КЕШЕНДІ ТЕСТІЛЕУ: ҮЛКЕН ӨМІРГЕ БАСТАҒАН ЖОЛ
Биылғы тест қорытындысы бойынша 1361 талапкер 50 балдан төмен деңгейде көрсеткіш көрсетті. Ал, 50 мен 99 аралығында балл жинағандар саны – 1271. Ең жоғары 99 балл жинаған талапкер бейіндік пәні биология бойынша Ақтөбедегі медициналық академияға оқуға түсуге құжаттарын жинақтамақшы.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Ақмарал Мұханбетжанованың айтуынша, тестілеуден кейін апелляцияға өтініш берген 27 талапкердің өтініштері қанағаттандырылмады. Олардың көпшілігі 49 балл жинағандар болды. Тестілеудегі негізгі төрт пәннің ішінен математика пәні бойынша нәтиже төмен болды. Яғни, орташа көрсеткіш – 10,5 пайызды құрап отыр. Ендігі кезекте ҰБТ және КТ нәтижесі бойынша 50-ден жоғары балл жинағандар 23-31 шілде аралығында мемлекеттік грантқа құжаттар тапсыруда.
Қ.Дүтбаева атындағы колледж түлектері Ерғанат Дүйсешев пен Сұлтанбек Ерғалиев бізбен әңгімесінде «кешенді тестілеудегі ең басты артықшылық — колледж түлектерінің республикалық білім гранттарына қатыса алуы» деп отыр. Олар да мемлекеттік білім грантына құжаттарын тапсырып көрмек.
Әлемнің дамыған елдерінде колледждердің саны біздің еліміздегідей аса көп емес. Бұған қоса шетел жастары бірнеше кезеңнен тұратын үлкен сынақтан өтіп, үздіксіз еңбектенудің нәтижесінде ғана колледжге оқуға қабылданады. Оның өзінде де тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпары ғана. Демек, колледж түлектерін жоғары оқу орындарына қабылдау талабын жетілдіру арқылы еліміздегі арнаулы оқу орындарының беделі артып, сол арқылы кәсіптік және техникалық білім берудің дамуына үлкен септігі де тимек.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.