![Ізденбеген мұғалім өше бастайды 1 img 7734](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/img_7734-780x470.webp)
Ізденбеген мұғалім өше бастайды
Елімізде балабақшалардан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен реформалар жүргізілуде. Шетелдің озық үлгілерін қабылдау, педагогтер мен ғалымдарды шетелдерден тағылымдамадан өткізу сынды көптеген жұмыстар да атқарылып жатыр. Осы тұста мемлекеттің білім саласына деген айрықша қамқорлығын ерекше атап өткен жөн. Облыс әкімі мен облыстық білім беру басқармасының қолдауымен өңірде білім сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар қолға алынды. Солардың бірі – «Атырау жаңа мектебі» жобасы.
– Теңдессіз жоба заманауи білім беру жүйесін басқарудың тиімді менеджмент құралдары мен әдістерін үйретуге бағытталған. Бағдарлама жетекші отандық және шетелдік сараптама орталықтарымен тығыз ынтымақтастықта әзірленіп, үздік шетелдік мектептермен мобильді тәжірибе алмасуды қамтиды. Бұл білім берудің жаңа толқыны енгізген жаңалық,-дейді жоба авторлары.
Жобаның артықшылығы неде?
Осылайша, білім саласының 100-ден аса маманы кәсіби қайта даярлау бағдарламасынан өтпек. Оның барысында мектеп директорлары Сингапур, Финляндия, Ресей, Түркия, яғни Еуропа және Азия елдерінің 40-тан астам сарапшысы мен үздік мектеп директорларының тәжірибесімен танысады. Бұл мектепті басқарудың жаңа модельдерін қолдану мен білім беру ұйымының стратегиялық бағытына сай деректер негізінде мектепті дамыту бағдарламасын іске асыруды көздейді.
Тағылымдама барысында бағдарлама қатысушылары Қазақстандағы жаңа оқу модельдерін үйренеді. Сондай-ақ High Tech Academy, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп, Tamos Space School мектептерінің ерекшеліктері, оқыту бағдарламалары мен басқару жүйесін зерделейді. Қатысушылар «Қазақстан мектебін басқару» симулятор ойыны арқылы практикалық кейс шешуге қатысады, бекітілген тәжірибелі менторлармен бірге мектептің даму бағдарламасын құрастырады.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген К.Д.Ушинскийдің сөзі бүгінде педагогтардың басты ұстанымына айналған. Шыныменен үздіксіз еңбектенген ұстаз ғана мақсатына жете алады. Мектеп басшылары, педагогтар жобаға оң бағасын беріп, алдағы уақытта бірлескен жұмыстың нәтижесін көруге болатынын айтуда.
Айман Қуанбаева,
№39 орта мектептің директоры
Ілім-білімге деген қызығушылықты арттырады
Бағдарлама аясында Эстония мен Финляндия елдеріне барып, заманауи білім беру жүйесінің озық үлгілерін үйрендік. Сол жерден алған тәжірибемізді мектеп қабырғасында қолданып, ұлттық құндылықтарымызды жаңашылдықпен ұштастыра отырып, білім беру үдерісін жандандырып жатырмыз. Мұғалімдеріміз бен білім алушыларымыз осы жобаны қолдап, белсенді атсалысып, ілім-білімге деген қызығушылығын, шығармашылық қабілеттері мен ынтасын арттырып келеді.
Жоба барысында алғашқы сабақтарды Перизат Дүйсенғалиқызы мен Аяжан Амантайқызы өте жауапкершілікпен өткізіп шықты. Білім алушылар өзара талдау, бақылау, бағалау жұмыстарын жоғары деңгейде атқарды. Сабақтың тиімді жоспарлануына орай тақырыпты меңгеріп алған оқушылар мұғалімнің жұмысын жеңілдету мақсатында басқа топтарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Яғни мұғалім көшбасшы оқушыларды анықтады. Ұстаздар – кәсіби жетілген өз істерінің суретшілері, хас шеберлері. Жұмыс барысында кездескен кедергілерді жеңе білетін, өзгерісті қабылдай алатын, қабілеттерін ұштауға бейім ұстаздарымызға сәттілік тілейміз.
Жамал Хасанова,
Абай атындағы орта мектеп директоры:
Кәсіби деңгейіміз көтерілуде
Бірегей жобаға Құрманғазы ауданының Абай атындағы жалпы орта мектебінен мектеп директоры ретінде өзім, оқу ісі жөніндегі орынбасар Линда Өмірзақова және мектептің белсенді жас маманы Мақсат Хайырбеков үшеуміз қатысып отырмыз. Эстонияның Таллин және Финляндияның Хельсинки қаласында білім беру жүйесін басқарудың заманауи әдістері мен тиімді менеджмент құралдарын үйрену мақсатында ұйымдастырылған тағылымдамадан өттім. Көп ақпарат алып, облыс, аудан көлеміндегі мектептерге тәжірибеммен бөлісіп жатырмын. Осылайша мектеп командасы 3 модульді сәтті аяқтап, тәжірибелік жұмыстарды ұжымға ғана емес, ата-аналарға, сонымен қатар аудандағы тірек мектептерін де қамти отырып жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар мектептің басқару жүйесінде де жаңа өзгерістерді қолдану ісі жалғасын тапты. Бұл жоба мектептердің дамуына жаңа көкжиектер ашып, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етуде.
«Сапалы білімнің сыры қандай?»
Өткен жылдың 30 қараша мен 8 желтоқсан аралығында бағдарламаның 2-модулі аясында біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысушы Х.Санбаев атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжанар Жалғасбаева «Сапалы білімнің сыры қандай?» тақырыбында коучинг өткізді. Сондай-ақ шетелдік тағылымдамада алған ақпараттармен бөлісіп, «Квест» қозғалмалы ойыны арқылы мұғалімдердің ойына қозғалыс салғандай болды. Жұмыс соңында әр топ мектеп тәжірибесіне енгізуге қажетті ұсыныстар ұсынды.
Шет мемлекеттердің қай мектебі де білім беру жүйесін өздерінің ұлттық құндылықтарына негіздейтіні таңдай қақтырады. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, жақсы өзгерістерге қарай ұмтылып, жаңалыққа бейім болайық!
Мақат ауданы
Білім беру басқармасының мәліметінше, жалпы бағдарлама 7 модульден тұрады, 5 модуль бетпе-бет оқыту форматында өтеді. Ал 2 модуль білім беру ұйымының басқарушылық командаларының озық отандық және шетелдік мектептер тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік беретін практикалық тағылымдамалар болмақ.
Жобаның жұмыс жоспары бойынша қайта даярлау курсы 5 модульды қамтиды. 1-модуль «Тиімді басшы – көшбасшы» тақырыбында өткен жылдың 4-8 қараша аралығында өтті.
2-модуль «Өзгерістерді басқару» тақырыбында Эстония мен Финляндия елдерінде «Шекарасыз білім беру. Заманауи және мектептердегі білім берудің теориясы мен тәжірибесі. PISA халықаралық зерттеуі. Эстония мен Финляндияның тәжірибесі» тақырыбында халықаралық тағылымдама ретінде ұйымдастырылды. Қатысқан мектеп командалары басқа мектеп басшылары мен педагогтеріне желтоқсан-қаңтар айларында белгіленген кесте бойынша әдістемелік семинарлар өткізіп, тәжірибелерімен бөлісуде. Әдістемелік, тәжірибе алмасу семинары облыстың 204 білім беру ұйымындағы 7 мың мектеп басшысы мен оқу ісінің орынбасарлары және мектеп педагогын қамтыған.
3-модуль «Әдістемелік көшбасшылық» тақырыбындағы шара Абай атындағы Атырау қалалық оқушылар орталығында ұйымдастырылды.
4-модуль ақпан айының ортасында «Мектеп қоғамдастығын басқару», ал 5-модуль «Мектептің стратегиялық дамуын басқару» тақырыптары бойынша сәуір айында өтеді.
Түйін:
Өңірдегі білім және ғылым саласында қолға алынып жатқан игі шараларға осылайша қысқаша тоқталғанды жөн көрдік. Халқымыз «не ексең, соны орасың» дейді. Білім мен ғылым саласы мемлекеттің орнықты дамуы мен халықтың халық болып өмір сүруіне тікелей әсер ететіндігін ескерсек, бұл саланы титтей де әлсіретуге қақымыз жоқ. Бұл – Қазақстанның болашағы. Білімді ұлт мектептен басталады. Ұлтымыздың білім сапасы артып, ғылымы дамымайынша, болашағымыз да бұлыңғыр болмақ. Сондықтан ғылым, білімнің маңыздылығын, жауапкершілігін әрбір адам жан-жүрегімен сезінуі керек.
Еркеназ ҚАЛИЖАН