ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАСЫЛЫМДАР– КІТАПХАНА ҚОРЫНДА
Аталмыш электронды құралға енгізілген шығармалар бес бөлімге топтастырылған. Бірінші бөлімінде ертегілер, екінші және үшінші бөлімдерінде балалар әндері мен күйлері, төртінші бөлімде дәстүрлі әндер мен отаншылдық рухтағы әндер енгізілген. Сонымен бірге, электронды көмекші құралдың бесінші бөлімінде бесік жырлары және Абайдың қарасөздері топтастырылған. Бұл электронды өнімге көмекші құрал ретінде шағын кітапшасы бар. Онда енгізілген шығармалардың авторлары, орындаушылары туралы мәліметтер берілген, қазақ ойшылдарының бала тәрбиесіне қатысты ұлағатты сөздері, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ізгі лебіздері енген.
Қысқасы, «Электронды қазақ үй» балаларды тәрбиелеу құралы – қазақ балаларына рухани тәрбие беруге өте лайық дүние. Шағын ғана киіз үй сипатындағы дүниенің ішіне барлығы 1200 ертегі, балаларға арналған шебер орындаушылардың орындауындағы әндер, күйлер өте талғампаздықпен топтастырылған. Осы алақандай «киіз үйдің» сиқырлы таяқша іспеттес «қаламы» (нұсқағыш пульті) бар. «Электронды қазақ үй» жобасының нұсқаулығында осы жобаның іске асуына екі жылдай уақыт жұмсалғандығы айтылған. Бұл тәрбиелеу құралы ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша дайындалған. Сондай- ақ, Дүние жүзі қазақтарының Қауымдастығы, М.Әуезов атындағы әдебиет және тіл институты қолдау білдірген. Қысқасы, электронды қазақ үйдің балаларды кітап оқуға баулып, рухани дүниеге сүйіспеншіліктерін оятары сөзсіз.
Кітапхана қорына келіп түскен тағы бір қомақты рухани дүниенің бірі – Нұралы Құдайбергенұлының құрастыруымен шыққан «Даналық әліппесі». Бұл – Астана қаласындағы «Интерактивті Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде зияткерлік негізде дайындалған, он екі кітабы мен қаламы бар электронды жинақ. «Даналық әліппесі» «Интерактивті Қазақстан» компаниясында Жапонияның жаңа технологиясы бойынша жасалған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сараптамасынан өткен.
«Даналық әліппесі» кешенді құралы қазақ халық ауыз әдебиетінің мол мұрасын қамтиды. Бұған даналықтың рухани көзі болып табылатын рухани жәдігерлер жинақталып, жүйеленіп, топталып, жаңа «Сөйлейтін қалам» технологиясы негізінде көпшілікке ұсынылып отыр. Кітапта халқымыздың жыр –дастандары, ән- күйлері мен аңыз- әңгімелері, шешендік сөздері мен бата –тілектері зияткерлік негізде ұсынылған. Осы кешенді құралға енгізілген ауыз әдебиеті мұралары баланың туғаннан бастап жас және жеке ерекшеліктеріне сай рухани құндылықтар арнасында тәрбиелеуге, дамытуға, қалыптастыруға бағдарланып, бірізділік ұстанымы негізінде біртұтас күйде жүйеленіп берілген.
Бұл заманауи электронды тәрбие құралдарын Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қорынан Өнер бойынша әдебиет секторынан таба аласыз.
Гүлжан ЕСКЕНДІР.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана әдіскері.