«Цифрлы Қазақстан: Жаңа заманғы білім беру» дәстүрлі Тамыз кеңесі пленарлық мәжілісі өтті
Жиында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкінұлы, Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов және пленарлық мәжіліс модераторы Атырау қаласы білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова білім саласындағы жолға қойылған бірқатар жобалар мен білім қызметкерлері тарапынан атқарылып жатқан тиісті жұмыстар мен білім саласына цифрландыру жүйесін енгізу туралы сөз қозғалды.
«Цифрландыру жүйесін енгізу білім саласындағы қиын жұмыстарды жеңілдетеді. Осы арқылы білім саласының одан әрі дамуына мүмкіндік аламыз. Бұл жүйе бойынша мектептерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар мектептердегі камераларды цифрлық бейне бақылауларға ауыстыру, мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салқындатқыш қою сияқты қосымша жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек Ұстаздарға жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй беру мәселесі қарастырылуда» деді Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Жалпы білім жүйесінде бірлескен жедел шешімді талап ететін әлі де бірқатар маңызды мәселе бар. Дәстүрлі Тамыз кеңесі осы түйткілдің түйінін шешуге көмегін тигізеді. Сол үшін де бүгінгі алқалы жиында тек білім саласы қызметкерлері емес, облысқа қарасты түрлі басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері жиналды.