ДАРЫНДЫ ӨРЕНДЕРДІҢ ОРДАСЫ
Өткен 2013-2014 оқу жылында бұл мектепте 20 сыныпта 350-ге тарта оқушы дәріс алса, білім сапасының көрсеткіші 72 пайызды құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен аймақтағы бес облыстық дәрежедегі мектептердің арасынан екінші орынды еншілеп, облыстағы он үздік білім беру ұйымының қатарына ілікті. ҰБТ-ға қатысып, бағын сынаған 44 түлектің 10-ы 100-ден жоғары балл жинап, олардың барлығы да жоғары оқу орындарына түсті. Нәтижесінде, орташа көрсеткіш 84 балға тұрақтады. Мектеп бітірушілер арасынан бір оқушы «Үздік аттестат» иесі атанса, тоғызыншы сыныпты тәмамдағандардың ішінен екі бірдей өрен «Үздік куәлік» алып шықты.
Биылғы мектеп түлегі Альфия Ситалиева – Мәскеу, Жәрдем Мұратбек Байқоңыр қалаларында өткен «Компьютерлік физика» және «Ғылым әлемін ашамыз» тақырыптарындағы халықаралық ғылыми жобалар сайысында бірінші орынды иеленді. Көкше өңіріндегі Бурабай жерінде ұйымдастырылған «Ақ сұңқарым!» атты халықаралық ән фестивалінде Анель Қожахметова бас жүлдені жеңіп алды. Салтанатты жиында сөз алған мектеп басшысы Амангелді Шалабаевтың айтқан әңгімесінің түйіні осыған тірелді. Ол жиналғандарды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Биыл бұл мектептің табалдырығын бірінші рет аттағалы отырған бесінші сынып оқушыларының қадамына сәттілік тіледі.
Дәулетқали АРУЕВ.