
Елімізде алғаш рет «педагог-профориентатор» лауазымы енгізілді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еліміздің орта білім беру мекемелерінде педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Жаңа бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар беруге, сондай-ақ оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы республика Оқу-ағарту министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Эльмира Тұңғатарова хабарлады.
Педагог-кәсіптік бағдар берушінің негізгі міндеттеріне оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету, жеке және топтық кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүргізу, кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру, жұмыспен қамту орталықтарымен, колледждермен және кәсіпорындармен байланыс орнату, оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беру жұмыстары кіреді.
–Жаңа лауазымның енгізілуі оқушылардың саналы әрі дұрыс кәсіптік таңдау жасауына көмектеседі, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбекке бейім, білікті және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді. Бұл бастама Қазақстандағы білім беру жүйесінің дамуына оң әсерін тигізіп, жастардың болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді деп күтілуде, — дейді Э.Тұңғатарова.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: gov.kz