Жарнама
Білім

Ғалымға құрмет – ғылымға құрмет

Жексенбі күні облыс орталығында белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Жиенбай Бақи тұрған Қ.Смағұлов көшесіндегі №56 а үйге мемориалдық тақта орнатылды. Шараға ұстаздың шәкірттері мен отбасы мүшелері қатысып, оның  өткен өмір жолы туралы сыр шертті.

Жиенбай Базарбайұлы 1958 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша бітіріп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде алғашқы еңбек жолын бастаған. Оқу орнында табан аудармастан 60 жыл еңбек еткен ғалымға жерлестерінің ықыласы бөлек. Ол университеттегі «Қазақстан тарихы» кафедрасының негізін қалап, қарапайым оқытушыдан университеттің профессоры дәрежесіне дейін көтерліп, көпке үлгі бола білді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жиенбай Базарбайұлының тәрбиелеген шәкірттері де аз емес. Солардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Сайфолла Сапанов мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында ұстазы туралы жылы естеліктермен бөлісті.

– Ұстазымыз Жиенбай Базарбайұлы – шәкірт жүрегіне жол таба алған нағыз ұстаз. Өлкеге танымал ғалымдар Әбілсейіт Мұқтар, Лесқали Бердіғожин, Аққали Ахмет, Өтеген Исенов, басқа да тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттарына дәріс беріп, тәрбиелеген. Сол тұрғыдан алғанда, мемориалдық тақтаның ашылуы жалпы ұстаз ұғымына деген ел құрметінің белгісі деп білемін. Мұны өркениетті мемлекеттің, Атырау қоғамындағы жаңа сана мәдениетінің қалыптасуына ықпал ететін қадам деп түсіну керек. Бұл шараның маңыздылығы да осында. Шәкірттері барда ғалым ұстазымыздың аты өлмейді. Қазір университет жанынан ашылған Хисмет Табылдиев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан Жиенбай ағайға арналған үлкен монография дайындалуда. Сондай-ақ Ғылыми кеңестің шешімімен дәрісхана ашылады, — деді Сайфолла Жұмабайұлы.

Жиенбай Бақи шығармашылығының негізін Қазақстан тарихындағы тұлғалар өмірі мен қызметі құрайды. Соның ішінде Ғани Мұратбаев және Алаш қайраткерлері туралы келелі зерттеулерінің орны бөлек. Соңғы жылдары жазылған «Қазақтың баһадүр батырлары» атты ғылыми-танымдық еңбегінде өлкедегі Ұлы Отан соғысының батырлары туралы да баяндаған. Балық өндірісі тарихнамасына қосылған қомақты үлес ретінде «Қазақстанның балық шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру (1917-1937 ж.ж.)» тақырыбында 1972 жылы  қорғалған  ғалымның кандидаттық диссертациясын да ерекше айтқан жөн.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button