Іргелі білім ордасына – 50 жыл!
Сан мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім мен тәрбиені бойларына сіңіруге күш салған, талай майталман ұстаздардың ізі қалған қасиетті білім ордасы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектебінің іргесі қаланғанына биыл – 50 жыл. Осы мерейлі датаға орай, «Самғатқан сан қыранды алтын ұям!» атты салтанатты іс-шара өтті.
Жиынға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов:
– Жарты ғасыр уақыт ішінде бұл атақты білім ордасына тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан қаншама керемет халықтың азаматтары, қазақтың ұрпақтары бүгінде елге адал қызмет етіп жүр. «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, оқушылардың ар-ожданы биік, ұлттық құндылықтары жоғары, рухы мықты болып қалыптасуына ұлағатты ұстаздардың сіңірген еңбегі орасан зор. Алдағы уақытта осы киелі білім орнынан тәуелсіздің тал бесігінде тербеліп өскен ұрпақтарымыз еліміздің мақтанышына айналып, абыройлы жан атанарына кәміл сенемін. Мектебіміздің атағы аспандап, мәртебесі биіктей беруіне қашанда тілекшіміз, — дей келе, білім беру саласында талай жыл аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздарға Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің Алғыс хатын табыстады.
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова құттықтау сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі зейнеткер ұстаздарға, білікті мұғалімдерге Алғыс хаттар ұсынды.
Іргелі оқу орнының мақтанышына айналған түлегі, облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин өмірде адаспай өз жолын табуына зор ықпалын тигізген, бар ізгі қасиетті бойына дарытқан мектеп ұжымына ерекше ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Арман Ғабидоллаұлы әрбір шәкіртінің ішкі әлемін, жан дүниесін жете танып, оны байытып, жарқын болашаққа бағыттаған бірқатар білім беру саласының майталмандарын облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиевтің Алғыс хатымен марапаттап, өңірлеріне «Қазақстан мәслихатына — 30 жыл» мерекелік төсбелгісін тақты.
Бүкіл ғұмырын ұстаздық еңбектің ыстық-суығымен өткізіп, бүгінде осы еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаздар, ұлт тағдырының негізгі тұғыры саналатын бала тәрбиесін мойнына алған көрегенді мектеп басшысы Айнагүл Мажекова құттықтау сөз сөйлеп, барша іс-шараға қатысушыларға алғысын білдірді.
Тағылымды іс-шара барысында өнерпаздар күмбірлі күй шертіп, мың бұрала би билеп, сазды әуендерімен көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Одан әрі мектепке арнайы ат басын тіреген қонақтар мерейлі сәтін тойлаған білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН