Көкейдегі көп сауал қоғамдық кеңестен жауабын тапты
«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ТАЛАП-ТІЛЕГІНЕ ДЕР КЕЗІНДЕ НАЗАР АУДАРЫП, ОҢ ШЕШІЛУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТУ. БҰЛ БАҒЫТТА АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ АТҚАРЫП ОТЫРҒАН ЖҰМЫСЫ ҰШАН-ТЕҢІЗ. ТАЯУДА ӨТКЕН КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІНДЕ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ОРТА БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ САПАСЫН АРТТЫРУ МЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ТӨМЕНДЕТУ ШАРАЛАРЫ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ. ОНДА АТАЛҒАН САЛАҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮСКЕН СҰРАҚТАРҒА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ. КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ЖҰМЫСЫНДАҒЫ БҰҚАРАМЕН БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАНЫН ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, ТҰРҒЫНДАР САУАЛДАРЫНА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ГҮЛНАР СӘДУАҚАСОВАНЫҢ ЖАУАБЫН ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК.
СҰРАҚ: Қ.Сәтбаев атындағы №19 орта мектептің асханасындағы тамақтың бағасы неге қымбат?
ЖАУАП: Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің 2022 жылдың 4 қазанындағы хаты негізінде, Атырау облысы білім беру басқармасы мектеп оқушыларының тамақтануы бойынша заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, жергілікті жерде тамақтануды ұйымдастырушы жеке кәсіпкерлерге мектептегі оқушылардың тамақтануының, оның ішінде, ақылы тамақтардың (бәліш, бөлке, тоқаш, су, сусындар) сату бағасын қала мен ауданда бірдей сомада көрсетуін ескертіп хат жолдаған еді. Қазір сатып алынатын тағамдардың бағасы мектептерде тұрақты. Облыс бойынша 2022-2023 оқу жылында ыстық тамақпен I-IV сыныптарда 59689 оқушы, V-XI сынып аралығында оқитын 9645 әлеуметтік аз қамтылған (аз қамтылған, көп балалы, жетім және жартылай жетім) оқушы қамтылған. Тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды брокераж комиссиясы жүргізеді.
Мекеме басшысының бұйрығымен құрылған комиссияның құрамында әкімшілік және медицина қызметкері, өндіріс меңгерушісі, атааналар комитетінің өкілі бар. Білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында өткізілген шаралар интернет ресурстарға үнемі «Мектеп тамағы» айдарымен жарияланады. Мектеп асханаларының санитарлық-гигиеналық жағдайы, балаларға берілетін тағам сертификаттарының сәйкестігі, тағамды әзірлеу сапасы үнемі мектеп әкімшілігінің назарында. Ата-аналар комитеті, мектептің қамқоршылық кеңестері тоқсанына бір рет өздері қоғамдық зерделеу өткізуге құқылы. Қызмет көрсету, яғни жалға алушылар қамқоршылық кеңестің, қажет болса ата-аналар комитетінің алдында есеп береді.
СҰРАҚ: Тасқала мектебіндегі автобусқа балалар сыймайды. Қосымша автобус қажет.
ЖАУАП: Жалпы білім беретін Т. Амандосов атындағы орта мектебінде тасымалмен қамтылуы тиіс 626 оқушыға мектеп балансындағы автобус қызмет көрсетеді. 33 орындық автобус кезекші мұғалімдердің қатысуымен балалар үшін тәулігіне 27 рейс жасайды. Биыл автобустың ескіріп, істен шығуына байланысты тағы бір қоғамдық көлікке сұраныс берілген. Жалпы, қыркүйекте жаңа 23 автобус алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Қажетті 1 миллиард 400 мың теңге бөлінген. Лизинг бойынша сатып алу процесі жүргізіліп, жыл аяғына дейін келісімшартқа отырып, 2023 жылдың басында алу жоспарланған.
СҰРАҚ: Облыс мектептеріндегі кадр тапшылығын шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
ЖАУАП: Облыс бойынша 200 мектепте 12422 мұғалім жұмыс істейді. Бүгінде облыста 208 педагог тапшы. 2022-2023 оқу жылында Атырау қаласында 101, Жылыой ауданында 29, Индерде 19, Исатайда 3, Қызылқоғада 5, Құрманғазыда 8, Мақатта 12, Махамбетте 3, облыстық мектептерге 28 педагог жұмысқа қабылданды. Келешекте арнаулы бағдарлама арқылы конкурспен Оқу-ағарту министрлігі жолдаған, облыс әкімінің гранты және мемлекеттік грантпен бітіретін педагог-мамандар арқылы кадр тапшылығы шешіледі.
СҰРАҚ: Жекеменшік оқу орындарында жас мамандарға үстемеақы төлене ме?
ЖАУАП: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына сәйкес еңбек жағдайлары үшін берілетін қосымша ақы – мемлекеттік білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне ғана төленеді. Ал, жекеменшік білім беру мекемелері құрылтайшының шешімі бойынша ғана үстемеақы төлеу туралы шешім қабылдай алады.
СҰРАҚ: Атырау облысы білім беру басқармасының сервис колледжі «Туризм» мамандығы бойынша маман дайындай ма?
ЖАУАП: Атырау облысында 2017- 2018 оқу жылынан бастап, «Туризм жөніндегі нұсқаушы» біліктілігі бойынша Атырау сервис колледжінде мамандар дайындайды. Студенттерге білім алу үшін барлық материалдықтехникалық база жасақталған. Колледж студенттерін практикадан өткізу, жұмысқа орналастыру мақсатында «Барыс» балалар мен жасөспірімдер орталығы, туристік фирмалармен келісім-шарт жасақталған. Осы мамандықты 2019-2020 оқу жылында 25 түлек, 2021-2022 жылы 26 түлек бітірді. Олардың 20-сы жұмыспен қамтылған, 3-уі жоғары оқу орнына түсті, 3-еуі декреттік демалыста. Қазір колледжде «Туризм» мамандығымен оқып жатқан студент жоқ. 2023-2024 оқу жылына «Туризм жөніндегі нұсқаушы» біліктілігі бойынша студенттер қабылдау жоспарланған.
СҰРАҚ: Жасөспірімдермен психолог мамандар жұмыс жасай ма?
ЖАУАП: Облыстағы барлық білім беру мекемелерінде әлеуметтік психологиялық қызмет жұмыс жасайды. Білім беру басқармасы тарапынан мекемелердегі педагогпсихолог және әлеуметтік педагогтың сапалық құрамын анықтау, олардың кәсіби деңгейін арттыру, штат санын нығайту бағытындағы жұмыс үнемі жүргізіліп келеді. Облыс мектептері 287 педагог-психологпен қамтылған, оның 120-сы Атырау қаласында. Барлығы да жоғары білімді, тиісті курстардан өткен.
Білім беру мекемелеріндегі кәмелетке толмаған жасөспірімдер ерекше назарға алынып, өмірге көзқарасын дұрыс бағытқа бұру мақсатында жыл бойына жан жақты психо коррекциялық , профилактикалық шаралар жүргізіліп келеді.
СҰРАҚ: Мектеп пен балабақша салудың заңдылығы қандай? Әлде кез-келген ауданға сала бере ме?
ЖАУАП: Жаңа мектеп және балабақша құрылысын салуда үш ауысымда және апаттық мектептерде оқитын жүктемені азайту, халық саны артқан елді мекендерде немесе тұрғын үйлер қарқынды салынып жатқан шағынаудандардағы қажеттілік есепке алынады.
СҰРАҚ: Қалада қай аудандарда жаңа мектептер немесе жапсаржайлар салынып жатыр?
ЖАУАП: Қала бойынша Чехов атындағы №14, Абай атындағы №15, А.Байтұрсынов атындағы №23, №28 орта мектеп, Ф.Оңғарсынова атындағы, Т.Амандосов, М.Жұмабаев атындағы №1 және Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептердің асханаларына жапсаржай құрылысы 2015 жылы басталып, жұмыстары аяқталмай тұрып қалды. Мердігер жосықсыз деп танылып, қайтадан техникалық сараптама жасалуда. Жұмыскердегі апатты деп танылған Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепке жаңа ғимарат салынды.
М.Жұмабаев атындағы №1 орта мектеп ғимараты да апатты деп танылып, жаңа ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Қалған 6 мектептің төртеуінің (№15, №14, №28, Т.Амандосов) асханасының жапсаржай құрылысына облыстық құрылыс басқармасы техникалық зерделеу жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Өзге де жұмыстары (мердігер «Строй Центр Turkistan» ЖШС) комиссияға дайындалып жатыр. А.Байтұрсынов атындағы №23 және Ф.Оңғарсынова атындағы мектептер асханаларының жапсаржай құрылысының құжаттарына Атырау қалалық құрылыс бөлімі арқылы түзету жүргізіліп, облыстық Құрылыс басқармасына жолданады.
СҰРАҚ: Кеңес дәуіріндегі білім беру жүйесі әлдеқайда тиімді көрінеді. Оны қайтаруға болмай ма? Қазір мектепке оқушылар сыймай жатыр. Ал, ғимараттағы бос аумақты тиімді пайдаланудың тетігі жоқ па?
ЖАУАП: Қазіргі білім беру жүйесі – жылдар бойы халықаралық зерттеулер нәтижесінде сарапталып, зерделеніп енгізілген сенімді жүйе. Ал, кездесіп жатқан кемшіліктер – педагогтар мен мектепті басқару тарапынан болып жатқан мәселелер. Сондықтан, қазір облыстық әдістемелік орталығы арқылы көптеген шаралар қолға алынып, іске асырылуда. Облыста 4 апатты және үш ауысыммен оқитын 11 мектеп бар. Әсіресе, Атырау қаласындағы демографиялық өсімге байланысты оқушы саны артты, яғни, ол мектеп ғимаратының қуаттылығына сәйкес емес. Осыған орай алдағы уақытта облыстық білім беру басқармасы тарапынан мынадай мәселелерге назар аударылады. Атап айтқанда, биыл 1200 орындық үш мектептің ғимараты («Балауса» шағынауданындағы 600 орындық, Атырау қаласы Жаңаталап ауылында 300 орындық, Құлсары қаласында 300 орындық Абай атындағы №5 орта мектептер) пайдалануға беріледі. 2023 жылы 6170 орындық 6 мектеп ғимараты, 1 жапсаржай (300 орындық М.Жұмабаев атындағы №1, Ақжар-2 ауылында 600 орындық, Есбол ауылындағы 320 орындық, Махамбет ауылындағы 300 орындық интернаты бар 600 орындық, Тұщықұдық ауылындағы 350 орындық жапсаржай, «Нұрсая», «Сарыарқа» шағынаудандарындағы 2000 орындық 2 орта мектеп (екеуі де мемлекеттікжекеменшік әріптестік арқылы)) құрылыстары аяқталады. 2024 жылы 3900 орындық 7 мектеп (Дамбы ауылындағы 300 орындық, «Еркінқала-2», «Тасқала-2», «Бірлік-2», «Көктем-2» шағынауданындағы 600 орындық орта мектептер, Индербор кентіндегі 200 орындық интернаты бар 300 орындық орта мектеп (соңғы бесеуі 2022 ж. басталды), «Талғайраң» шағынауданындағы 900 орындық мектеп) құрылысы тапсырылады.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 12 мектеп құрылысы жоспарланды. Олар: 2024 жылы барлығы 7800 орындық 9 мектеп, «Ақсай-2», «Жұлдыз» және «Жұлдыз-2» шағынаудандарында 900 орындық 3, Сарыөзек ауылында 300 орындық, Береке, Водников ауылдарында және «Атырау» шағынауданында 1200 орындық, Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылынан 600 орындық, Ақкөл селосынан 600 орындық, 2025 жылы – 4600 орындық 3 мектеп ғимараты пайдалануға тапсырылады. 2025 жылы «Лесхоз», Драма театры шағынаудандарынан 2000 орындық, Сағыз селосынан 600 орындық мектептер салынады.
CҰРАҚ: Қала мектептерінде неге интернет желісі әлсіз?
ЖАУАП: 4 мбит/сек және одан жоғары жылдамдықтағы интернетпен облыстағы 198 мектеп қамтылған. Тек УГ-157-9 және УГ-157-11 еңбекпен түзеу мекемелері маңындағы 2 мектепте ғана интернет жоқ. Ауылдық жердегі 127 мектептің ішінде Қызылқоға ауданындағы Жамансор, Т.Жанұзақов атындағы орта, Құрманғазы ауданында Б.Момышұлы атындағы, Құрманғазы атындағы, Азғыр негізгі орта, Батырбек, Қоңыртерек негізгі бастауыш, Махамбет ауданында О.Шонаев атындағы орта мектептерінде интернет желісі 4 Мбит/секундтан төмен. 8 мектеп 4Мбит/сек, 118 мектеп 8 Мбит/сек және 10 Мбит/сек жоғары жылдамдықпен қамтылған. Ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үлесі – 93,7 пайыз. Қазір интернетпен облыс бойынша орта білім беру мекемелерінің 95,9 пайызы қамтамасыз етілген.
Дайындаған: Ербол ҚОШАҚАНОВ