Елімізде білім беру иммиграциясы дамиды
Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек Алдияров мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
Әлеуметтік Кодекс жобасын дайындау шеңберінде «Ашық Қазақстан +500» жаңа тұжырымдамасы əзірленіп, «Бағалы дағдыларға арналған виза» енгізіледі. Жаңа тұжырымданың басты бағыты — елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру.
— Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының барлық елдері қолдайтын білім беру иммиграциясын дамыту болып табылады.
Осы мақсатта жетекші шетелдік білім беру мекемелерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту жəне қос дипломды білім беру практикасын одан əрі дамыту арқылы елдік білім беру инфрақұрылымын кеңейту көзделеді. Сондай-ақ сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушыны жəне сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту жоспарлануда деді, М.Алдияров.
Сонымен қатар ол осы ретте шетелдік ғалымдар мен оқытушылар үшін «ғылыми-педагогикалық визалар» көзделетінін де атап өтті. Жаңа тұжырымдама шеңберінде елімізге жиі шақыртылатын және тапшы мамандықтар бойынша 100 үздік шетел мамандарын шақыру ұсынылады. Ал олар үшін «Бағалы дағдыларға арналған виза» енгізіледі.
Осылайша, қазақстандық кадрларды алдын ала даярлау үшін үнемі жаңартылып отыратын бағалы дағдылар рейтингі, яғни тапшы кəсіптер мен мамандықтар қалыптастырылады. Бұл мамандардың міндеті – білім трансфері мен өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлау болып табылады.