
Ілім-білімнің жаңа мүмкіндіктері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың алдына нақты мақсаттар мен міндеттер қойып отыр. Атап айтқанда, осы Жолдаудың аясында үш жылдың ішінде толығымен цифрлы елге айналу, шетелдік инвестициялар тарту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен инновацияның тұтастығын қамтамасыз ету, ірі қалаларға миграцияны тежеу, басқа да өзекті мәселелер аталып өтті.
Биылғы Жолдаудың бұған дейінгі Жолдаулардан ерекшелігі сол, ғылым және білім саласындағы бір қауым елге беретін зор мүмкіндіктері бар. Президенттің толық цифрлы мемлекет болу мақсаты – жоғары білім мен ғылымда жаппай цифрландыруға ден қою. Академиялық және ғылыми қауым бұл бағытта біраз тәжірибе жинақтап қалды деуге болады. Мысалы, отандық жоғары оқу орындарында әлемдік білім және ғылым кеңістігіне шығуға мүмкіндік туды. Қазір университет оқытушылары лекцияға дайындық кезінде интернет арқылы түрлі материалдар алып, шетелдік профессорларды тікелей онлайн қосуға мүмкіндік бар, аудиторияларға интерактивті тақталар, басқа да жаңа технологиялық құралдар қойылған. Ғалымдарға өз зерттеулерін заманауи деңгейде жүргізу үшін Scopus, ProQuest сияқты әлемдік базаларға жариялай алады.
Дегенмен, біздің қоғам цифрландыру дәуірінің бастапқы кезеңінде екенін ұмытпау керек. Әсіресе, ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысты бірқатар алдын ала жұмыстар жүргізу қажет. Мысалы, әлемдік университеттерде ғылыми зерттеу жұмыстары гуманитарлық, әлеуметтік, жаратылыстану немесе техникалық ғылым екеніне қарамастан шынайы өмірде болып жатқан проблеманы шешуге бағытталған. Сондықтан да, алдыңғы қатарлы елдердің зерттеулерінің ғылыми зерттеу методологиясы біздікінен өзгеше. Нақтырақ айқанда, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарда, заң, саясаттану, социология, менеджмент сияқты ғылым салаларында әлеуметтік ғылымдардың әдістері, яғни эмпирикалық зерттеу – сандық, сапалық және аралас әдістер қолданылады. Оны қолданған жағдайда ғана зерттеуші өз қолымен деректерді алғашқы дереккөздерден жинап, оған талдау жасап үйренеді. Жиналған деректерді өңдеу және талдау кезінде цифрландыру құралдары аса қажет. Мысалы, сапалы зерттеу әдістерімен жиналған деректерді талдауда NVivo, ATLAS.ti и MAXQDA бағдарламалары қолданылады. Яғни, бұл арнайы компьютерлік бағдарламалар – ғалымдардың жинақталған деректерді талдау кезінде қолданатын құралы ғана. Егер ғалым заманауи зерттеу методологиясын білмесе, аталған құралдарды қай кезде пайдалану керек екенін де түсінбейді.
Бір сөзбен айтқанда, цифрлық технологияларды ғылымда қолдану үшін зерттеу методологиясын әлемдік стандарттарға шығару керек. Бұл жерде Президент тапсырмаларын орындау үшін ғалымдар заманауи зерттеу әдістерін меңгеру және қайта даярлау курстарынан өтуі керек. Содан кейін ғана ғалымдардың цифрлық сауаттылығын көтерумен айналысу тиімді болады.
Тағы бір ерекше атап кететін жағдай – Президент Каспий теңізін сақтап қалу және су ресурстарының стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Сондықтан да, жақын арада Үкімет тарапынан осы бағытта жұмыстар жүргізілуі қажет.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы осы бағытта жаппай атсалысуы керек деп ойлаймын. Университетте эколог мамандар, IT және жаратылыстану ғылымдарының өкілдері бар. Олар осы өңірдің экологиялық проблемаларын жақсы түсінеді. Оларды ғалым әрі эксперт ретінде осы бағыттағы жұмыстарға тарту керек. Бұл жерде жергілікті атқарушы билік органдарының ролі зор және олардың қабылдаған шешімдеріне көп нәрсе тәуелді. Сол себепті Президент жергілікті әкімдіктерге осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды.
Батыс елдерінде мемлекеттік органдар белгілі бір мәселеге қатысты шешім қабылдамас бұрын оны жан-жақты зерттейді, әуелі жергілікті халықтың пікірімен танысып, тәуелсіз зерттеу орталықтарының (Think tank) көмегімен терең зерттеулер жүргізеді. Тек содан кейін ғана нақты фактілер мен ғылыми дәлелденген ұсыныстардың негізінде шешім қабылдайды. Бұл процесті басқару саласында evidence-based decision making, яғни «нақты деректерге негізделген шешім қабылдау» деп атайды. Осы тұрғыдан қарағанда, жергілікті билік органдары мен ғалымдар арасында тығыз байланыс болуы қажет. Біздің басқару саласында да осындай жаңашылдықтарды енгізу оң өзгерістерге әкелуі мүмкін.
Өз тарапымыздан Каспий өңіріндегі университеттер қауымдастығы шеңберінде Ресей, Әзербайжан, Иран елдерінің ғалымдары мен эксперттерін тартып экология мәселесін зерттеумен айналысуды қолға аламыз. Президент қойған тапсырманы орындау барысында Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын халықаралық деңгейде көтеріп, Университеттер қауымдастығы шеңберінде мәселенің өзектілігін және оны зерттеу қажеттігін алға қоямыз. Бұл біздің ғалымдардың халықаралық әріптестік орнатуына, жас ғалымдардың тәжірибе алмасуына және студенттердің ұтқырлық бағдарламасы бойынша алмасып оқуына мүмкіндік туғызады.
Демек Президенттің Каспий теңізіне қатысты көтерген мәселесі жергілікті билік органдары мен жоғары оқу орындарының жұмылып жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Бұл жерде жергілікті әкімдіктер университет пен Каспий теңізінде жұмыс істеп отырған ірі өнеркәсіп компаниялары арасында әріптестік орнатуға жағдай жасаса, қоршаған ортаны қорғауда барлық тарап мүдделі болу керек деп Президенттің тапсырмасын жеткізсе үш жақты ұтымды жұмыстар қарқынды жүретін еді. Сол себепті, университет-билік-өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастық моделі аса маңызды роль атқарады. Мұндай ынтымақтастық моделі дамыған елдерде кең таралған және ол Triple-Helix model деп аталады. Мұндай ынтымақтастықтан үш тарап та пайда табады, яғни өңірдің инновациялық, экономикалық және әлеуметтік дамуына қосар үлесі көп.
Президент ғылыми орта үшін маңызды тағы бір мәселені сызып тұрып айтты. Ол «шетелден қажетті кадрларды ұлтына қарамастан шақырып жағдай жасаңдар» деді. Бұл жағдай бүгінгі университеттердің алдында тұрған міндеттердің бірі және бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Алайда, қаржының тапшылығы мен басқару жүйесіне қойылатын формальды талаптар мұны ішінара тежеп отыр. Өңірлік университеттер үшін ғылыми кадр дайындау мәселесі – ең бірінші мәселе. Ал, нормативтік-құқықтық актілердегі кейбір талаптар университеттің ғылыми кадрлар дайындауына кедергі. Жолдауда заңнамалық талаптар жағдайды күрделілендірмеу жөнінде ашық айтты. Заң ғылымының теориясында «құқықтық норма қоғам мен мемлекеттік игілігіне жұмыс істеуі керек» деген қағида бар. Дамыған елдердің университеттері академиялық және ғылыми кадрлар дайындауда толығымен автономды және тәуелсіз. Сондықтан да, өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін көтергіміз келсе, мейлінше тиімді саясат ұстанып, Президенттің айтқан тапсырмасын басшылыққа алу керек.
Кадр тапшылығын туғызып отырған мәселенің бірі – миграция. Жыл сайын өңірлерді озық бітірген мектеп түлектері Астана мен Алматыға жоғары білім алуға кетіп жатыр. Ал өңірлерде грант иелерінің тек аз бөлігі мен ақылы бөлімге түскен студенттер оқиды. Яғни, өңірлер өздерінің ең мықты адами капиталы және болашақ кадрларынан айырылып отыр. Осылайша, орталық қалаларда жатақхана тапшылығы туындап, кейде қоғамдық резонанс туындайды. Осындай мәселенің алдын алу үшін Президент қажетсіз миграцияның алдын алуды атап кетті.
Тарихи тұрғыдан қарасақ, Оксфорд, Кембридж, Стэнфорд университеттері ірі қалалардан 50-100 шақырым жерлерде деревнялар мен ранчолардың орнында іргесін қалаған. Уақыт өте келе соның арқасында сол жерлерде әлемге әйгілі қалалар пайда болып, жаңа технологияның қайнар бұлағына айналды. Мысалы, ранчода салынған Стэнфорд университетінің территориясында Кремний алқабы құлпырып тұр. Ол жерде жүздеген IT компаниялар жұмыс істеп, университет пен жергілікті бюджетке миллиардтаған доллар пайда әкелуде.
Жалпы алғанда, Президент Жолдауында қойылған тапсырмалар экономиканы цифрландыру арқылы инновациялық реформалар жүргізуге бағытталған. Цифрландыру экономика, ғылым, инновация, кадр дайындау сияқты саларды қамтып отырғанын көріп отырмыз. Осы жерде ғылыми қауымның атқаратын ролі зор деп санаймыз және оның академиялық ортаға да тиімді тұстары мол.
Бақыт АЛТЫНБАСОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор