ЕРАСЫЛ ЕРЛЕДІ!..

Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицейдің 11-сынып оқушысы Ерасыл Жәрдемов Ресей елінде өткен ХVІІІ халықаралық конкурсқа қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталып келді. «Атырау облысы өнеркәсібінің экономикалық модернизация жағдайындағы дамуы» тақырыбындағы ғылыми жұмысы осылайша жоғары бағаға ие болды.

Шәкірт бойындағы дарындылық қабілетін ашу, жақсы танымдық қасиеттерін зерттеу, айқындау – ұстаз үшін ең басты мәселе. Сондықтан да, оқытудың нәтижесі өзіндік азаматтық көзқарасы қалыптасқан, адамгершілігі мол, білімді тұлғаны тәрбиелеу болса, Ерасыл да – үмітін үкілеген шәкірттердің бірі. Ұстаздары мен ғылыми жетекшісі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғ.И.Имашевтың пікірінше, Қазақстаннан қатысқан төрт жүзден астам талапкердің ішінен Ерасылдың үздік танылуы оның шығар биігінің алда екенін танытқандай. «Болашақ – білімді жастардікі» дейтін болсақ, ғылымға бет бұрған жастарды мұндай байқаулар жаңа ғылыми ізденіске жетелейді. Ерасыл өз ғылыми жұмысын екі тілде дайындады. Айтуынша, қазылар алқасын тың тақырыптағы жобасы қызықтырыпты.

Біздіңше, бұл Ерасылдың болашағына жол ашты. Және талапты шәкірттің үлкен армандарға қадам жасауына мүмкіндік берді. Осылайша Ерасыл  ерледі!..

Гүлнара 
БАЗАРБАЙҚЫЗЫ,
Атырау қаласы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз