Атырауда «JASSPACE Project Challenge-2023» STEAM және робототехника – жобалар байқауы өтті

hhjjh Білім

Оқушылар мен студенттерден құралған 24 команда (47 үміткер) қатысқан байқау Абай атындағы оқушылар сарайының JasSpace кеңістігінде  өтті.

«Jasspace: Атырау қаласы жастарын дамыту бастамасы» аясында «КазРоботикс» Федерациясы «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия қорымен серіктестікте ұйымдастырған байқауда түрлі номинациялар бойынша 24 адам жүлделі орындарға ие болды.

Конкурс барысында қатысушылар нақты проблемаларды шешуге арналған түрлі STEAM жобаларын ұсынды. Ұсынылған жұмыстар қатарында 7-8 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алатын үй, үйді өрт, газ жарылысынан сақтандыратын қондырғы, табиғатқа тасталатын пластикалық пакеттерді азайтуға мүмкіндік беретін биопластик, қайта өңделген қағаз, тамақ қалдықтарын қайта өңдеп, биоотын жасау сынды түрлі қызықты жобалар болды.

Легина Софья – байқауда жүлдегер атанған оқушылардың бірі. JasSpace кеңістігі атынан команда құрған Легина Софья мен Раджит Параккал екеуі агроробот жасап шығарған. «Байқау өте қызықты болды, көптеген жаңашыл жобаларды көрдік. Біз агроробот жобасын ұсындық. Жоба егіншілік саласындағы ауыр жұмысты жеңілдетуді көздейді. Біз жасаған робот үлгісі жерді тыңайту, тұқым себу, суару жұмыстарын өзі атқара алады» дейді Атырау қаласындағы № 17 мектептің 9 сынып оқушысы Легина Софья.

Төрешілер қатарында болған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің докторанты,  STEAM негіздерін зерттеуші Марта Мыңбаеваның айтуынша, конкурс жоғары деңгейде өткен. «Әділқазы ретінде үлкен тәжірибе жинақтадым. Байқаудан алған әсерім ерекше. Қатысушылар ұсынған конструкторлық, инженерлік жобалардың қай-қайсы да қазақстандықтардың өмірін жақсартуға арналған»деді Марта Мыңбаева.

Орталық Азияның Еуразия Қорының JasSpace бағдарламасының жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова жарысқа дайындық барысында қатысушылар техникалық дағдылармен қатар, командада жұмыс істеуді үйренген. «Жарыс кезінде балалар стресске төзімділік дағдыларын игерді, сыни және креативті ойлауды, белгісіздік жағдайында тез шешім қабылдауды үйренді. Сонымен қатар, келіссөздер жүргізуді, нәтиже үшін бөлінген жауапкершілікті үйренді. Бұл барлық адамдарға қажет қасиеттер» дейді  Салтанат Ноғайбаланова.

Еске сала кетсек, байқау концепт және прототип номинациялары бойынша өтті. 10-21 жас аралығындағы үміткерлер қатысқан конкурс жеңімпаздары енді «KazRoboProject-2023» байқауының республикалық кезеңіне қатысады.

JasSpace Project Challenge жүлдегерлері арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды, сондай-ақ,»RadioMart» радиотехника дүкенінің  сертификаттары берілді.

Атырау қаласы мектептері мен аудандарының, қосымша білім беру орталықтарының,  JasSpace кеңістігінің, Жылыой ауданының Құлсары қаласынан, Қызылқоға ауданынан, Сағыз кентінен командалар қатысқан байқау  нәтижесі төмендедігей:

Прототип (16-21 жас)

1 орын – «Газ және өрттен қорғау жүйесі» жобасы, Қыдырбай Қазыбек, Сәкішев Парасат, ІТ мектеп-лицейі

2 орын – «Бионикалық протез» жобасы, Жолшыбеков Расул, Нуфтолла Сұлтан, НЗМ

3 орын – «Agricultural Robot» жобасы, Легина Софья, Параккал Раджит, JasSpace

Прототип (10-15 жас)

1 орын – «Эко Болашақ» жобасы, Бегалиева Дарья, JasSpace

2 орын – «Color detect» жобасы, Алдан Әнуар, Ғалымбеков Нұртай, Teren Oi

2 орын – «Қағазды қайта өңдеу» жобасы, Бақтыгереева Аида, Жағыпар Арыстан, Ізғали Асылым, JasSpace

3 орын – «Jas Bilim» жобасы, Найпов Әлімжан, Әділхан Шыңғыс, Білім – инновация лицейі

Алғыс хат – «Қалдықтарды сұрыптау және престеу» жобасы, Қалымжан Нұрсұлтан, Гильманова Әмір, Teren Oi

Концепт (16-21 жас)

1, 2 орын – жоқ

3 орын – «Қалалық саябақ» жобасы, Абдулгазиева Аружан, Тастанбек Жұмағұл, JasSpace

Концепт (10-15 жас) 

1 орын – «Boget» жобасы, Атабек Мұсанәліұлы, Шоқан Әлихан, Жас техниктер станциясы, Құлсары қ., Жылыой ауданы 

1 орын – «Тамақ қалдықтарын  қайта өңдеу. Биоотын», Абдулов Альмир, Кенжебай Әділбек, НЗМ

2 орын- «Ақжелке – дәрілік өсімдік» жобасы, Жұмахмет Мұхамедали, Шәкен Қуаныш, № 19 ЖОББМ, Құлсары қ., Жылыой ауданы

3 орын – «Автокран-Экскаватор» жобасы, Берік Иманғали, Кисяр Рамазан, Айпқалиев Құрмет, JasSpace 

Алғыс хат – «Ауылды күн энергиясымен қамтамасыз ету» жобасы, Рахымжан Ақгүл, Ермекбай Аружан, 9 орта мектеп, Сағыз ауылы, Қызылқоға ауданы

Алғыс хат – «Earthquake alarm» жобасы, Әйіпқалиева Қансұлу, Бекболат Айназ, JasSpace

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз