ЕЛ ТАРИХЫ ӨЛКЕТАНУДАН БАСТАЛАДЫ

Бүгінде Қазақстан Мемлекеті қарқынды экономикалық дамуымен, демократиялық бастамаларымен, сенімділігімен және бейбітшілік сүйгіштігімен әлемдік қауымдастыққа кеңінен танымал болып отыр. Осыған орай тәуелсіздікті нығайту, отаршыл саясаттың зардабынан жоғалып кетуге шақ қалған өткен тарихымызды қалпына келтіріп, оның белгісіз парақтарын ашу міндеті біздің алдымызда тұр. Бұл жөнінде Ел Тәуелсіздігі қарсаңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетану рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен сөз болды.

Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры Алмас Әбсадықов, Ресей Федерациясы Қалмақ мемлекеттік университетінің ректоры Бадма Салаев және басқа да тарихшы ғалымдар мен оқытушылар, студенттер, өлкетанушылар қатысты.

ӨЛКЕНІҢ ЖАҢА ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ ЖАСАҚТАЛСА….

Бұл конференцияның маңыздылығына тоқталған университет ректоры Бейбіт Мамраев отансүйгіштік сана-сезімді тәрбиелеуде Қазақстан тарихының орны ерекше екендігін баса айтып, тарихты зерттеуде Елбасы нақты тапсырмалар жүктегендігіне тоқталды.
– Тарих ғылымының тыңғылықты зерттелуі қоғамымыздың дамуына сүбелі үлес қосары сөзсіз, – деді ол конференцияны ашып. – Сондықтан да, мемлекет тарапынан өткеніміз бен бүгінімізді мұқият саралау үшін салмақты қадамдар жасалуда. Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген болатын. Сондай-ақ, тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынды. Осының нәтижесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеу жөнінде өткен кеңейтілген отырыстағы «Нағыз ұлттық қадір-қасиет тарихтан басталады» деген сөздері жаппай қолдауға ие болды.
Тарих мемлекеттің, қоғамның өркениеттілігін көрсетеді. Өкінішке орай, біздің еліміздің талай ұрпағы Кеңес үкіметі заманында тарихты тек бұрмаланған жағдайында ғана оқып білді. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алып, бұрынғы идеологиялық, әкімшіл-әміршіл құрсаудың бұғауы үзілген соң, тарихымызға да шыншылдықпен бет бұра бастағанымызды баса айтқан университет басшысы осы тұста тарихты білу күрделілігіне кереғар жағдай, қазақ тарихын жазушы «білгіштердің» көбейіп кеткенін де жасырмады.
– Осыдан келіп «төл тарихымызға деген адалдықты, әділдікті бойымызға қалай сіңіреміз?» деген заңды сұрақ туындайды. Тарих ғылымының салалары сан алуан екендігі айғақты дүние. Осы бағытта деректану, тарихнама, әртүрлі пікірлерді сараптау және археология мәселелері назардан тыс қалмау керек. Соның ішінде халқымыздың рухани өміріне қатысты мәдениет тарихы мен қоғамымыздың, мемлекетіміздің даму тарихының орны да, маңызы да ерекше.
Атырау өлкесі және Қазақстанның батысындағы – Ақтөбе, Орал, Маңғыстау облыстары мен Арал аймағы – Тұран мен Еуропаның, Тұран мен Иранның, Тұран мен Таяу Шығыс елдерінің өзара ықпалдасу үдерістеріне маңызды рөл атқарғаны ғылыми болжам түрінде қалуға тиісті емес, оның тарихи шындығын ашу, бүгінгі форумды ұйымдастырушы ғалымдар мен зерттеушілердің еншісінде деп білемін, – дей келе Бейбіт Мамраев өлке тарихшыларының алдында көптеген міндеттер мен жұмыстардың тұрғанын, соның ішінде өлке тарихын тың мұрағат құжаттары негізінде кешенді түрде зерттеуді, жаңаша тұрғыдан зерделеуді жүзеге асыру қажеттігін айтты. Осы зерттеулердің нәтижесінде өлкеміздің жаңа энциклопедиясы түзілсе құба-құп болар еді.

ТАРИХИ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

– Қазіргі кезде елімізде қалыптасқан мемлекет құрылды деген сөз жиі айтылуда, – деді өз сөзінде Саттар Мәжитов. – Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында бұл ұғым өзінің орнын тауып, ерекше мәнге ие болды. Қазіргі заман тарихы үшін мұндай шегеленіп айтылған ойлар өте маңызды, методологиялық ұстанымға тең. Сондықтан, Отанымызда ұлттық тарихқа қойылатын талаптар күшейтіліп «Халық – тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламаға жол ашылды. Расында, қалыптасқан және әр мемлекеттің негізін қалайтын – халық. Олай болса, ол өзінің тарихынан дәрежесіне теңдес орнын алуға тиісті. Мұндай қалыпқа оны жеткізетін, ең алдымен, кәсіби тарихшылар қауымы.
Әрбір ұрпақтың өз тарихы мен өлкетанудан хабары болуы тиіс. Саналы тарихи ойдың нағыз таза бұлағы – өлке тарихы. Онымен сусынданған азаматтың санасы ешқашан да уланбайды.

«АТЫРАУДА САРАЙШЫҚТАН БАСҚА ОН ҮШ ҚАЛА БАР…»

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл жиынға қатыса алмаса да өз ойын білдіріп, ұлттық тарихты зерттеу, зерделеуде облыста атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде өз баяндамасын жіберген екен.
«Қазіргі таңда Қазақстан мемлекет құрудың жаңа белесіне шықты. Әлбетте, бұл бағытта мәдениет пен тіл, әдет-ғұрпымызды сақтау – міндетіміз. Атырау облысы әкімінің өкімімен облыс әкімі жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі құрамында жергілікті тарихшылар, өлкетанушылар бар қоғамдық кеңес құрылды. Осы қоғамдық кеңес мүшелері өлкетану бойынша маңызды жұмыстарды қолға алып отыр. Жуырда Ұлы Жібек жолын негізге ала отырып, өңірдегі тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасай отырып, туған өлкеміздің бай тарихын, баға жетпес мұраларын насихаттау мақсатында тарихи деректер экспедициясы өтті. Нәтижесінде «Тарих, археология және этнология орталығын» ашу мәселесі қолға алынды.
Аз уақыт ішінде облыс аумағындағы ескерткіштерге барлау жұмыстары жүргізіліп, бес тарихи құнды нысан табылды. Жергілікті қорғаудағы бес тарихи нысан қайта қалпына келтіріліп жатыр. Атырауда Сарайшықтан басқа он үш қала бар екені белгілі болды. Оның ішінде 15-ші ғасырда салынған Қорғанша қаласы бар. Қазіргі таңда елімізде білім берудің сапасы мен халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу, насихаттау мәселесіне басты назар аударылуда. Осы мәселелерді жүзеге асыруда Қазақстан тарихы мен өлкетанудың алар орны зор» делінген баяндамада.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз