Жарнама
Білім

Енді баланы сүйрелеп жүрмейді

Ұлттық жоба аясында Водников ауылында жалпы білім беретін №50 мектеп пайдалануға берілді. Мұнда енді екі ауысымда 2400 бала оқиды. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар жоба іске асуда. Алдағы екі жылда үш ауысымды және апатты деп танылған мектептерді түбегейлі жою үшін 30-ға жуық оқу ордасының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бүгін балаларымыздың жарқын болашағы үшін тағы бір заманауи, жайлы және қауіпсіз мектепті пайдалануға беріп отырмыз. Ауыл халқы да бұл күнді көптен күтті. Оқушыларға білікті ұстаздар сабақ береді. Осы білім ұясынан түлеп ұшқан әр шәкірт елінің ертеңі үшін қызмет етер ұланға айналады деп сенім білдіремін,-деді мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов. 

Енді ата-аналар баласын көрші елді мекендегі не қаладағы мектептерге тасымайды. Осыған қуанған ересектер қуанышын жасыра алмады.

– Ауылымызда осындай заманауи, барлық жағдайы жасалған мектептің ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұрын баламызды басқа елді мекенге тасымалдауға мәжбүр болатынбыз. Енді жақын жерде жайлы және қауіпсіз ортада білім алады. Атына заты сай екенін де көріп тұрмыз. Балам осы мектепте толыққанды білім алып, болашақта үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін,- деді ауыл тұрғыны Назгүл Қашауова.

Мектептегі бейнебақылау камералары Жедел басқару орталығына қосылған. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кедергісіз орта қалыптастырылса, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар салынған. Білім ордасында түрлі санаттағы 100 мұғалім сабақ береді.

Оқу орнының ғимаратында спорт зал, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған асхана, акт зал және кітапхана бар. Сонымен қатар психолог, логопед, медициналық кабинеттерімен, заманауи үлгідегі оқу сыныптарымен, физика, химия зертханаларымен және STEM кабинеттерімен жарақталған. Мектеп аумағы жүгіру жолағымен, баскетбол, волейбол алаңдарымен, теннис кортымен, ойын және workout алаңдарымен жабдықталған.

Келер жылы аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы алты мектеп пайдалануға беріледі.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button