Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге тіркелу басталды
1 маусымнан бастап магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініштерді қабылдау басталды. Тіркелу ҚР Ғылым және білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 2023 жылғы 15 шілдеге дейін өтеді. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің баспасөз хатшысы Құралай Қуатова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Тест тапсырушыларға өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға, яғни 15 шілдеге дейін білім беру бағдарламаларының тобына, тест тапсыру тілі мен қаласына өзгеріс енгізуге мүмкіндік беріледі. Тестілеу орны мен уақыты туралы ақпарат 18 шілдеде түсушінің жеке кабинетінде ұсынылады. Кешенді тестілеудің өзі 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады,- деді Қ.Қуатова.
Оның айтуынша, кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіліп, үш блоктан тұрады. Яғни шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Бұған жалпы алғанда 3 сағат 55 минут беріледі. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі бар оқуға түсушілер шет тілі бойынша тест тапсырудан босатылады.
Биылғы жылы ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, ал бейінді магистратураға 50 балды құрайды. Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда оқуға түсушілер тестілеу аяқталғаннан кейін бірден апелляцияға өтініш бере алады.