Бірінші вице-министр білім ордаларын аралады
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаева мемлекет басшысы тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асырылуы және білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығымен танысу мақсатында Атырау облысына келді.
Оқу-ағарту министрінің орынбасары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Атырау қаласының Береке ауылында салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысымен танысты. Оқу ғимараттарын жаңарту және инфрақұрылымды жақсарту бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан қаладағы Ю.Гагарин атындағы №4 және И.Тайманов атындағы №27 мектептерді аралап көрді.
Жұмыс сапары барысында Н.Жұмаділдаева оқу процесін дер уақытында ұйымдастыру және педагогикалық кадрлар құрамын тиімді қалыптастыру, әсіресе «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Бірінші вице-министр іссапар барысында APEC PetroTechnic жоғары колледжіндегі оқу бағдарламасымен, мекеменің материалдық-техникалық базасының жабдықталуымен танысты. Бүгінде білім ордасында 1300 студент білім алса, олардың 65%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқиды. Н.Жұмаділдаева өндірістен тартылатын кадрларды іріктеу және орналастыру, жергілікті кәсіпорындармен өзара ынтымақтастық құру, мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігін атап көрсетті.
Айта кету керек, облыстағы 200-ден астам мектептің 12-сіне қазір күрделі жөндеу жасалып жатыр.
Мәлике МӘЛІК