«ЕЛДІҢ КҮШІ – БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ»
Осындай мазмұнды да мақсатты шараның бірі жақында Атырау қаласы бойынша да өткізілді. Оған жоғарыда аталған Жалпыұлттық қозғалыстың облысымыздағы өкілдігі ұйытқы болып, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты мен қалалық ішкі саясат бөлімі қолдау көрсетті.
Атырау қаласының «Нұрсая» мөлтекауданында жалғасын тапқан жоба аясында алдымен жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуге көңіл бөлінді. Осылайша, шараға қатысушылар әуелі асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу тәрізді қазақтың ұлттық ойындарынан өзара сайысқа түсті. Үлкенді-кішілі тұрғындардың қатыстырылуымен аула ойындары, сондай-ақ шығармашылық сайыстары ұйымдастырылды. Бірнеше командаға топтасып, аяқдоптан додаға түсті.
Бір мезет өзіміз теледидардан көріп, тамашалап жүрген «Толағай» отбасылық ойынына да кезек берілді. Алдыңғы сындардан сүрінбей өткен балалар мұнда ата-аналарымен бірге келіп, өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар қаппен жүгіруден, дөңгелекпен айналудан, сұраққа жауап беруден, жаңылтпаш айтып, жұмбақ шешуден, т.б. жарысты.
Көпшіліктің қошеметімен, тұрғындардың бағалауымен жеңімпаз деп танылған командалар мен жекелеген сайыскерлерге дәрежелі дипломдар мен медальдар, бағалы байрақтар, қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Өнерге машық жастар мен балалар да тасада қалмай, өнерлерін паш етті. Әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп, мың бұрала би биледі. Ұйымдастырушылардың атынан оларға белсенділіктері үшін ризашылық білдіріліп, ілтипат көрсетілді.
Соңынан «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының Атыраудағы өкілі Нұржан Өтепбаев, «Жас Отан» ЖҚ облыстық ұйымының жетекшісі Асқар Бопылдықов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбаршын Меңдқұлова сөз алып, осындай ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, кұрмет тұтуға шақырды.
Дәулетқали АРУЕВ.