ИНДЕРДЕГІ СӘУЛЕТТІ МЕКТЕП
Заманауи үлгіде бой көтерген білім ордасына жаңа оқу жылында 264 оқушы қабылданып, оларға 57 мұғалім білім береді. Олардың бұл қуанышты сәтіне облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сәрсенғалиев, аудан әкімі С.Арыстан және зейнеткер ұстаз М.Ерғазиева қатынасып, салтанатты жағдайда лентасын қиып, сәтті қадам тіледі. Облыс әкімінің жаңа оқу жылының басталуына және жаңа ғимараттың салынып, пайдалануға тапсырылуына байланысты құттықтауын жеткізді.
Салтанатта аудан әкімі Серік Арыстан барша ата-аналар мен ұстаздарды, оқушыларды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, білім саласы бойынша жеткен жетістіктермен қатар, алдағы атқарылар істерден хабардар етті. Осындай құттықтаулардан соң мектеп құрылысын жүргізген «ЭКОпласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұролла Каримов, мектеп директоры Райхан Қорғанбаеваға мектептің символикалық кілтін тапсырды. Ал, мектептің алғашқы қоңырауын 11-сынып оқушысы Дәулетжан Байбақты мен 1-сынып оқушысы Шырайлым Марат соғып, сағыныш болған қоңырау үні көңілді жадыратты.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Индер ауданы