«…Білімді жетер мұратқа»
Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген өсиетінің өзектілігі күннен-күнге арта түсуде. Бұл ретте Елбасының білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны мемлекеттік даму саясатының өзегі деп қарауы да – осының айғағы. Ел дамуының ХХІ ғасырдағы стратегиялық өсу нүктесіне айналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген шаралар ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асуда.
Бүгінге дейін жасалған жұмыс аз емес, бірақ атқаратын іс одан да көп. Біздің еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Интеллектуалды капитал, еңбек адамы, инновациялық ойлау жаңа Қазақстанның басты құндылығына айналды.
2016-2017 оқу жылын 136 білім беру ұйымы, соның ішінде 58 мектеп, екі жекеменшік, 39 балабақша, 28 жекеменшік балабақша, алты саз мектебі және екі мектептен тыс орталығы бар, екі спорт орталығы, бір медико-психологиялық-медициналық орталығымен бастағалы отырмыз.
Егеменді еліміздің өскелең ұрпағы үшін мемлекет барлық жағдай жасауда. Оған дәлел, бүгінгі күні Атырау қаласында мектептер 216 интерактивті тақтамен, 20 лингафонды, 84 мультимедиялық, 34 физика, 33 химия, 29 биология кабинеттері жұмыс жасаса, жыл сайын жаңа компьютерлермен толықтырылып, интернетке жүз пайызға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ел Президенті 2020 жылы балаларды жүз пайызға қамту туралы тапсырма берді. Мемлекеттік мектепке дейінгі 39 мекемеде (15215 бала), 28 жекеменшік балабақшада (1444 бала), 40 жалпы мектеп жанынан шағын орталықта (1330 бала) , сонымен қатар үш жекеменшік даму орталығында 67 бала – барлығы 18056 мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Қала бойынша мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамту 57,1%, үш-алты жас 85% құрайды. Ағымдағы жылы балабақшаға орналастыруға 4850 балаға жолдама берілді. Бүгінгі күні қала бойынша балабақша кезегінде 0-6 жас аралығында 17200 бала тұр.
Қазіргі күні «Балапан» бағдарламасы аясында мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамту 57,1% , үш-алты жас 85% құрайды. Статистикалық есеп бойынша, жыл сайын қаламызда бала туу көрсеткіші көбеюде. Жекеменшік балабақшалар саны жыл санап артуда. Биылғы жылдың өзінде бір жекеменшік, бір шағын орталық – жекеменшік балабақша ашылды. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 500-ге жуық баланы мемлекеттік тапсырыс арқылы қабылдауға мүмкіндік бар. Осы орайда мемлекеттік тапсырыс алуға республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс береміз.
Білім беру саласын қаржыландыру елімізде жылдан жылға артып келеді. Біздің қаламызда да білім беру саласына бөлінетін қаражат жыл сайын өсуде. 2015 жылғы білім саласының бюджеті 12 178 805,0 мың теңгені, 2016 жылы 14 836 957,0 мың теңгені құрап отыр. Осының арқасында біз өскелең ұрпақтың қазіргі заман талабына сай сапалы, білімді ұл-қыз болуына қажетті жағдайдың бәрін жасаудамыз.
2016 жылы №15, №25, 26 мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына 434 млн. 464 мың теңге бөлініп, күні бүгін жаңа оқу жылына дайын тұр. «Ақ Жайық» ауылындағы М.Отаралиев мектебіне NCOC компаниясының демеушілігімен құрылысы жүргізілуде, Тауман Амандосов мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 97 млн. 664 мың теңге қаражат бөлініп, 10 тамыздан жөндеу жұмыстары басталды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін №16 «Дюймовочка» балабақшасына 5 млн. 500 мың теңге қаражат бөлініп, конкурстық құжаттары жасақталуда. Нөсер жауын салдарынан суға кеткен №6 орта мектеп пен №5 және №9 балабақшаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 46 мектепке (он мектепке қазан айында қондырылады) бейнебақылау камераларын орнату үшін 76 млн. теңге игеріледі және өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында он мектепке дабылқаққыш орнатуға 33 млн. теңге қаражат бөлініп, конкурстық құжаттары жасақталуда. Сонымен қатар, 27 мектепке пандус орнатуға 23 млн. 441 мың теңге қаражат бөлініп, конкурс құжаттары қалалық қаржы бөліміне берілді.
Бөлімге қарасты 103 білім беру ұйымының ішінде көгілдір отынмен жылынатын мекемелер – 55, ал орталықтан жылынатын мекемелер – 48. Білім беру объектілерінің барлығы жуу-шаю жұмыстарын кестеге сәйкес жүргізді. Көгілдір отынмен жылынатын 55 мекеменің (оның ішінде 30 мектеп, 17 балабақша) жылу қазандықтарының қысқа дайындығы тексерілді. Осыған орай 19 (11 мектеп, 8 балабақша) жылу қазанының істен шыққандығы туралы акт жасақталды. Орталықтан жылынатын 48 мекеменің (оның ішінде 26 мектеп, 22 балабақша) 47-сі гидравликалық сынақтан өтті. Алайда, №15 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілгендіктен сынақтан өтпеді. Жылу беру маусымына дайындық мақсатында 11 мектепке (№6, №24, №25, Жангелдин, Амандосов, Ломоносов, Сәтпаев, Бесікті, Амангелді, Мұратбаев, Еркінқала) және 8 балабақшаға (№3, №6, №9, №14, №28, №31, №55 және «Шағала-Т») жылу қазандарын алуға 115 млн. 508 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, жеті мектепке (№2, №4, №18, №36, Амангелді, Нысанбаев, Алтынсарин) және №9 «Әлия» балабақшасына генератор алуға 19 млн. 601 мың теңге бөлінді. Конкурстық құжаттары жасақталып, қорытындысы 20-25 тамыз аралығында анықталады. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 662 млн. теңге бөлініп, оған 30 химия кабинеті, 11 322 парта, 1015 тақта және 1244 компьютер алу үшін конкурс құжаттары жинақталуда.
Облыс басшылығының қолдауымен жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі қолға алынып отырғаны, әрине, қуантарлық жағдай деп ойлаймын.
Мектептің жүрегі – мұғалім, білікті ұстаз. Олай болса, ең маңызды міндеттерінің бірі – педагог мәртебесін көтеруде жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілуде. Мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу бағытында қала әкімі біраз жұмысты қолға алуда. Қуантарлығы, биыл ұстаздарымыздың жалақысы 29 пайызға өсті. Педагогтардың біліктілігін арттыру түбегейлі өзгерді. Аталған әдістерді Назарбаев зияткерлік мектептері жанынан ашылған педагогикалық шеберлік және «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталықтары әлемдік тәжірибе негізінде жаңа формациядағы ұстаздар қатарын көбейту арқылы еліміздің білім жүйесін халық-аралық стандарт деңгейіне жеткізу мақсатында білімді де білікті мамандар дайындауда. Осы мақсатта қала бойынша 2016-2017 оқу жылы бірінші сыныпқа дәріс беретін 548 мұғалім, оның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығынан 386 мұғалім, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы базасында 162 мұғалім курстан, қысқа мерзімді курстан — 641, деңгейлік курстан — 144, бастапқы ағылшын тілін игеру мақсатында химия, биология, информатика пәндері бойынша 95 мұғалім жазғы курстан өтті. Үш айлық курсқа белсенді, өмірлік ұстамы бар шығармашыл пән мұғалімдерін жіберу қажет. Алдағы бес жылда 3000-ға жуық мұғалім осылайша біліктілін көтереді. Жаңа біліктілік санаттарына сәйкес мұғалімдерге 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленуде. Ең бастысы, әлемдегі үздік тәжірибені меңгерген бұл мұғалімдер орта мектеп жүйесіне жаңаша леп әкелуде. Білім беру қызметінің сапасын жаңа деңгейге жеткізеді.
Мектептердің орта балл көрсеткіші бойынша алдыңғы орын қатарында мына мектептер орын алды: қалалық лицей – 93,7, №17 мектеп-лицей – 91,7, СТГ – 86,9, №27 орта мектеп – 86,9, №36 м/гимн – 86,9, Бесікті орта мектебі – 81,7, №16 м/лицей – 77,4, Мұратбаев орта мектебі – 77,2, №34 м/гимн – 76,9, Тайманов орта мектебі 76,9 балл жинады.
«Алтын белгіге» үміткер 24 оқушының 12-сі, яғни 50 пайызы, «Үздік аттестатқа» үміткер жеті оқушының екеуі және «Алтын белгі», «Үздік аттестат» алуға балы жетпей қалған 15 оқушы – барлығы 17 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл жетістік, әрине, қала ұстаздары еңбегінің нәтижесі деп білемін. Дегенмен, Атырау қаласы үшін бұл көрсеткіш білім беру сапасының әлі де жеткілікті деңгейде емес екендігін көрсетті.
Бәрімізге белгілі, 2015-2016 оқу жылында орта білім мазмұнын жаңарту бойынша көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – 12 жылдық бастауыш білім беру стандартын апробациядан өткізу. Бұл бағытта республика бойынша апробация жүргізу үшін отыз мектеп таңдалса, оның біреуі қаламыздағы №17 мектеп-лицейі эксперименттік жұмысын бастап, алғашқы жетістіктерін көрсетті. Биылғы оқу жылынан бастап барлық бірінші сынып оқушылары жаңа жүйемен оқығалы отыр. Айта кету керек, осы оқу жылында сегіз мыңға жуық бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды. Мектептердегі бала санының көптігінен үш ауысымда оқыту мәселесі де орын алуы мүмкін.
Жоғара айтылғандай, жаңа 2016-2017 оқу жылында бастауыш сынып оқушыларының барлығы ыстық тамақпен қамтылады. Бұл жұмысты ұйымдастыруға барлығы 561 млн. 856 мың теңге, оның 275 млн. 934 мың теңгесі – республикалық бюджеттен, 285 млн. 922 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді.
Оқушылар тасымалы да назардан тыс қалмайды. Биылғы оқу жылында білім беру мекемесінен үш шақырымнан алыс орналасқан елді мекендерден 14 (№4, №5, №6, №25, №32, №35, №36, Еркінқала, Қ.Смағұлов, Бесікті, Б.Нысанбаев, Т.Амандосов, М.Отаралиев, Жамбыл) мектептен 2953 оқушы және Бесікті орта мектебі жанындағы интернатқа 120 оқушы тасымалданады. Қазіргі уақытта №4, №19 орта мектептерге автобус сатып алуға 15 млн. 544 мың теңге қаражат бөлініп, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитетіне конкурс ұйымдастыруға құжаттар ұсынылды.
Бұл оқу жылының ең өзекті мәселесі – оқушыларды оқулықпен қамту. Оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерді сатып алуға 494 млн. 131 мың теңге қаражат бөлінсе, оның игерілгені 87 млн. 128 мың теңге. Сондай-ақ, мұғалімдердің арасында үш тілді меңгеру сауаттылығын арттыру курстары да ұйымдастырылады.
Біздің бұл жұмыстарымыздың басты нәтижесі – мәңгілік елдің білімді болашағы болып табылатын ұрпақ тәрбиелеу. Жаңа оқу жылында білім беру саласында үлкен табыстар мен жетістіктер болады деп үміттенемін. Жоғары сапалы бі
лімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алады. Бұл жетістікке жету жолында біздің педагогтардың талмай еңбек ететініне толық сенемін.
Бақберген ҚАРАБАЕВ,
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы.