Жарнама
Білім

Күншығыс елінің құпиясы: Ғылым мен білім

Қит етсе, «жапондарда былай екен» немесе «Жапонияда бүйтетін көрінеді» деп өзге елдің табысты тәжірибелеріне қызығып жатамыз. Расында, жапондар – әлемдегі ең еңбекқор ұлттардың бірі.  Ғылымға ерекше маңыз беріп, ғаламдағы небір тамаша жаңалықтарды, жаңа технологияларды ойлап тауып, өндіріске қосып жатқандарын да жиі естиміз. Ал, ұрпағын балабақшадан еңбекке баулиды. Сырт көзбен қарағанда білім жүйесі капиталистік елдердегідей болғанымен, мәні мен мазмұнында ерекшелік басым екені байқалады. Сапалы, саналы ұрпақ өсіру үшін әлемде білім саласы озық деп танылған елдерден тәжірибе алмасу да маңызды емес пе?!

Ал, дүние жүзі бойынша дамыған бай мемлекеттер сегіздігіне еніп отырған Жапония бұл деңгейге әлбетте білімі мен ғылымын дамытудың арқасында қол жеткізгені анық. Осы орайда, күншығыс елінде болып, ондағы білім беру саласындағы жетістіктерімен танысып қайтқан Әл-Фараби атындағы Binom School мектебінің директоры Өнербек Ерғалиевпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Жапонияда болып, ондағы білім беру саласындағы жетістіктерімен танысып қайттыңыз. Мектептегі білім беру ісімен де таныстыңыз. Айтыңызшы, жапондықтар шынында да бала тәрбиесіне ерекше мән бере ме екен?

– Иә, бала тәрбиесіне қойылатын акцентті байқадым. Жапонияға келген күні бағдарламаға сәйкес «Мирайкан» деп аталатын «болашақ мұражайына» бардық. Демалыс күні болған соң ба, баласын жетектеген әкелерді көптеп кездестірдік. Назар аударатын нәрсе, басым көпшілігі – әкелер.

Консервативті жапон қоғамында әке рөлі ерекше. Оларда да – жұмысбастылық, регламенттелген өмір. Демалыстағы уақытын балаларына арнап «назар жетіспеушілікті» компенсациялайды. Отбасы институты жоғары мәнге ие. Жапондықтарда «баланы дамыта отырып, Жапонияны дамытамыз» деген қағида бар екен. Баланың комфортты, қауіпсіз жағдайда өсуі, білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Жоғарыда айтқан мұражай ішінен бір-ақ мысал келтірейін.

Адам денесінің муляжы жатыр. Қасында дәрігер киімін киген егде жастағы жапондық тұр. Айналдыра қоршаған балақайлар шулап сол муляжды «шашып, жинап» жүр. Адамның іш құрылысы, олардың функциясы туралы дәріс өтіп жатыр. Одан өте бергенде, кәдімгі хирургиялық бөлме. «Пациент», түрлі медициналық жабдықтар. Операция кезінде қолданылатын роботтандырылған скальпель. «Пациенттің миына ота жасалуда. Үлкен экранға миға жіберілген камера скальпельдің жұмысын көрсетіп тұр. Бәрі жақсы, тек хирург рөлінде балалар. Нұсқауларды тыңдап, қолындағы скальпельдің джойстигімен шебер жұмыс жасауда. Шын таңғалдық!

Айта берсек, басқа да қызықтар көп болды. Біздің ұғымдағы мұражай емес, қысқасы. Жол сілтеуші гид бұл елде әке культі қатты дамығандығын, әке өз баласы үшін рөлдік модель екенін жеткізді.  

–  Мектептеріндегі оқыту жүйесінің ерекшелігі, құрылымы қалай екен?

– Мектеп құрылымына келетін болсақ, біздегідей 3 сатылы білім ұясы. Яғни, бастауыш мектебі, орта буын мектебі және жоғары мектеп. Айырмашылығы, бастауыш сыныптар – 1-6 сыныптар аралығы, орта буын – 7-9 сыныптар және жоғары мектеп – 10-12 сыныптар. Одан бөлек, оқу жылының ұзақтығында елеулі ерекшелік бар. Бір сөзбен олар бізден «көп оқиды».

Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс ата-ана тарапынан мектеп ережелерін қабылдаумен ғана аяқталады десем болады. Ар жағында ата-ана мектепке келмейді, мектеп өміріне араласпайды екен. Оқу үлгерімі тест арқылы ғана анықталады. Бастауыш мектебінде бағалау жүрмейді. Мектептер құрылысында функционалдылық, прагматикалық және балалар қауіпсіздігіне өте үлкен мән беріледі. Әрбір кабинетте міндетті түрде екі есік қойылған және сыныптан ортақ балкон арқылы ішкі аулаға шығуға да мүмкіндік бар. Сейсмикалық қауіпті аймақ үшін бұл аса маңызды. Мектептерде мейлінше «табалдырықсыз» аймақтар жасалған. Бұл бір жағынан инклюзивті білім беру үшін жасалған болса, бір жағынан табалдырықтың өзі балалар үшін шектеу, шекара болмасын деген мағынада жасалған. Яғни, олар балаларды шектемей тәрбиелеуді қалайды.

f0dfa7bf 0aa8 4bc4 9971 27ca8d90c9ec

–  Ұлттық құндылықтарға мектеп қабырғасында үйретеді, бойына сіңіреді дегенді жиі естиміз.

–  Иә, бастауыш мектептерде негізгі акцент жапон тілі мен жапон мәдениетіне беріледі. Музыка сабақтарында балалар жапондық дәстүрлі аспаптарда ойнап үйренеді. Еңбек сабақтарына (қолмен жасауға «хэнд мэйдке») көп мән берілетінін байқадым. Оқушыларға, әсіресе, жапон дәстүрін оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуды бастауыш сыныпта-ақ меңгерген оқушылар, әсіресе, адам еңбегін қадірлеуге бейім екені ерекше байқалады.

–  Мектеп мұғалімдерінің дені ер азаматтар екенін де білеміз. Бұл жағдайдың бала тәрбиесіне әсері бар ма?

–  Иә, біз барған 5 мектептің де директоры ер адамдар болды. Ұстаздардың дені де ер адамдар. Бұл жерде менің жеке пікірім, «ер ұстаздардың бала тәрбиесіне әсері зор» деп есептеймін.

– Көп нәрсені көзбен көріп, көкейге түйіп қайттыңыз. Бір сөзбен айтқанда, Жапонияның білім беру жүйесінен біздің елдің алары не? Күншығыс елінен Биномның тәжірибесін байытатын не алып келдіңіз?

– Егер қысқа қайыратын болсақ, BINOM мектептері және еліміздің басқа да алдыңғы қатарлы мектептері жапондық мектептерден еш қалыспайды. Кейбір тұстарда біздің мектептер озық деуге де болады. «Түртіп алған» тұстарға келсек, мектептің ішкі эргономикасындағы үйлесімдер, қарапайым мысал безендіруді де алсақ болады. Одан бөлек, «тәрбие процесіндегі өзара қамқорлық, біреудің еңбегін сыйлау» деген тұстарын да айта кету керек.

–  Сіз барған елде мұғалімнің білім деңгейінің жоғары, мәртебесінің биік болуына қандай факторлар әсер ететінін байқадыңыз? Мектеп ұстаздарын қалай дайындайды екен?

– Өкінішке қарай, педагогикалық жоғары оқу орындарында болып, педмамандардың дайындығын көре алмадық. Алайда, Күншығыс еліндегі кәсібилілік (профессионализм) – ерекше айтар тұс. Мұғалімді қоя тұра, қарапайым жол қозғалысын реттеушіге (регулировщик) дейін өз кәсібін сүйеді. Мамандығының қоғам үшін маңыздылығын түсінеді және өз жұмысын тиянақты орындауға барын салады. Бұл жапондар үшін аксиома десе де болады.

Болашақ кәсіптерін таңдарда оларды бірінші мазалайтын меркантильді көзқарас емес. Яғни кәсіпті табысына қарай емес, көңілге жағуына және қолынан келуіне қарай таңдайды. Сәйкесінше, бұл елдің педагогтары – алдарындағы балалардың әлемдегі ең озық білім алуына құзыреттері толық жететін өз істерінің хас шеберлері.

–  Оларға теңелу үшін бізге не жетіспейді?

– Ең бірінші және негізгі аспект, бұл – академиялық адалдық. Жапондық үшін кез келген мәселеде «айналма жолдар» жоқ. Бұл оның санасына кірмейді де. Кезекте тұру, өзгені құрметтеу – олар үшін күнделікті «қу тірлік». Бір ғана мысал айтайын. Біржолақты көшеден такси тоқтаттық. Егде жастағы таксиші ағылшын тілін білмейді екен. Біздің қасымызда сол сәтте аудармашы болмады. 20 минуттай өзара түсініскенше тұрып қалдық. Түсініскен соң әріптестеріме қарап «ал кеттік, отырыңдар» деп жатып арт жаққа қарасам, біздің көліктің артында 30-40 көліктен тұратын «шағын» кептеліс орын алғанын көрдім. Бірде бір көлік бізді асықтырған жоқ. Біздің жүруімізді үнсіз күтіп отырды. Ал, бұл картинаның бізде қалай боларын мен көзге елестете алмаймын.  

–  Жапондардың менталитеті қазақтарға ұқсас деп жатады. Шын мәнінде қалай?

– Ұқсастығы – қонақжайлылығы. Қонақ күтуімізде ұқсастықтар өте көп екен. Бағдарламамыз бойынша ең бірінші мектебімізге барып, аралап кері автобусымызға қарай шықтық. Әдеттегідей жан-жағымызға тамсана фото-видеомызға түсіріп автобусымызға отыруға асыға қоймадық. Гидымыз біздің назарымызды 35 градус ыстықта костюм шалбары мен галстугін тағып, «қара терге» малынғанын барынша көрсетпей, қайта-қайта жерге дейін иіліп, қол бұғап тұрған мектеп директоры және оның орынбасарларына аударды. «Бұл кісілер Сіздер көзден таса болғанша осылай тұрады. Бұл – қалыптасқан мәдениет. Бұл – жазылмаған хаттама ережесі. Сондықтан біз де тезірек кетуіміз қажет» деп ескертті.

Бұл – өзара сыйластық. Қысқаша түйін, Жапонияны сипаттайтын сөздер: қарапайымдылық, кәсібилілік, өзара қамқорлық және өзара құрмет! Бізде де бұл қасиеттер бар деп есептеймін.

– Қазіргі қарбалас сәтте сұхбат беруге келісіп, уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Рита ӨТЕУҒАЛИ

Сіз не дейсіз?

Жанұзақ ӘКІМ, ғалым, қоғам қайраткері:

Елді алға жетелеуші негізгі күш – ғылым мен білім. Білім жүйесі жоғары деңгейде дамыған ел Жапония екені баршаға мәлім. Әрі бұл халық бізге менталитеті жақын, Алтайдан тараған ағайындар болып келеді. Жапондар бес жасқа дейін балабақшада еркін ойнату арқылы баланың жан-жақты ой-өрісін қалыптастырады. Адам интеллектісінің 40-42 пайызы 5 жасқа дейін, 70-73 пайызы 7 жасқа дейін, 90-95 пайызы 15 жасқа дейін қалыптасады екен.

Міне, жапон халқы баланы бес жаста, яғни интеллектісі қырық пайызға дейін дамып болған соң даярлық сыныбына беріп, аптасына 51 сағаттық системамен он екі жыл оқытады. Ал, бізде алты жаста даярлық сыныбына қабылдап, жеті жаста, ақыл-ойы жетпіс пайызға дамып қоятын кезеңде бірінші сыныпқа қадам бастырады. Аптасына қырық бір сағаттық жүктемемен он бір сынып оқиды қазақ балалары. Осы негізге сүйенсек, он сегіз жасқа келіп мектеп бітіргенде жапон балалары қазақ балаларынан 6000-6400 сағат артық оқитын болып шығады. Жапондықтар мектептен соң бакалавриатты төрт жыл оқиды, осы кезде қазақ түлектері манағы жапондар он сегіз жасқа дейін игерген білімге мектеп тәмамдағаннан кейінгі төрт жылдан соң барып жете алады.

Көрдіңіз бе, өмірден қалу деген осылай басталады.

Университет бітіргеннен кейін басқа мәселелердің шеті шығады. Жұмыс істеу, отбасын құру… Магистратура, докторантура оқу қажет… Жапондықтар бұл сатыларды да жиырма бес жасқа дейін үлгеріп оқып алса, қазақ азаматтары әупірімдеп жүріп отыз жаста да оқуды кеш көрмейді. Уақыт ескерілмейді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button