Жарнама
Білім

Ғылым мен білімге серпін беретін жоба

Бүгінгі Үкімет отырысында Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығының ашылып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары негізіндегі жаңа буын суперкомпьютерінің іске қосылғаны айтылды. Бұл – Қазақстанның цифрлық болашағы үшін үлкен серпіліс.

IT маманы ретінде, бұл жаңалық мені қатты қуантты. Себебі елімізде экзафлопс деңгейіндегі есептеу қуатына ие заманауи инфрақұрылымның пайда болуы – жасанды интеллект, үлкен деректер (Big Data), кванттық модельдеу, биоинформатика және климаттық болжам сияқты күрделі бағыттарда нақты ғылыми жетістіктерге жол ашады. Мұндай қуатты жүйелер бұрын тек алпауыт державаларға ғана тән болатын. Енді бізде де әлемдік деңгейде бәсекелесе алатын база қалыптасып келеді.

Білім саласына келетін болсақ, бұл жаңалық оқушыларға цифрлық саланың нақты болашағын көрсетеді. Олар енді IT мамандығына жай қызығушылықпен емес, нақты мақсатпен ұмтылатын болады. Университеттер мен мектептер жасанды интеллект пен деректер ғылымына бағытталған пәндер мен курстарды кеңейтсе, жаңа буын мамандар дәл осы суперкластерде өз жобаларын жүзеге асыра алады.

Сондай-ақ, еліміздегі ғылыми зерттеулерге үлкен қолдау болады деп сенемін. Стартаптар мен зерттеу топтарына қолжетімді болуы – бұл тек техника емес, тұтас экожүйе құрудың бастамасы.

Бұл жоба – елдің IT-инфрақұрылымын жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық маңызды қадам. Енді бастысы – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану: білім беру, ғылым және өндірісті бір арнаға тоғыстыру.

Атырау өңірі үшін де бұл үлкен мүмкіндік. Өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждер IT бағытында мамандар даярлауда жаңа серпін алуы тиіс. Атыраудағы жастар да енді заманауи технологияларға жақын бола алады. Мұнай-газ саласында қызмет ететін өңір үшін цифрлық трансформация, деректерді модельдеу және автоматтандыру – бәсекеге қабілеттілікті арттырудың басты жолы. Егер Атырау жастары осы суперкластерді қолдана отырып инновациялық жобаларға бет бұрса, өңірлік экономикаға нақты серпін беретіні сөзсіз.

Мерей БАҚТЫҒАЛИ
Әл-Фараби атындағы Binom school мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button