МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – ЕҢ ҚИЫН ІС
Кішкентай кезімізде үлкендерден «Өскенде кім болғың келеді?» деген сұрақты жиі еститінбіз. Бұл – мамандыққа деген алғашкы бағыт, арман-қиял. Оқушы кезде, әсіресе, жоғары сыныпта «Мен қандай мамандық таңдаймын? Кім болам?» деген сауалдар мазалайтын. Оқушының мамандық таңдауы бірқатар факторларға қатысты болады. Себебі, ол, ең алдымен, белгілі бір ғылымға деген құштарлығынан туындайды. Мәселен, біреулері гуманитарлық саланы жақсы көреді, ал, енді бірі техникаға жақын, үшіншісі жаратылыстану ғылымын меңгергісі келсе, төртіншісі өнерді сүйеді. Мамандық таңдау кезінде оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу үшін ұстаздар, ата-аналармен және жас мамандармен ой бөлісіп, пікір алысудың маңызы зор. Қазіргі таңда кез келген мектеп бітіруші түлек интернет арқылы мамандық таңдау құқығына ие болып отыр. Біріншіден, бұл өз уақытыңды үнемдеп, екіншіден, ата-анасын әуре-сарсаңға салмай, өз таңдауын жасайды.
Мамандық таңдауда ең басты назар аудартатын жайт – өзіңе ұнайтындығы және қай саламен сәттілікке, жетістікке жететініңде. Мұндағы ең басты мақсат – жан қалауыңа сай жасаған жұмысыңнан рахаттанып, ләззат алуға ұмтылу.
Бірақ, бала кезден аңсаған арманды жүзеге асыруға келгенде бірқатар кедергілер тап болады. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеуге келгенде қалаған мамандықтың балы көп болса, көбінің, амал жоқ, арманынан бас тартуына тура келеді. Балы аз мамандықты таңдап, қайтадан жаңа жоспар құра бастайды.
Баласы үшін таңдау жасап, қиналып жүрген ата-аналарды да жиі кездестіреміз. «Мына оқу орнында туысым бар, соған түсірейік» деп таныс-тамыр жағалап кетеді немесе «мына жұмыстың жалақысы көп, соған түс» деп баласына талап қояды. Ата-анасының оқы дегенін оқып, кейін өзіне қол емес екенін түсінген жастарымыз да қаншама. Сөйтіп, жарты жолда оқуын тастап кетеді. Қолына диплом алған күннің өзінде де оны жарата алмайды. Өйткені, бұл мамандықты жаны қаламайды.
Бұған қоса, қалтасына қарай көсіліп, арзан мамандыққа оқу да басты проблемаға айналып отыр. Кеңес заманы тұсында мұғалім мен дәрігер ең таңдаулы мамандықтар еді және осы сала қызметкерлері үлкен құрметке лайық болатын. Ал, қазір тынымсыз, әрі қағазбасты мамандық болғасын, жастардың көбі бұларды жанына жақын алмайтыны да жасырын емес. Қазір, керісінше, заңгер, экономист, заманауи мамандықтарға жастар көптеп түседі. Әйтсе де, осы мамандықтар бойынша оқу бітірген жастардың барлығы жұмыс тауып, бір жерге сіңісіп кетуі екіталай. Оқуын бітіріп алып, қолында табақтай дипломы болса да, сатушы, күзетші болып жүргендері қаншама?!
Ертеңгі күнімізге батыл қадам жасау үшін бүгінгі күнді бағалауымыз керек. Сондықтан да, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өзінің болашағын көруі тиіс. Жастар нық қадам, айқын таңдау жасап, өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана жетер биігіне құлшыныспен, күш-жігерімен ұмтылады.
Қазіргі таңда жастар арасында жұмыссыздық басым. Екі қолға бір күрек таппағандар көптеп саналады. Жұмыссыздықтың бір себебі осы – мамандық таңдаудағы қателіктер.
Қазір болашақта кім болатынын анықтаған жастар көп-ақ. Ал, болашағын дұрыс таңдай білмеген адам өмір бойы азап шегуі мүмкін. «Жұмысқа қуанышпен барып, үйіне қуанышпен оралған адам – ең бақытты адам» деген сөз кәсіпқой мамандардың иесіне арналса керек. Уақытында дұрыс таңдау жасау – әр адамның өз қолында.
Ерлан ТІЛЕКҚАБЫЛОВ,
Атырау қаласы.