«Дарынды ұрпақ – ел болашағы». Мектеп бітірушілер форумы осылай аталды

  Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде дарынды оқушылардың ІІІ облыстық форумы өтіп, оған облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ қатысты. Биылғы оқу жылында білім, ғылым және өнер саласында айтулы жетістікке жеткен бір топ оқушыны марапаттап, мектеп түлектеріне сәт-сапар тіледі.

  Алдымен атыраулық жас ғалымдар өздерінің жобаларын көрсетіп, табыстарымен бөлісті. Махамбет ауданының «Райхан гүлі» балабақшасынан келген бес жастағы Өтепқали Сәтберген ғылыми жетекшісі Биғайша Құмаровамен бірге ешкі тұқымының қасиеттерін зерттеп, оның өнімінде адам ағзасына қажетті дәрумендердің 90 пайызы кездесетінін дәлелдеген. Ал, қазақ-түрік лицейінің түлегі Нұрхан Оңдасынов Назарбаев университетінің сынағынан жоғары ұпай жинап, оқуға шақырту алған. №17 мектеп-лицейдің екінші сынып оқушысы Алиазим Ибрашев үй жануары – мысықтың ерекшеліктерін зерттеп, шағын кітапша басып шығарыпты. Мұндай мысалдар көп.

  Салтанатты шараға Атырау қаласы мен аудандардан келген халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарының, әртүрлі білім, өнер додаларының жеңімпаздары, оларды дайындаған ұстаздар мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Расында да, бүгінгі дарынды шәкірттер – биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткелі отырған еліміздің ертеңі.

– Өскелең ұрпақтың оқу-тәрбиесі – Елбасының жеке бақылауында. Қазір білім жетілдіру аясында түрлі инновациялық әдістер қолданылуда. Қай мектепке барсаңыз да, интерактивті тақта, биологиялық-химиялық құралдар, заманауи спорт залы мен асхана және тағы да басқа керек-жарақтың барлығымен қамтылған. Сондықтан, жастар бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, болашаққа бейімделуі керек. Мектеп түлектері бір бағытпен ғана шектеліп қалмай, бәсекеге қабілетті маман атануға әрекеттенгені дұрыс. Бұған облыста барлық жағдай жасалған. Мен де алғашқы ұстазым Мәрия Жұманова бастаған небір білікті ұстаздардан білім алдым. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаған ғой. Алғашқы сынақтан сәтті өтсеңіздер, алда биік белестер тұр. Бірақ, қандай қиындыққа да төзе біліңіздер. Себебі, сіздерге ел үлкен сенім артады, – деді облыс әкімі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз