BINOM SCHOOL-да алғашқы қоңырау соғылды
Бүгін Атырау қаласындағы «Сарыарқа» шағынауданында орналасқан Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі есігін айқара ашып, алғашқы қоңырау салтанаты соғылды. Заманауи білім ордасында 500 оқушы бірінші сыныпқа табалдырық аттады.
Салтанаты жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысып, барша жиналғандарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Бала – бұл біздің болашағымыз. Оларға ерте жастан жан-жақты тәрбие мен заманауи, бәсекеге қабілетті білім берілсе келешегіміз кемел болып, тәуелсіз елдің тұғыры да мықты болады. Осы жолда Атырауда ең алғаш қызметін бастағалы отырған BINOM SCHOOL мектеп-лицейлерінің қызметіне сәттілік тілеймін. Қазіргі заманға сай жан-жақты жабдықталып, жаңа форматты көздеген білім нысаны – оқу, білім-ғылым жолында бірқатар мүмкіндіктер алаңы. Біз осындай мектеп-лицейлерде сусындаған шәкірттерге зор үміт артамыз. Бүгін тарыдай болып ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің ертеңгі күні таудай азамат боларына сенім мол. Қадамдарыңыз құтты, болашақтарыңыз баянды болсын, — деді Қайрат Нұртаев.
Жалпы жаңа мектеп-лицейде 2023-2024 оқу жылында 4000 оқушы білім алады. Мұнда барлығы 160 сынып кешені бар. 22 лицей сыныптарында 550 бала оқиды. 10, 11 сыныптар жаратылыстану-математикалық бағытта оқытылады.
Біздің білім шаңырағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында салынған. Өз оқушыларына қолжетімді сапалы білім беруге, оларды ересек өмірге дайындауға бағытталған білім беру ұйымдарының алғашқысы. Оқушылардың жеке қабілеттерін, мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін дамытуға зор жағдай жасайтын бірегей материалдық-техникалық база ерекшелігі болып табылады. Ұстаздар да соған сай біліктіліктерін арттырып отырады. Біздің басты мақсат – оқушыларға сапалы білім беруде нәтижелі жұмыс жасау, — деді аталған мектеп-лицейдің директоры Ләззат Серікбайқызы.
Заманауи білім беру форматын көздеген мектеп-лицейде алғашқы қоңырау салтанаты да ерекше ұйымдастырылды. Ата-аналар мен оқушылар да өздерін еркін ұстап, мұндағы айрықша атмосфераны сезінді. Ата-аналармен сұрақ-жауап та қолға алынды. Ата-аналар «Біздің бала» концепциясын ұстанамыз! Бір-бірімізбен сыпайы, мәдениетті түрде араласамыз! Мектеп ережелерін қатаң сақтаймыз! Аманат, құрмет, жауапкершілік, қамқорлық, жетілдіру құндылықтарына жұмыстанамыз!» деп ант етті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА