МАНСАП БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БАСТАЛАДЫ
Сарапшылардың айтуынша, қоғам білім алуда мемлекет тарапынан қолдау шараларына мұқтаж. Өйткені, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жиі тілге тиек етіп жүрген «ақылды экономика» осы адамзат капиталын дамытудың арқасында құрылады. Бұдан былай біз мемлекеттің көмегімен балаларымыздың келешектегі білімі жайында алдын ала қам жей аламыз. Үстіміздегі 2013 жылы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданды.
Жаңа салымдар жүйесі мемлекеттік гранттармен және білім беру несиелерімен қатар қолданылатын болады. Білім және ғылым министрлігінің бұл жаңа енгізілімі ата-аналарға балалары білім беру грантын ала алмаған жағдайда оларды сақтандыруға мүмкіндік береді. Есепшотта жеткілікті қаражат бар болса, қалаған ЖОО-ны да, жанға жақын мамандықты да таңдауға болады.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі екінші деңгейлі банктер арқылы жұмыс істейді. Салымшы қалаған банкті таңдай алады, яғни ол ұсынатын шарттары өзі үшін ең оңтайлы деген банкті таңдауға құқылы. Бүгінгі таңда МБЖЖ жүйесінде екі банк – «Темірбанк» АҚ және «БТА Банк» АҚ жұмыс істейді. Алдағы уақытта, жаңа жылда осы жүйеге басқа ірі банктерді қосу жоспарлануда.
«БТА Банк» АҚ Басқармасының мүшесі, басқарма директоры Айнагүл Дәулетбаеваның пікірінше, мемлекеттің мұндай бастамалары, сөзсіз, банктік сектордың тарапынан назарға алуға тұрарлық және «БТА Банк» АҚ әлеуметтік жауапкершілікті қаржы институты ретінде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне бірінші болып қосылған қатысушы банктердің бірі болғанына дән риза. Бүгінде ниет білдірген кез келген адам білім беру депозитін аша алады. Бұған қоса, салымшының деректерін тексеру автоматтандырылған тәртіпте жүзеге асырылады, ал бұл ресімдеуді әлдеқайда жеңілдетеді.
Депозит баланың атына ашылады. Салым ашу кезінде қазір 5 200 теңгені құрайтын 3 АЕК мөлшеріндегі ең аз бастапқы жарнаны енгізсе болғаны. Жаңа 2014 жылы бұл сома 5 556 теңгені құрайтын болады. Банктік салым шартында банктің сыйақы мөлшерлемесі белгіленеді. Оны әр банк өз бетінше жеке ұсынады. Мысалы, «Темірбанк» АҚ және «БТА Банк» АҚ сыйақыны 8% мөлшерінде белгіледі. Банктік сыйақыдан бөлек салымдарға мемлекет сыйлықақысы есептеледі. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері – 5%, белгілі бір басымдылықты санаттағылар үшін – 7%. Мұндай санатқа халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағы азаматтар жатады, олар: жетім балалар, көп балалы отбасынан және аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар. Жалпы жинақтау мерзімінде жиналған сомаға банктің сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы есептеледі. Осылай, жинақталған қаражат жылдан-жылға біртіндеп көбейе береді.
Жинақтау тәсілі шамамен мынадай болуы мүмкін. Егер ата-ана өзінің 10 жастағы баласының атына салым ашатын болса, олар баласы орта мектепті бітіретін кезге дейін шамамен 7 жыл бойы жаңа жүйе бойынша ақша жинақтай алады. Мәселен, бастапқы жарна — 5000 теңге және ата-ананың кейін ай сайын 15000 теңгеден салып тұруға мүмкіндігі бар делік. Банктің сыйақысы — 8%, мемлекет сыйлықақысы — 5% болғанда, жинақтау мерзімі аяқталар кезге дейін бала 17 жасқа келгенде салымдағы жалпы сома 2 млн. 75 мың теңгені құрайды. Оның ішінде, баланың ата-анасы енгізген қаражат – 1 250 000 теңге (жалпы жинақталған соманың 60%), банктің сыйақысы – 481 544 теңге (жалпы жинақталған соманың 23%) және мемлекет сыйлықақысы – 343 456 теңге (жалпы жинақталған соманың 17%). Басымдылықты санаттағы салымшылар үшін мемлекет сыйлықақысының салымы көбірек болады.
Бұл жинақталған қаражат білім алуға ғана жұмсалуы мүмкін және басқа ешқандай мақсатта пайдаланылмайды, әрі кейбір жағдайларды санамағанда салымшының қолына берілмейді. Егер салымшы денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмайтын болса немесе сот оны әрекетке қабілетсіз деп таныса, сондай-ақ салымшы қайтыс болса, салымдағы жинақталған қаражат банк сыйақысы және мемлекет сыйлықақысымен бірге салымшыға не оның заңды өкіліне, мұрагерлеріне беріледі. Егер балаға мемлекеттік білім беру гранты тағайындалса, жинақталған қаражат мемлекет сыйлықақысымен бірге үшінші тұлғаның білім беру жинақтау салымына не білімнің басқа деңгейлері, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін ақы төлеуге аударылуы мүмкін немесе салымшы депозиттегі қаражатын мемлекет сыйлықақысын сақтай отырып алуына болады.
Салым мерзімінен бұрын алынса не нысаналы мақсатта жұмсалмаса, мемлекет сыйлықақысы бюджетке қайтарылады, яғни салымшы жинақталған қаражатты банктің сыйақысымен бірге, бірақ мемлекет сыйлықақысынсыз алуға құқылы. Егер жинақталған қаражат оқудың ақысын төлеуге жеткіліксіз болған жағдайда салымшыға екінші деңгейлі банктен «Қаржы орталығы» АҚ-ның жүз пайыз кепіл болуымен жетпей тұрған сомаға білім беру кредитін алуға болады.
Қазіргі таңда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде 500-ден астам салым ашылды. Бұл – қоғам тарапынан білдірілген сенімнің көрсеткіші. Болашаққа қаражат жинақтай ма, грантқа оқуға түсе ме, әлде білім беру несиесін ала ма? Мүмкін, өз қалтасынан төлейтін шығар? Қайткенде де білім алудың жолын таңдау халықтың өз еркінде. Ал, МБЖЖ операторы – «Қаржы орталығы» АҚ тұлғасындағы Білім және ғылым министрлігінің ендігі міндеті – салымшылардың сенімі мен үмітін ақтау үшін жаңа жүйенің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
«Қаржы орталығы» АҚ
Астана қ., Орынбор көшесі, 18
8 /7172/ 695-037; — 044; — 045;