Жарнама
Білім

МҰЗДАҒАН ЖҮРЕКТІ МЕЙІРІМ ЕРІТЕДІ

Балалар үйі тәрбиеленушілерін демеп, қолдап, олардан шынайы көмегін аямайтын, қоғамның толық мүшесі болғанша аялайтын кең пейілді, үлкен жүректі ана, балалар үйінің директоры Сәния Мусиеваның бұл тапсырманы орындаудағы белсенділігі ерекше.

Балалар үйі жанынан «Қабылдаушы ата-аналар мектебі» ашылып, жұмыстар жүргізудің нәтижесінде екі жылдың ішінде 10 бала патронаттық тәрбиеге, 11 бала қамқоршылық пен қорғаншылыққа беріліп, өз ата-анасының тәрбиесіне 15 бала қайтарылды.

Жыл өткен сайын балалар үйінде тәрбиеленушілердің саны азайып келе жатқанын байқап жүрміз. Мысалы, 2011-2012 жылдары мұнда 130-150 бала тәрбиеленсе, қазіргі кезде олардың саны 47-ге дейін төмендеді, оның сегізі – тұл жетім, 39 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған.

Мемлекет тарапынан асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақы 24 балаға тағайындалған. Тәрбиеленушілер үй кезегіне қойылып, соңғы 2 жылда 150 түлек баспаналы болды.

2014 жылы «Гонс» жобасы бойынша балалардың болашақта оқу орнына түсіп, оқу ақысын төлеу үшін 90 балаға «Халық банкінен» есепшот ашылып, «Бөбек» қорынан қаржы аударылды.

Балалар үйі «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» кешенді бағдарламасының сегіз бағытымен жұмыс жасағандықтан, тәрбиеленушілердің бойындағы жан-жақты дарындылықты байқауға мүмкіндік туып отыр.

Бала жүрегіне жол тауып, олардың жүзіне күлкі сыйлауды мәртебелі іс санайтын Сәния Төлегенқызы бастаған ұжым әр тәрбиеленуші жүрегіне сенім ұялатып, үміт отын жағып, жан шуағын төгіп, мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Соның ішінде, балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыру – балалар үйі әкімшілігінің басты жұмыстарының бірі. Мәселен, өткен жылы үш тәрбиеленуші – Саламат Жұбанов, Сүлейман Фомин және Жеңісгүл Нысановаға Италияда демалуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде демалушы балалар Орал қаласына және ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы болған қасиетті Сарайшыққа саяхатқа барды. Ал, 46 бала Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» пансионатында демалды.

Балалардың болашақ тағдырына үнемі алаңдаушылық білдіріп отыратын басшы олардың қабілеттілігін анықтап, дұрыс жолға бағыттап, дамыта білуді мақсат тұтады. Тәрбиеленушілердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында балалар үйінде вокал, тәрбие үйінде хореография үйірмелері және футбол, баскетбол, волейбол секциялары жұмыс жасайды. Және бірнеше жылдан бері Құрманғазы Сағырбаев атындағы облыстық музыка мектебінің филиалы баян, қобыз, домбыра сыныптары бойынша қызмет етеді.

Өткен жылы 16 оқушы негізгі мектепті бітіріп, таңдаған мамандықтары бойынша Атырау қаласындағы кәсіптік колледждерге оқуға түсті. Ал, «Жанашыр» жобасы аясында «Атырау су арнасы» мекемесі тәрбиеленуші Айман Баяуованы, Атырау мұнай өңдеу зауыты Ерсұлтан Орбаевты қамқорлыққа алды.

«Ең бастысы балалардың періштедей жарқын жүзін көргенде болашағымыздың тірегі осылар екенін түсініп, іштей қуанамын», — дейді Сәния Төлегенқызы.

Ләтифа  ІЗМҰХАМБЕТОВА,

ардагер-ұстаз,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button