Жарнама
БілімҚоғам

Іскерлік пен ізденіс іздері

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның базасында Атырау облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлыбек Даумовтың 60 жасқа толу мерейтойына арналған «Ұлттық сананы жаңғырту: зияткер ұрпақты дамытудың ғылыми-әдістемелік мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

????????????????????????????????????

«Ұстаз салған дара жол» атты дөңгелек үстелде ұлағатты ұстаз, іскер басшы Нұрлыбек Ғилажұлының педагогикалық қызметінің құндылық негіздері жөнінде ғалымдар, білім беру ұйымдарының басшылары, әріптестері мен шәкірттері өз ойларын ортаға салды.

− Адалдыққа, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге баулыған әке тәрбиесінен түйгенім өте көп. Ал, ағам Ғасырбек – дене шынықтыру пәні мұғалімі. Мені спортқа баулыған, шынықтырған аға ақылы мен өнегесі. Ол өзі жүгірсе, екінші ағам Қайырбек екеумізді бірге жүгіртетін. Өзі кір тасын көтерсе, бізге де көтеруге міндеттейтін. Мектепте жақсы оқуға тырыстым. Ата-анаға салмақ салмай, өзім қалаған мамандықты меңгеруім қажет екенін санамен сезіндім. Кейін қызметте де осы ұстанымнан бір танған емеспін. Өзіме де, өзгеге де қатаң талап қою – өмірлік ұстанымым, — деді өз сөзінде Нұрлыбек Даумов.

Атырау қаласындағы Атырау облыстық балалар спорт мектебінің жаттықтырушысы, кейін сол спорт мектебінің директоры лауазымын атқарды. Халықаралық әлем марафонына қатысып, 1985 жылы жеңімпаз атанды. Атырау қаласындағы №16 мектептің директоры болып тағайындалды. Ал, 1990 жылы қабілетті балаларға арналған жаңа экспериментальды мектеп-интернатының, қазіргі Атырау облыстық  дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназиясының директоры болды. Бүгінгі күнге дейін аталған оқу орнында қызмет етуде.

− Нұрлыбек – үйдегі үш баланың кенжесі. Ең кішіміз болғандықтан, алдындағы екі ағасына, ата-анамызға еркелеп өсті. Еркелік адамға еркіндік береді. Ол бала күнінен ойын еркін айтатын, ешнәрсені жасырып, жалтақтамайтын, -деп есіне алады ағасы Қайырбек Ғилажұлы.

− Біз Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану-жағырапия факультетіне түскенде ортамызда үш жігіт болды, қалғанымыз қыздар едік. Студенттік қызықты күндерді бірге өткіздік. Нұрлыбек өзінің өмірлік жары Тамараны да осы оқу ордасының қабырғасында жүріп кезіктірді, — дейді курстасы Орал Мәтжанқызы.

????????????????????????????????????

Ұстаздық және басшылық қызметінен қол үзбей жүріп, Нұрлыбек Даумов 1993 жылдан бастап зерттеу жұмыстарымен де тұрақты түрде айналысып келеді. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім Академиясы жанындағы аспирантураға сырттай оқуға түсіп, «Оқытуды ақпараттандыру процесінде оқушылардың зерттеу қызметін дамыту» деп аталатын диссертациялық жұмысын қорғады. Сөйтіп, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, мерейгердің ғылыми жетекшісі, ұстазы педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Гүл Нұрғалиевалар сөз алып, шәкірті туралы ойларымен бөлісті.

Түстен кейін өткен пленарлық мәжілістің шымылдығы Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың сөзімен ашылды.

– Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия десе, жүрегім бұрып тұратыны рас. Өйткені, мен осында оқып, білім алдым. Бала шақтан болашаққа жолдаманы осы гимназия қабырғасындағы ұстаздардан еншіледім. Ал, Нұрлыбек Ғилажұлы – талапты да талантты, іскер басшы, ұлағатты ұстаз. Менің жоғары оқу орнына түсіп, Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық университетінде оқуыма тікелей мұрындық болған адам. «Осы баладан бірдеңе шығады. Өтінемін, Алматыға оқуға жіберіңіз» деп анамды үгіттегені күні бүгінгідей көз алдымда.

Гимназия қабырғасынан небір дарынды ұл-қыз түлеп ұшты. Бірі – ақын, бірі – ғалым, бірі – іскер басшы болды. Соның бәрі ұстазымыздың табандылығының арқасында жүзеге асқаны ақиқат, — деді Нұрсәуле Сайлауқызы.

Шындығында, гимназияда білім алған түлектер өздерін биіктерден көрсетіп келеді. Екі ғылым докторы, 18 ғылым кандидаты шыққан білім ордасы алты алашқа әйгілі айтыс ақыны Саадат Нұрмановты берді. Конференция жұмысына қатысқан ғалымдар мен мектеп басшылары, мұғалімдер, гимназия түлектері мен ата-аналар ұлттық сананы жаңғыртуды сонау тоқсаныншы жылдары бастап кеткен білімнің қарашаңырағына, Нұрлыбек Ғилажұлы бастаған ұстаздарға сәттілік тіледі. Шара соңы марапатқа ұласты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

Related Articles

2 Comments

  1. Поздравляю с наградой, видно,что заслужено, так держать

  2. Ұрпаққа қызмет еткен ұстаздар қауымын қадірлегеніміз жөн. Олар әрдайым барлық сый-сияпатқа лайық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button