Жарнама
Білім

IQanat Олимпиадасы басталды

Қазақстанның 170 ауданында IQanat Олимпиадасының алғашқы кезеңі басталды. Олимпиадаға ауылдық аймақтардағы 56 мыңнан астам сегізінші сынып оқушылары қатысуда. Бұл ерекше сайыста балалардың академиялық жетістіктеріне қарамастан, әрқайсысына өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік берілген. IQanat тапсырмалары дәстүрлі тестілеуден ерекшеленіп, логикалық және математикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеру дағдыларын бағалауға бағытталған.

Олимпиаданың бірінші кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен 10 мыңға жуық бала облыстық турға өтеді. Екінші кезеңде IQanat жобасының үш күндік қарқынды білім беру және мотивациялық тренингтеріне қатысып, логикалық ойлау мен коммуникация дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады. Финалға өткен 1000 бала одан әрі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына қабылдану немесе үш жылдық қолдау бағдарламасынан өту мүмкіндігін иеленеді. Бұл бағдарлама аясында балаларға ҰБТ, IELTS сияқты халықаралық емтихандарға дайындық, ағылшын тілін меңгеру, IT және soft skills дағдыларын үйрену сынды дайындық курстары ұсынылады.

IQanat жобасы қазақстандық кәсіпкерлердің қолдауымен жұмыс істеуде, олардың қатарында еліміздің әртүрлі бизнес саласындағы 160 кәсіпкер бар. Жоба қамқоршысы Алмаз Төлтаевтың айтуынша, білім беру мүмкіндіктері барлық балаға бірдей қолжетімді болуы қажет.

–IQanat жобасы ауыл балаларына ең қажетті дағдыларды жүйелі түрде меңгеруге көмектеседі. Бұл – біздің еліміздің тұрақты дамуына қосқан үлкен үлес. IQanat жобасы негізі қаланған 2017 жылдан бері 240 мыңнан астам ауыл оқушысын қамтыды. Жоба түлектері қазір Қазақстанның және шетелдің үздік оқу орындарында гранттармен білім алуда. IQanat жобасының түлектері жобаның мақтанышы әрі қозғаушы күші ретінде олимпиаданы ұйымдастыруға көмектеседі, өз тәжірибелерімен бөлісіп, басқа оқушыларға бағдарлама ережелерін түсіндіреді, тіпті ментор ретінде қолдау көрсетеді. Бүгінде IQanat түлектерінің саны 2200-ден асты, — дейді А.Төлтаев.

IQanat – ауылдық жерлердегі балалардың болашағын жарқын етуге арналған қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік жобасы. Жоба жайлы толық ақпаратты iqanat.kz сайтынан және @iqanat.kz Instagram парақшасынан білуге болады.

Айта кету керек, аталған білім додасы Атырау облысында 28 қазанда Махамбет ауданында басталды. Одан кейін Мақат, Жылыой, Исатай аудандарында жалғасын тауып жатыр. Ертең 31 қазанда Индер ауданында ұйымдастырылады. Кейін Қызылқоға, Құрманғазы аудандарын қамтиды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button