БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар – еліміздің келешегі, ал, білімді жастар – мемлекетіміздің жарқын болашағы» деген. Сондықтан, мемлекетіміздің білім саясатындағы басты бағытының бірі – жалпы білім беретін пәндерді игеруге жағдай жасау, бәсекеге қабілетті білімді де білікті жас ұрпақ тәрбиелеу десек, бүгінгі дода білімнің биік шыңын бағындырып, жарқын табыстарға қол жеткізетін дарынды жеткіншектерді тәрбиелеуге ықпалын тигізетініне сеніміміз мол.
«Бастысы – жеңу емес, қатысу» демекші, сіздер, қазірдің өзінде – жеңімпазсыздар. Өйткені, осы республикалық олимпиадаға жету жолында мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық сындардан өтіп келіп отырсыздар. Үлкен сында да сіздерге тек сәттілік тілеймін, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Білім сынында еліміздің 16 өңірінен, Назарбаев зияткерлік мектептерінен, О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық және Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарынан барлығы 556 оқушы қатысып, тоғыз – қазақ, орыс, неміс, ағылшын, француз тілдері, Қазақстан тарихы және құқық пәндері бойынша өз білімдерін сынады.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша 300 атыраулық оқушы жүлделі орындарға ие болып дипломдармен марапатталған еді. Оның ішінде жоғары ұпай жинағандары (жаратылыстану-математика бағытында 36 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағытында 42 оқушы – ред.) республикалық олимпиаданың IV кезеңіне жолдама алды. Мамандардың айтуынша, олардың ішінде басым көпшілігі – халықаралық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері мен қатысушылары.
Айта кетсек, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы жаратылыстану пәндері бойынша республикалық олимпиада қатысушыларын қабылдаған болатын. Мұнда бақ пен білімін сынаған 36 атыраулық оқушының үшеуі жүлделі орындарға ие болды. Информатика пәнінен қазақ-түрік лицейінің оқушылары Айбын Хайреден мен Бекет Баямиров және химия пәнінен ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия оқушысы Іңкәр Мақсот ІІІ орынды иеленді.
— Жалпы республикалық олимпиадаларға 1300-ге жуық оқушы қатысуға ниет білдірген. Орал қаласындағы олимпиада сәтті аяқталып, енді, міне, Атырау өңірі құшағын кең жайып қарсы алып отыр. Оқушылардың жүздерін көріп, олардың көздерінен дарындылықты байқауға болады. Өйткені, олар – бұған дейін мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық кезеңдегі білім сындарында топ жарып, сүрінбей өткендер.
ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, ҚР Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталған республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне өздері таңдаған мамандықтарының пәніне сәйкес Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға конкурс өткізу барысында білім гранттарын иеленуге басым құқық беріледі, — деген «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан ҚИРАБАЕВА ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің атынан олимпиаданың ашылуымен құттықтап, дарынды оқушыларға сәттілік тіледі.
Облыста білім сапасымен дараланатын білім ошақтарының бірі – қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Бекарыс НҰРТАЙ олимпиада қатысушылары атынан ұйымдастырушылар – ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, облыстық әкімдік және облыстық білім беру басқармасына алғысын білдірді.
Бекарыс лицейде оқыған бес жыл ішінде білімі мен шығармашылығының нәтижесін көрсете білді. Ол өткен оқу жылында ұйымдастырылған облыстық ғылыми жобалар конкурсында техника секциясы бойынша «Қазақстанда роботтехникасының дамуы және ақылды робот» атты жобасымен алқалы топтан оза шауып, жүлделі II орынды иеленсе, Ресейдің Протвино қаласында өткен информатикадан «Компьютерлік физика»-2014» халықаралық турнирінде асығы алшасынан түсіп, I орын иегері атанды.
Салтанатты шара барысында Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы оқушылары олимпиада қатысушыларына концерттік бағдарлама ұсынды. «Қазына» би тобы «Мерекелі Атырау» биімен тамсандырса, академияның кішкентай бүлдіршіндері сахнада өлең оқып, білім додасынан сүрінбей өтуге тілектерін білдірді.
«Самға» тобының орындауындағы «Тек алға» әні де көрермен көңілінен шықса, әз-Наурыз мейрамына орай мерекелік шашу ретінде республикалық байқаулардың лауреаты Дана Қазиханова «Мерекем» әнін тарту етті.
Білім ордасының актерлік бөлімінің оқушылары анаға арнаған композициясы және тағы басқа жас өнерпаздардың өнері де көрермен жүрегіне жол тауып, қошеметке ие болды.
Талапты да, таланттылар
Білім додасы екі турдан тұрып, 25-26 наурыз күндері Атырау қаласының №35 мектеп-гимназиясы базасында өткізілді. Бұл мектептің іші кең әрі үлкен, дода өткізуге барлық жағдай жасалған.
Олимпиаданың алғашқы туры қорытындысымен барлық оқушылар келесі кезеңге жолдама алды. Сондықтан, мықтылардың арасынан білімі мен біліктігі арқасында топ жарғандар есімі тек екінші турдан кейін ғана белгілі болды.
Жаңалыққа жаны құштар, білімді оқушылардың ғылыми зерттеу және оқу-танымдық қабілетін ынталандыру, ең талантты жас зерттеушілерді бағалау мақсатында құрамында Қазақстанның білімі мен ғылымының өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген ғылым докторлары, профессорлары, әр деңгейдегі ғылыми қызметкерлері бар отыздан астам қазылар алқасының мүшелері жұмыс жасады.
Олимпиада тек білім сайысын өткізіп қоюмен ғана шектелмеді. Ұйымдастырушылар өзге облыстардан келген қонақтарға мұнайлы астанамызды таныстыру мақсатында бірнеше саяхаттар ұйымдастырған. Облыстардан келген командалар Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейі сынды білім беру нысандарында болып, облыс орталығын аралап, көрікті жерлерімен танысты.
Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі бүгін, сенбі күні Махамбет атындағы қазақ драма театрында өтеді.
Дарынды оқушылар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тамырын тереңдететін, халық мүддесін бірінші орынға қоятын, Қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін ұлтжанды азамат, «Мәңгілік Ел» болу жолында ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын абзал ұрпақ, халқымыздың мақтанышы боларына сенім мол.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Ерлан АЛТЫБАЕВ.
(Олимпиаданың қорытындысын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).