Жарнама
Білім

ДУАЛЬДЫ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ – Бүгінгі күннің басты талабы

Өндіріс орындарымен серіктестік байланысты нығайта отырып, дуальды оқыту жүйесін енгізу де – осы саладағы  жаңашылдықтың бірі. Оның маңыздылығы сол, колледждер өңірдегі еңбек нарығының сұранысына лайықтап, маман дайындайды, қажетті жаңа бағдарламалар дайындап, өз кәсіби әлеуеттерін дамытады, оқытушылар құрамының біліктіліктерін жетілдіріп, білім сапасын арттыруды басты назарда ұстайды. Сол арқылы еңбек нарығындағы білікті мамандар тапшылығын жоюға атсалысады. Себебі, жоғары және арнаулы оқу орындарында мамандар дайындауда теориялық білімнің тәжірибеден алшақ болуы салаға қатысты басты проблема болып отырғаны жасырын емес. Ал, техникалық және кәсіптік білім берудің негізгі міндеті – заманауи кәсіби маман дайындаудың жаңа үлгісін қалыптастыру.

Өз кезегінде ҚР Президенті барлық отандық компанияларды дуальды білім беру жүйесіне атсалысуға шақырды. «Бүгінде бұл жүйе 60 елде жұмыс істеуде. Мен барлық қазақстандық компанияларды осы жүйемен шұғыл айналысуды, ал Үкіметке оны қадағалауды тапсырамын», — деген еді Елбасы.

Қолға алынып отырған оқытудың дуальды технологиялық үлгісі дүние жүзінде кәсіби-техникалық мамандарды дайындаудың тиімді формасы болып табылады. Бұл үлгі болашақ маманның, бизнестің және мемлекеттің мүддесін біріктіреді. Мәселен, дуальды оқыту жүйесі дұрыс жолға қойылса, жастар жауапкершілікті ерте сезінеді, тәжірибе жинақтап, өз бетімен өмір сүруге бейімделеді әрі еңбекқорлыққа үйренеді. Ең бастысы, жастар жұмысқа орналасуға ынталы болады. Ал, кәсіпорын өз сұраныстарына орай жұмысшы іздемейді, таңдап, оларды үйретіп, қайта даярлап, бейімдейді. Білікті жас қай салада болмасын ел әлеуетінің арта түсуіне өз үлесін қосады. Ал, мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар нәтижесінде жастарды жұмыспен, баспанамен қамтуға мүмкіндіктер қарастырылып отырғанын ескерсек, білімді болуға еш кедергі жоқ екені сөзсіз.

Дуальды жүйеде студенттен тек бағдарламаның орындалуы ғана талап етіліп қоймай, әр студенттің кәсіби қырларының ашылуына, жетілуіне, шыңдалуына, осал жақтарының жойылуына, жастыққа тән жігермен еңбекке араласатын маман болып қалыптасуына жағдайлар жасалуы керек.

Еңбек нарығында сұраныс болса жас маман жұмыссыз болмасы анық. Ол үшін жұмыс берушінің талабына сай білім беріліп, оқу орны мен мамандық сұранысына ие кәсіпорын арасында байланыс орнауы, оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи технологиялармен жаңартылуы, толықтырылуы және әлеуметтік әріптестікті дамыту көзделеді. Тағы бір өзекті мәселе сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындау үшін оқытудың тиімді жаңа инновациялық технологиялары енгізіледі.

Қазіргі кезде елдегі динамикалық өзгерістердің түпкі мақсаты – халық тұрмысын жақсарту, маңызды барлық саланы жетілдіру, халық жағдайын әлеуметтік-экономикалық жағынан көтеру.

Кәсіби шебер мамандар қатарын толықтыру бүгінгі жас мамандарды дайындаудан басталады. Елбасымыз Н.Назарбаев 2020 жылға дейінгі ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу міндетін жүктеген болатын. Шағын және орта бизнес дамыса, мемлекет қуаты да арта түспек.              

Олай болса, оқытудың дуальды жүйесі ертеңгі мамандардың кәсіби әлеуетін жоғарылатуға, дайындықтарын жетілдіруге зор ықпал етпек. Білім берудің бұл бағытының тағы бір ерекшелігі тараптардың қарым-қатынасы тепе-теңдік және әділдік принциптері негізінде құрылады. Әлеуметтік серіктестікке қатысушылар оқыту нәтижесіне ғана емес, сонымен қатар оқытудың мазмұнына, оның ұйымдастырылуына да мүдделі.  

Тұтастай алғанда бұл бастаманың өз мәнінде жолға қойылуы үшін бүгінгі таңда  дуальды жүйенің қазақстандық моделін жасақтап, болашақ кадрларды осы модель бойынша даярлайтын кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарына арналған ереже жасақтаған жөн. Бұл ретте жергілікті билік өкілдерінің ықпалы болуы керектігін ескерген дұрыс. Сол секілді болашақ мамандар үшін кәсіпорындарда жұмыс орнын қарастырып, тәжірибеден  өту мәселелерін шешу де жүйені дамытатын алғышарттар екені анық.

«Ал, дуальды оқыту жүйесін жүзеге асырудағы әлеуметтік серіктестіктер ықпалы қандай болуы керек?» деген сауал туындауы заңды. Олар оқу орнына қандай және қанша маман дайындау туралы ақпарат беріп, оқу орнына маман дайындауға өз талаптарын қояды. Сонымен қатар, оқу орнымен бірлесе отырып, оқу-материалдық құжаттарын дайындауға қатысып, оқушыларды оқу және өндірістік тәжірибеден өткізуге жағдай жасауы қажет.

Дуальды оқыту жүйесі облыстың техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында да енгізіліп, алғашқы қадамдар жасалуда. Мәселен, Атырау индустриалды, политехникалық, агротехникалық, энергетика және құрылыс, көлік және коммуникация т.б. колледждерінде бұл жүйе арнайы мамандықтар бойынша қолға алынып, заманауи технологияның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндігі мен әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналаса алу мәселелерімен айналысуда. Институт бұл оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орната отырып, қысқа мерзімді курс тыңдаушыларына нәтижелі жұмыс бағыттары мен жетістіктерін, өз іс-тәжірибелерін таратуға, әріптестерімен ой бөлісіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер жасап, ықпал етуде. Оқу орындарының жетекшілері де ізденісті еңбектерін, шығармашыл педагогтарының жетістіктерін, оқу орнының жаңалықтарын көрсетуге ынталы.

Дуальды жүйені қолдануда оқу-өндірістік үрдісінің жеке-бағыттылық, кешенділік, күрделілік, үздіксіздік және шығармашылық сипаттары ескеріліп, жетекші мен студент арасындағы қарым-қатынас ынтымақтастық және серіктестік бағытта болады. Бұл студенттің өз мамандығына сай қажет еткен мәліметтерді толық алуына мүмкіндіктер беріп, бойына коммуникативтік және толеранттық көзқарасты қалыптастыра түседі.

 

Гүлнара Исмурзина,

«Өрлеу» АҚ филиалыАтырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтыныңаға оқытушысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button