Атырау Бизнес және құқық колледжінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы талқыланды. Жолдаудың басым бағыты халқымыздың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, соған қатысты түйткілді мәселелерді неғұрлым тез де сапалы шешуге бағытталған.
Талқылау барысында Жолдаудың басым бағыттары туралы әңгіме қозғалды. Колледж басшысы Нұрлы Әйтиева мен оқытушылар осы бағытта өз ойларымен бөлісті. Шынымен де, Елбасының Жолдауы ел арасында тың серпін тудырып, барша қазақстандықтың қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басуының айқын дәлелі болуда.
Рас, білімді ұрпақ – ел болашағы. Бұл туралы кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықов баса әңгімеледі. Сонымен қатар, олар білім беру, педагог мәртебесі мәселесіне кеңірек тоқталды.
Қазіргі кезде мұғалім жүктемесі мен міндеттерінің өте көп екені жиі айтылады. Елбасы бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, өз Жолдауында мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдауға ерекше басымдық бергені қуантып отыр.
Ақмарал ҚАЗИЕВА,
Бизнес және құқық колледжінің оқытушысы.