тапсырған болатын.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде былтырдан бастап И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ашылған еді. Осы филиалдың ашылуына Мемлекет басшысының өзі ұйытқы болғандығын айту керек. Сонымен қатар, Үкіметтің жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатқандығын да тілге тиек етті. Біздің университет Ресеймен қатар, АҚШ, Малайзия, Еуропаның кейбір елдерімен байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Айталық, студенттеріміз академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Әзербайжан, АҚШ, Еуропа елдерінде білім алмасып жатыр. Жуырда университетіміздің өкілі Қытай еліне барып, Қарамай және Худжоу секілді жоғары колледждермен меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде «Орта белдік, орта жол» бағдарламасы бойынша Атырауда Зинши институты ашылады деп жоспарланып отыр. Жолдауда айтылған міндеттер біздің университетте жүзеге асып жатыр деп айтуға болады.
Сонымен қатар, Президент биыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Бұл бағытта да мұнай-газ университетінде практикаға бағытталған жүйелер іске асып жатыр. Соның ішінде, дуалды оқыту жүйесі ашылды. Сол арқылы өндірістегі мамандар университетке келіп, сабақ беруге тартылса, студенттер практикалық сабақтарын өндіріс орындарында атқаруға жұмылдырылып жатыр. Осылайша студенттерде дипломмен бірге 2 жылдық өндірістік тәжірибе, қалыптасқан дағды да болады. Әдетте жоғары оқу орындарын тамамдап шыққан жас маманнан еңбек өтілін сұрап жатады ғой. Осы жүйе арқылы оқыған маманның жұмысқа орналасқан кезде тәжірибесі болады. Биыл 43 студентке дипломнан бөлек дуалды оқыту жүйесін тамамдағаны туралы сертификат табысталды. Олардың көбі дуалды оқыту жүйесі бойынша серіктес компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алғанын да атап өту қажет.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін атап өтті. Расында да бұл өте маңызды қадам. Қазір облыстың өзінде электр жарығына қатысты мәселе күрделі екендігі белгілі. Қаланың өзінде жарық жиі сөніп, әуреге салып отыр. Осы мәселені шешу үшін дамыған елдермен бірлесіп, қауіпсіздік шараларын ескере отырып, атом электр стансасын салу қажет деп ойлаймын. Энергия алғашқы кезекте қажетті ресур. Энергияға тәуелсіз болғанда ғана басқа мемлекеттерге тәуелділіктен арыламыз.
Нұркен АХМЕТОВ,
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің академиялық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры