МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН ҚАЛАЙ КӨТЕРЕМІЗ?
Мұның себебі неде? Күнделікті өмірден нақты дерек бере отырып, себептерін анықталық:
Біріншіден, қазіргі студент-жастармен пікірлесе бастасақ, «ой, ағай, 25-30 мың теңгеге біреудің 25 баласымен алысқанша, өзіміздің әлеуметтік-материалдық жағдайымызды реттеп алмаймыз ба?» деген көзқарасын білдіреді;
Екіншіден, педагогикалық бағытта жоғары білім алатын студенттердің 90 пайыздан астамы ақылы оқу топтарында (оқу ақысын түгелдей ата-аналары төлейді) оқитындықтан, білім беру саласының басшылығы «сен мектепке барып, жұмыс істеуге тиістісің» деп міндеттеуге ешқандай құқығы жоқ;
Үшіншіден, әсіресе, соңғы 10-15 жыл шеңберінде мұғалім қоғамның «майлыққа да, сулыққа да» жүретін қолбаласына айналып, елімізде қоғамдық-саяси науқан, тазалық жұмыстары, халық санағы және басқа да осындай шаралар басталғанда, жоғары басшылықтың қысымынан өзінің кәсіби міндетін атқаруға уақыт таппайды;
Шындығына келгенде, мұғалім тек жас ұрпақ санасына оқу-тәрбие үрдісін қалыптастыруға тиісті тұлға болуы керек. Осындай себеп-салдарлар бүгінгі жастардың мұғалімдік мамандыққа қырын қарауына әкеліп соқтыруда. Бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Әрине, бар! Балтық жағалауындағы Латвия Республикасы – бүгінгі таңда әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. Осы ел 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, білім беру, денсаулық сақтау салаларын ғана мемлекет құзырында қалдырады да, өзге салалар бойынша жеке секторды дамытуға мүмкіндік береді. Біздің мемлекетіміз де саналы түрде білім беруді «болашаққа инвестиция құятын сала» деп есептеп, толықтай өз қамқорлығына алуға тиіс:
Біріншіден, педагогикалық бағытта орта арнаулы және жоғары білім алу тегін болуы керек;
Екіншіден, студент-жастарға қазіргі бағамды ескере отырып, кемінде 20 мың теңге көлемінде стипендия төленуі қажет;
Үшіншіден, мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 150-180 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Себебі, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше Ресей Федерациясында білім беру саласы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 30 мың рубльден 60 мың рубльге дейінгі аралықта көрінеді. Оқтау жұтқандай болып жүретін кейбір шенеуніктердің бір айлық жалақысы 365 мың долларға барып қалғанда, басқа мамандық өкілдері бұл жалақыға қызғаныш білдіре қоймас;
Төртіншіден, орта мектептерге қызметке барған (шалғай ауылдарға) жас мамандарды қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету алдыңғы кезекте шешілуі тиіс. Егер ол жергілікті тұрғынға үйленіп немесе тұрмысқа шығатын болса, қызметтік пәтердің өздерінің жеке меншігіне айналуына мүмкіндік туғызған дұрыс.
Осы ұсыныстар ертегідей болып көрінгенмен, біздің мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы білім беру саласын көтеруге толық жетеді. Осыдан кейін ғана, болашақ педагог-маман «Мұғалім – мәңгілік нұрдың қызметшісі» (Я.А.Коменский) дегенді мақтанышпен айтатын болады.
Елімізде 2007 жылы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы қабылданды. Осы Заңның 7-тарауы «Педагог қызметкердің мәртебесі» деп аталады. Қазіргі жағдайда Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше екендігімізді ескере отырып, әрі сан мыңдаған ұстаздар қауымы арасында қоғамдық пікір туғызар деген ниетпен төмендегі ұсыныстарымызды білдіргенді жөн көріп отырмыз:
1. Білім беру мекемелерінің басшылары ұжым келісімі негізінде сайланып қойылуы тиіс. Оқушыларды білім мекемелеріне қабылдаған кезде ата-ана мен мектеп арасында нақты келісім-шарт дайындалуы қажет.
2. Мұғалім материалдық-әлеуметтік жағынан ешкімге тәуелсіз, дербес саяси көзқарасы қалыптасқан жаңа формация тұлғасы болуға тиіс.
3. Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуде оларды мемлекеттік қызметкерлерге теңестіріп, мұғалімдерге мемлекеттік қызметкер мәртебесін беру қажет.
4. Білім беру қызметкерлеріне өсімсіз несиемен тұрғын үй беру немесе тегін коммуналдық пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек;
5. Селолық жерлерде еңбек ететін педагог-қызметкерлерге тегін коммуналдық қызмет көрсету және айлық ақылары мен тарифтік бағамдарына үстеме қаржы көзін қарастыру қажет;
6. Педагог-қызметкерлердің денсаулығын сақтау үшін жылына бір рет тегін жолдама арқылы тынығу орындары мен шипажайларға жіберіп тұру керек;
7. Азаматтардың шет мемлекеттерде педагогикалық білім алуын ұйымдастыруда селолық жерлерден талантты жастарды іріктеп, таңдап алу жүйесін енгізу қажет.
Мұғалім мәртебесіне орай қозғалған ой-пікірімізді жинақтасақ, өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мамандарға әлемдегі өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Алдымен жағдай туғызады, содан соң сапалы білім мен саналы тәрбиені талап етеді. Өкінішке орай, біздің елімізде мұғалімдерге талап қою мен міндеттер жүктеу тым ұшқары болып көрінеді.
Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті: 1) оқушыны оқуға; 2) оқушыны ойлануға; 3) болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екендігі айқын. Қазақстан Республикасының Үкіметі мұғалімдердің әлеуметтік-материалдық мәртебесін көтеруге шынайы қамқорлық көрсете отырып, жоғарыдағы міндеттерді орындауды әрбір мұғалімнен тегеурінді түрде талап етсе, еліміздің болашағына сеніммен қарауға толық негіз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Жалпы білім беру саласынан қаржы үнемдеу – болашақты ұрлаумен тең.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті педагогика кафедрасының доценті.