ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНА – БІЛІКТІ МАМАНДАР

Елордамыз Астана қаласында «Энергия тиімділігін арттыру және Энергия үнемдеу мәселесін дамыту» мамандығы бойынша бүкіл Қазақстанның ірі энергетикалық компанияларының 80-ге жуық үміткері конкурсқа қатынасып, олардың ішінде 17 үміткер аталған бағдарлама бойынша оқуға жолдама алды. Солардың қатарында жерлесіміз «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның күрделі жөндеу жөніндегі тете президенті Бағытжан Қалиев те бар.

 Әріптестерінің айтуынша, ол бұл мүмкіндікке қол жеткізуге тыңғылықты дайындалып, талпынған. Енді өзі қалаған Лондондағы белді оқу орнында сапалы білім алуға жол ашық.

– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы жастар өмірінде үлкен рөл атқарады. Ол қазақстандық жастардың шетелдерде білім алуына, өз көкжиегін кеңейтуіне, алдыңғы қатарлы тәжірибені меңгеруіне жол ашады. Білімімді саралаған конкурстың барлық кезеңдерінен ойдағыдай өтіп шықтым. Кейіннен маған «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері қатарында енгендігім жөнінде хабарлама құттықтау хаты келді. Енді Ұлыбританиядағы Garry House Associates оқу орнында білім алмақшымын.

Саяси ғылымдар саласында ең үздік саналатын аталған оқу орнынан терең білім алып шығатыныма сенімім мол. Жастар әрқашан алға ұмтылулары керек. Ел мен Елбасы жастарға үлкен сенім артуда, өйткені, болашақтың іргесін қалайтын – қазіргі білімді жастар. Елбасының жастарға берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындау – әрқайсымызға парыз. Ал, «Болашақ» бағдарламасы сол мақсатқа жетуге ұмтылған үздіктерге мол мүмкіндік жасайды, – дейді «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Бағытжан Қизатбайұлы Қалиев.

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз