Жарнама
Білім

БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН КҮШ

 

Ұша білген қанатқа дүние кең

— Кез-келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. «Білімсіздің  күні –қараң». Көзі ашық, көкірегі ояу, ой-санасы жетілген өміршең ұрпақ өз Отанының дамуы жолында аянбай тер төгеді. Бүгінгі қоғам, қазіргі нарық бәсекеге қабілеттілікті талап етіп отырған шақта, жалын-қуаты мен жігер-қайратын үстеп, ізденіс пен талпыныс жетегінде ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Олай болса, осы бастан елімізді көркейту, оны ажарлы абатымен, сындарлы сәулетімен өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз, — деп «дөңгелек үстелді» кіріспе сөзбен ашып, сөз бастаған оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Мағзия Қартанова одан әрі жиналған көпшіліктің осы тақырыптағы ой, пікір, ұсыныстарына қозғау салды.

Дана Баймағамбетова, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының уақытша атқарушы хатшысы:

— Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» ЖҚ екінші съезінде «жастарды нұрлы болашаққа жетелейтін негізгі күш – Арман. Еңбек. Сенім» деп, олардың бойларынан әрдайым ертеңге деген сенімдерін, қоғамға тигізер пайдаларын көргісі келетіндігін айтқан болатын. Осы негізде, яғни, жастарға деген сенімнің арқасында қазіргі таңда көп жобалар жасалып жатыр. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы қабылдаған он екі жобаның үшеуі жастарға арналған. Олар – «Жастар-Отанға», «Жастар кадрлық резерві» және «Сәтті қадам» жобалары. Ұша білген қанатқа дүние кең ғой. Мәселен, «Сәтті қадам» жобасы жастарға өз мамандығымен жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Күні кеше Атырау қаласында «Жас Отан» жастар қанаты атқарушылары мен Жастар ресурстық орталығы басшыларының басқосуымен өткен жиынға қатысқанымызда, мекемелерде жастарға ақысыз тәжірибе беру жобасы келесі жылдан бастап нақты жүзеге асатындығы айтылды. Бұл – өте дұрыс мәселе. Өйткені, мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ жасты мекеме жұмысқа алмайтыны түсінікті жайт. Ал, ақысыз тәжірибе жинақтаған күнде, қабілет-қарымын айғақтайтын мінездеме қоса жіберілер еді. «Жастар кадрлық резерві» жобасына қатысу үшін жоғары оқу орнын бітірген 29 жасқа дейінгі ой-пікірі өрісті жастар арнаулы сайтқа кіріп тіркеліп, облыстық деңгейде сұхбат-әңгімеден өтсе, «Болашақ» бағдарламасы бойынша жолдама алып, Астана қаласына оқуға баруға мүмкіндігі бар. «Жастар-Отанға» — үшінші жоба. Жобаның мақсаты – жастардың Отан игілігі үшін қызметіндегі мүмкіндіктерін ашу, іске асыру, атап айтқанда, ол – жастардың өнегелік тәрбиесі, гуманизм идеяларын алға жылжыту мен қоғамға қызмет ету, үлкендерге (ардагерлерге, ата-аналарға) құрмет көрсету және еңбек құндылығын көтеру.

Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша елдің барлық өңірлерінен, әсіресе, ауылдық жерлердегі талантты жастарға баса көңіл бөліп, олардың шет елдерде оқуына мүмкіндік туғызу  маңызды мәселе болып табылады.

Жандос Әділет,  Жастар ресурстық орталығының заңгері:

— Биылғы Жолдауында Елбасының жастарға үлкен жауапкершілік артып отырғанын сезіндік. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясының өзі жастар үшін қабылданып жатыр. Өйткені, жастар – мемлекеттің болашағы. Ал, болашақтың қалыбы бүгіннен басталады. Елбасы осы бастан жастардың келешекте жүрер бағытын анықтап берді. Солардың бірі – салауатты өмір салтын орнықтыру, ол қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын сексен жасқа дейін арттыратындығы және оны спортсыз жүзеге асыру мүмкін еместігі айтылды. Демек, бұқаралық спортты дамыту – өте маңызды.

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан мекемелерінде еңбек ететін жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен (қол күшін сынау, арқан тарту, гір көтеру) бәсеке өз мәресіне жетті.  Аулалық клубтар арасында мини-футболдан, волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Мектеп жасындағы балалар арасындағы марафон және велосипед жарыстары тартысты сипат алды. Сонымен қатар, орталық спорт кешенінде өткен жас отбасылардың «Толағай» бәсекелік ойыны, эстафеталық жарыстар көпшіліктің қызығушылық сезімдерін тудырғаны  анық.

Білім мен кәсіби машық – басты бағдар

Айгүл Орамахова, ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

Ел Президентінің «XXI ғасыр білім мен ғылым ғасыры болады» деп айтуында үлкен мағына жатыр. Елбасы қазақстандық білім мен ғылым жастардың қолында екендігін және интеллектуалды ұлтты қалыптастыру туралы үнемі айтып келеді. Өйткені, әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына ену тек білім мен ғылымға негізделу керек. Бұл — заман талабы. Сондықтан да, Елбасы өз сөзінде: «Мен сіздерге, жаңа буын қазақстандықтарға, сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген жоқ па?! Мемлекет болса, өз тарапынан жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуларына, қажетті мамандықты игеруіне, өз арман-мақсаттарын жүзеге асырулары үшін бар мүмкіндіктер жасап келеді. Бұған әлемдік деңгейдегі Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, «Балапан», «Болашақ» бағдарламалары дәлел болса керек.

Бақытгүл Дәуітбаева, Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжінің жетекші ұстазы:

— Күні кеше ғана Атырау облысы колледждері студенттерінің арасында «Жастар көшбасшысы» атты жоба ұйымдастырылды. Қатыстым. Негізгі мақсаты – жастарды ұйымшылдыққа, көшбасшылыққа дағдыландыру. Жобада «Білім саласындағы жастарды толғандыратын мәселелер», «Сапалы білім алуға дағдылану», «Болашақ мамандықты қалай елестетеді?», «Жастар инициативасы» тақырыптарында ой қозғалып, студенттер өзара пікір алмасты. Жоба аралығында тренингтер өткізілді. Облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев студенттерге «Жастар көшбасшысы» атануға бастайтын қадамдар мен оған тән қасиет-белгілерді, олардың өз бетімен көп іздену керектігімен байланыстыра түсінік берді. Жоба өз мақсатына жетті дей аламыз. Ол студенттердің қызығушылығына және білім деңгейлерінің көтерілуіне игі әсерін тигізгені анық.

Жоба мынадай тұжырым жасады: жастар дипломмен жұмыс орындарына жүгірмей, керісінше жұмыс орындары  жастарға сұраныс беретіндей олардың бойында қабілет, білім болуы қажет.

 

Тәлімді, алымды болу – тәрбиеден

Гүлжан Ерғалиева, зейнеткер ұстаз:

Көзім жеткені, адамның тәрбиелі болып қалыптасуына үш орта әсер етеді, яғни адами жақсы қасиеттер ата-ана, ұстаздар қауымы және құрбы-құрдастардан жұғысты болады. Адамгершілік, мінез байлығы болмаса, өміріңнің мәні бола ма?! Ұл-қыздарыма айтарым, абыройлы бол, қатарыңның алды болуға ұмтыл, өмір ағымына ілес, ізден, үйрен! Сонда ғана дүниенің кетігін тауып, бір кірпіші болып қаланасың. Жастар жаза басса  өкінеміз, жақсы істерге, жаңаға ұмтылса,  серпілеміз.

«Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары» жобасы өмірге келіп жатыр. Бұл міндет-мақсат жастардың болашағына үлкен серпін беріп, олардың келешекке деген көзқарасына зор сенім ұялатты және білімге, еңбекке, яғни табандылыққа талпынуға шақырды. Өйткені, елдің келешегі, елдің ертеңгі тағдыры солардың қолында.

Нұрберді Төлеуғожин, тәжік-ауған шекарасында әскери қимылдарға қатысушылар ардагерлер Одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық ұйымы төрағасы:

— Отанды сүю – патриоттық сезім. Ол – қазақтың өзін-өзі қадірлеуі, өз-өзіне деген құрметі.

Біздің ұйым 2012 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған еді. Мақсат – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және әскери дайындыққа әзірлеу. Қолға алып жатқан іс-шараларымыз жетерлік. Мәселен, «Қайсар» әскери-патриоттық клубын ашуға жұмыстанудамыз. Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстардан  оралмай қалған қаһарман жауынгерлер бар, соларға арнап мұражай ашсақ дейміз. Ерлікпен құрбан болғандардың рухы риза болсын, оларға ескерткіш қойсақ деген ұсыныс-пікірімізбен аудандық әкімдікті құлағдар еткенбіз. Әйтеуір, алғы күндерден үмітіміз зор.

Зәуреш Қалмұханова, аудандық әділет басқармасының басшысы:

— Отан отбасынан басталатыны сияқты, тәрбиенің де негізі, ең алдымен, отбасында қаланады. Жастар тәрбиесі қалай қалыптасса, елдің де өсу, өркен жаю деңгейі солай сипат алады. Өйткені, олар – болашағымыз.  Мен Атырау өңірінде іскер әйелдер жиынына жиі қатынасамын. Олар кәсібін қалай сүйіп, айналысса, бала тәрбиесіне де солай уақыт табады. Бала – жанұяның өзегі. Оған Үкіметтің көмегін, мемлекеттің қамқорлығын шынайы сезіне білсе жөн, әркім. «Мерейлі жанұя» ұлттық байқауында жылыойлық Бешімовтер әулеті облыс бойынша топ жарып, алдыңғы қатарға шықты. Бұл барша отбасына тәрбиенің нағыз шынайы үлгісі емес пе?! Бүгінгі жастардың еркін ойлап, өз пікірін анық та ашық жеткізе алатыны қуантады.

Өкінішке орай, ажырасып жатқан жас отбасылардың 30 пайыз құрап отырғаны қынжылтады. Отбасы діңі мықты болу үшін өмір сүру жауапкершілігі, өзара сыйластық пен бірін-бірі түсінушілік сезімі берік болуы керек. Жалпы, ана мен бала, ене мен келін тақырыбын алдағы уақытта күн тәртібінде бөлек қарауды ұсынамын. Ол — өте күрделі мәселе.

 

Ұлт денсаулығы – ұрпақ

салауаттылығы

Шынар Омарова, салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің дәрігері:

— Қазіргі кезде денсаулық сақтаудың бес инновациялық нысаны бар, олар – балаларды оңалту орталығы, ана мен бала, нейрохирургия, кардиология және шұғыл медициналық орталықтары. Шалғай аудандарды медициналық қызметтермен қамтитын көлік медицинасы дамып келеді. Ұлттық скрининг жүйесі бойынша сырқаттарды бастапқы сатысында анықтауға және оның алдын алуға мүмкіндік туды. Дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікті түрде қамтамасыз ету тәртібі бар.

түйін

Еліміздің болашағы – жастар. Олар заман ағымына сай жаңа жүйелер мен технологияның дамыған кезеңінде өмір сүруде.  Сол себепті, қоғам жастардан терең білімділікті, мәдениеттілікті, жан-жақтылықты талап етеді. Бұл қасиеттерді бойына сіңіре білген жасөспірімдер жетерлік. Оларды көріп сүйсінесің, ал керісінше шылым шегіп, ішімдікке бой алдырып немесе жат ағымның жетегінде адасып жүрген, бұзақылықтарға баратын жастарды көріп қынжыласың. Ең бастысы, жастар өз Отанын сүйетін патриот болулары керек. Елбасының әрбір Жолдауы да жастарды отаншылдыққа, еліне деген сүйіспеншілікке, тіліне деген жанашырлыққа тәрбиелейді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button