Жарнама
Білім

ЕКІ БІРДЕЙ МЕКТЕП ЕСІГІН АШТЫ

 

Дарынды балаларға – әрқашан қолдау

Қазақ елі егемендік алған алғашқы жылдары Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Түркия Республикасының басшысы Тұрғыт Өзалмен арада келісім жасап, нәтижесінде тәуелсіз мемлекетіміздің білімді де, білікті жастарын тәрбиелеп өсіруге үлкен бетбұрыс жасалған еді. Сол бастаманың алғашқы қадамы – қазақ жерінде қазақ-түрік лицейлерінің ашылуы болатын. Содан бері өткен 22 жылда бұл білім ошағы дарынды шәкірттер тәрбиелеп, білікті ұстаздардың бірегей толқынын жасақтауда айрықша көзге түсті. Соның бір айғағы – лицейлерден өзінің ұшар биігіне самғаған түлектердің талай-талай білім-ілімді сарапқа салған додаларда алтыннан алқа тағып, өзін баулыған ұяның ғана емес, күллі Қазақ елінің мерейін үстем етуі.  Міне, сол ақжолтай бастама Кең Жылыой жеріне де келіп жетті. Лицейдің маңызды ерекшеліктерінің бірі – шет тілдерін оқытуда басымдылық пен ерекше талап қоюы. Оқытуда әлемде озық деп танылған әдістермен бірге, түрлі әдебиеттер, көрнекі құралдар мен басқа да оқу материалдары пайдаланылады.

Лицейдің салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы құттықтау сөз сөйледі.

– Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында облысымызда әлеуметтік сала ғимараттарына кең өріс ашылды. Назарбаев зияткерлік мектептері өмірге келіп жатыр. Мәселен, Жылыойда бір айдың ішінде осымен екі мектеп және балабақша ашылды. 250 шәкіртке арналған бұл қазақ-түрік лицейі – дарынды балаларға арналған оқу орны, — деген ол білім ордасының болашағына сеніммен қарайтынын жеткізді.

Бұдан кейін аудан басшысы Мақсым Ізбасов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев лента қию рәсімін жасады.

Лицей ғимаратын аралаған басшылық үшінші қабаттағы жатақханамен, шет тілі және информатика кабинеттерімен, кітапханамен танысты. Аудандық білім бөлімі басшысы Света Аманшиеваның айтуынша, мұнда ғылыми жұмыстармен айналысуға, олимпиадаға қатынасушыларды даярлауға да тиісті жағдай жасалған. 

Жаңа мектеп – жарқын істер ұйытқысы

Одан әрі облыс басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев «Аэропорт» ықшамауданында жаңадан салынған №21 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратының ашылу рәсіміне де  қатысты.

Атап айту керек, Жылыойда аудан әкімдігі мен ірі мұнай компаниялары арасындағы өзара іс-қимыл жоғары деңгейге қойылған. Жаңа мектепті ауданға «ҚазТрансОйл» АҚ салып берді.

Мәлім болғанындай, мектеп құрылысына 930 млн. теңге жұмсалды. Мұнай тасымалы бойынша ұлттық оператор болып табылатын «ҚазТрансОйл» АҚ бұл жобаны Ата Заңымыздың 20 жылдығы және еліміздің құбыр тасымалы көлігіне 80 жыл толу датасына арнап отыр екен. Компанияның Бас директоры Қайыргелді Қабылдиннің айтуынша, «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздің әлеуметтік және мәдени салаларының дамуына қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен 2014 жылы компания әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын екі миллиард теңге көлемінде қаржыландырған. Енді таяу уақытта компанияның демеушілігімен Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында және Атырау облысының Құрманғазы ауданында үш бірдей әмбебап спорт алаңы пайдалануға берілетін болады.

Бұдан соң меймандар мектеп ғимаратын аралап көрді. Қазіргі заманғы білім ордасы жаңа техника және жабдықтармен жарақтанған. 300 орындық мектеп  бағдарлы (профильді) және лингафонды кабинеттер, сондай-ақ биология, физика, химия, математика, информатика пәндері бойынша зертханалармен жабдықталған. Оқу сыныптарында интерактивті тақта, электронды стенділер бар. Биология, химия және физика зертханалары арнаулы жабдықтармен және тәжірибе жүргізу үшін құралдармен жарақтанған. Барлық оқу кабинеттерінде көрнекі құралдар және электронды оқулықтар бар.

Мектептің асханасы толыққанды ыстық тамақ дайындауға және бір мезгілде 102 шәкіртті тамақтандыруға есептелген. Дене шынықтыру және спорт аймағы баскетбол, волейбол және футбол ойнауға лайықталған, түрлі спорттық құралдар, тренажерлері бар. Мектепте медициналық кабинет қызмет көрсетеді.

Заманауи әлемнің күш-қуаты – білімде. Олай болса, жас жеткіншектердің болашағы үшін атқарылып жатқан игілікті істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button