Жарнама
Білім

«Келешек мектебі» барлық қажеттілікті қамтиды

«Келешек мектебі» ұлттық жобасы – тек инфрақұрылымдық жаңғыру емес, бұл – оқушы мен мұғалімнің психологиялық әрі әлеуметтік әл-ауқатына тікелей ықпал ететін ірі қадам. Жаңа мектептер – жай ғана ғимарат емес, ол – баланың тұлға ретінде дамуына, өзін қауіпсіз әрі маңызды сезінуіне мүмкіндік беретін орта. Бұл тұрғыдан алғанда, жоба қазіргі заманғы білім беру философиясына сай келеді.

e043e468 e422 440c ada6 22f937be850e

Жайлы мектептер жобасында бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың қарастырылуы – өте дұрыс шешім. Өйткені, оқушылардың жас ерекшелігіне қарай әлеуметтік, психологиялық қажеттіліктері де әртүрлі. Бастауыш сынып оқушылары үшін эмоционалды тұрақтылық пен бейімделу кезеңі маңызды болса, жоғары сынып оқушылары үшін жеке кеңістік пен дербестік қажет. Бұл жайттар ескерілсе, оқушылар өзін жайлы сезінеді, мектеп ортасына сеніммен қарайды.
Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған бейімделген ортаның болуы – біздің қоғамдағы инклюзивті ойлаудың дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай балалардың басқа оқушылармен тең дәрежеде білім алуына жағдай жасалғаны – адамгершілік және педагогикалық тұрғыдан аса маңызды. Бұл – олардың әлеуметтенуіне, өз қабілеттерін еркін көрсетуіне үлкен жол ашады.
Жайлы мектептерде психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог сияқты мамандарға арнайы кабинеттердің қарастырылуы да – үлкен жетістік. Қазір балалардың эмоционалдық жағдайы, күйзеліске бейімділігі, әлеуметтік бейімделуі – ата-аналар мен педагогтер үшін өзекті мәселелердің бірі. Осындай арнайы мамандардың қолжетімді болуы – балалардың қиындықтарын ерте кезеңде анықтап, оларға уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі үшін жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау жүйесінің орнатылуы ата-аналардың алаңсыз болуына, балалардың мектепке сеніммен келуіне себеп болады. Бұл да психологиялық тыныштықты қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі.
Жалпы алғанда, мектеп оқушы үшін екінші үй болса, ол жерде өзін жайлы сезінуі – басты шарт. Міне, «Келешек мектебі» ұлттық жобасы осы қажеттіліктерді толығымен қамтиды. Мұндай мектептерде оқушының өз әлеуетін толық ашуына, білімге деген қызығушылығын арттыруына, өмірлік дағдыларды меңгеруіне үлкен мүмкіндік беріледі.
Осындай талаптарға сай білім ордаларының Атырау өңірінде бой көтеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Амангүл БАЙМҰХАНОВА,

Атырау қаласындағы №50 жалпы білім беретін орта мектеп директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button