БІР МЕКТЕПТЕ – 212 ҮЗДІК!
Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысып, жиналғандарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мектеп – білімнің ордасы, ал, терең білім – теңдессіз қазына екенін баса айтып, жас ұрпақтың білім алуына бар жағдай жасап келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыс та аз емес, — деген Ғ.Дүйсембаев облыстың білім саласындағы жаңалықтарына тоқталды.
Белгілі болғандай, биыл 99 мыңнан аса оқушы мектеп қабырғасында білім алғалы отырса, оның 10 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш рет аттауда. Барлық мектеп ыстық тамақпен толық қамтылған. Үш ауысымды мектептің жағдайы да шешілді. Биыл 12 білім беру ошағы іске қосылды. Оның бесеуі – мектеп, жетеуі – балабақша. Апатты жағдайдағы мектептің мәселелері де шешімін табуда. Оқу-әдістемелік құралдарды жетілдіруде облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Электронды оқыту жүйесі де жыл сайын дамуда. Биыл бұл жүйеге 47 мектеп қосылмақ. Химия, биология, физика кабинеттері де толық жабдықталып, мультимедиялық және лингафондық кабинеттердің саны да артып келеді.
— Мұның бәрі оқушылардың сапалы білім алуына жасалып отырған жағдай. Бала қымбат, тәрбие одан да қымбат. Сондықтан, әр ата-ана мен мұғалім бұған баса мән беру керек, — деген Ғұмар Ислямұлы ел болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін қадап айтты.
Аталмыш мектеп аймақтағы озық білім ордаларының қатарынан орын алады. Өткен жылы да бірнеше қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жұмыстарда жеткен жетістіктері аз емес.
Былтыр 212 оқушы оқу үздігі атанды. Мектепте 121 мұғалім болса, оның 46-сы жоғары санатты, 41-і – бірінші санатты, 27-сі – екінші санатты. Ұстаздардың біреуі «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болса, екі ұстаз Ы.Алтынсарин медалін иемденген. Бес мұғалім – «Білім беру ісінің үздігі».
Салтанатты жиын барысында жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтаған мектеп директоры Лилия Лигай мұндай құрамы бар мектеп қашанда білімді шәкірт тәрбиелей беретінін мақтанышпен айтты.
Одан әрі мектептің 11-сынып үздігі Рахман Бекқазы мен бірінші сыныпқа қабылданып отырған Нұрай Жанияз қоңырау үнін сыңғырлатты. Сондай-ақ, алғаш мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып бүлдіршіндері қазақ, орыс тілдерінде өлең шумақтарын оқыды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған топ мектеп ішін аралап, оқушыларға жаңа оқу жылында тағы бір мәрте жаңа жетістіктер тіледі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.