Білім сапасы неге төмен?
Білім – инемен құдық қазғандай. Ал, бұл саладағы Ұлттық бірыңғай тестілеу сол көп жылдар бойы алған біліміңнің нәрін татар сәт пе дерсің. Десек те, облыс түлектерінің ҰБТ-дан төменгі көрсеткіш көрсетуі саланың сын көтермейтінін аңғартады. Жасыратыны жоқ, аймақтағы білім сапасы әлі де төмен. Ендеше, мұның себебі неде? Кінәлі кім, білім нәрімен сусындата алмай отырған ұстаз ба, әлде сабаққа зейіні жоқ бала ма? Білімді арттырудың тың тәсілін кім айтады? Мәселенің мән-жайын жан-жақты зерделеп көрген болатынбыз.
Көрсеткішке кадр себеп
Сала – ауқымды. Бәлкім, кемшілікті жоюда қолға алынған жұмыстардың бірден нәтиже бермейтіні сондықтан болар. Сапаның төмендігіне сылтау айтып, қандай да себеппен ақтап алу әділетсіз көрінеді. Өйткені, мектеп табалдырығында балаға терең білім беріп, бәсекеге мықты, қазіргі қоғам сұранысына ие тұлға ретінде қалыптастыру бүгінгі педагог қауымының, жалпы осы саладағылардың ең негізгі мақсаты емес пе?
Аймақта 200 мектеп болса, балаларға білім беретін ұстаз саны 12 000-нан асады. Сапаның төмендігінің бір себебі кадр тапшылығымен байланысты болуы да мүмкін. «Мектепті емес, мұғалімді таңдаңдар. Мектепті жақсы қылатын да, жаман қылатын да – мұғалім» деп үлкендеріміз тегіннен-тегін кеңес бермейді-ау, сірә?
Оқ бойы оза шауып жүрген орта білім беру мекемелері бір бөлек, қатардағы кейбір мектептерде балаға бар ынтасымен білім нәрін беріп, әртүрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, жемісін көріп жүрген, көрсең көзің тояр ұстаздар жоқ дей алмаймыз. Олар атақ-даңқ үшін емес, «баланы оқытсам, сауатын аша түссем» деген оймен жүрген өз ісінің шеберлері. Мұндай мамандардан өңіріміз де кенде емес. Алайда, облыста кейбір пәндерден кадр тапшылығы маңызды мәселеге айналып отыр. Шындығында, ата-аналар «балаңды орыс сыныпқа берме, оны оқытатын маман аз» деп тектен-тек алаңдап жүрген жоқ. Өткен оқу жылында ұстаздар қатары мыңға жуық жас маманмен толыққанымен, өңірде бұл мәселе әлі де болса өзекті.
Кадр тапшылығын шешу үшін жыл сайын педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлініп, жауапты басқарма зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шешімдер қабылдауда. Алайда, қандай әдіс қолданылса да мектептер бүгінге дейін толық орыс тілді мамандармен қамтылған жоқ. Мәселе, жыл өткен сайын ушығып барады. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімі, физика, математика, химия пәнінің орыс сыныптарына қажетті мамандардың тапшылығы сезіліп отыр. Ал, балаларын орысша оқытқысы келетін ата-аналардың қатары сирер емес…
«Ақырын жүріп, анық бас…»
Коронавирус қырғидай тиіп, білім беру жүйесін де түбегейлі өзгерткен (онлайн немесе қашықтан білім беру, кезекші сыныптар ашу, т.б.) тұста сапаның төмендеуіне пандемияны сылтауратқандар да табылды. Олай болса, дәстүрлі форматта өткен оқу жылы неге сапалы нәтиже бермеді? Бүгінде бізді ойландыратын да осы.
Анығын айтар болсақ, бүгінгі педагогтің материалдық жағдайы жаман емес. Оларға қызыға да, қызғана да қарайтындар көбейді. Орташа есеппен 400 мың теңге жалақы алатын ұстаздардың еңсесін тіктеуге «Педагог мәртебесі туралы» заңның септігі тиді. Қоғамның мұғалімнің қаражатына емес, балаға әріптен бастап үйретіп, бар білімді беретін тынымсыз қызметіне қарап құрмет тұтатыны анық. Тіпті, өзіне сапалы білім берген ұстаздарын өмір бойына ұмытпай, ризашылықпен айтып жүретін адамдар бар. Сондықтан, бұл тұста мәселе қаражатта ғана емес, әр ұстаздың қызметіне деген адалдығында жатыр. Мұны біз тектен-тек айтып отырғанымыз жоқ. Өкініштісі, соңғы жылдары ісіне салғырт қарайтын мұғалімдердің қатары көбейгенге ұқсайды. Қазіргі ата-аналар міне, осыған алаңдаулы. Редакциямызға хабарласқан Айзада Жанасова есімді көп балалы ана баласының сынып жетекшісіне қатысты басынан өткен тосын жағдаймен бөліскен болатын.
– Үшінші балам екінші сыныпқа көшіп жатқан кез еді. Оған дейін бір жыл бойына мұғалімі үлгерімінің төмендігін, қосымша сабаққа беру керектігін айтумен болды. Бірінші сыныпта әріптерді әзер үйреніп шыққан баламды, сауатсыз болып қалмасын деген ниетпен жекеменшік оқыту орталығына апардым. Ресепшннен ұстаздардың аты-жөндерін сұрағанымда, ондағы мұғалімдердің қатарынан баламның сынып жетекшісінің есімін де қатар естідім. Таң қалып, қайталай сұрадым. Оның мұнда қалай білім беретіні де қызықтырып, жан-жақты ақпарат ала бастадым. Иә, құлағым шалыс естімепті, дәл сол мұғалім. Әрине, әр адам бос уақытында немен айналысса да өзі біледі. Тек мектепте балаға әріпті әзер үйретіп отырған ұстаздың ақылы орталықта жақсы жұмыс жасайтынын естіп аң-таң болдым. Сонда, мұғалімдер, оқу орталықтарына айрықша мән беріп, еті үйренген мектептегі негізгі жұмыстарына салғырт қарайтын болғаны ма? — деген ол бізге бүгінгі қоғамның ащы шындығын жайып салды.
Бұл бір ғана Айзаданың емес, көптеген ата-ананың көкейінде жүрген өзекті мәселе. Ұятта болса айталық, алдындағы 20 балаға білім бере алмай, арамызда алғыр оқушыларды ғана алып шығатын, ұстаздар бар. Ал, «жайбасарлардың» ата-аналарының артынан «репетиторға беріңіз» деп ескертумен жүреді. Осылайша, қоғамда мектеп мұғаліміне деген сенім азайып барады. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен мұғалім мектептің айнасы емес пе еді? Осы тұста Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деген өлең жолдарын да ұстаздардың басты ұранына айналдырған жөн бе дерсің?!
Оқулықтарда жүйе жоқ
Соңғы жылдары өңірде білім сапасының төмендеп кетуіне байланысты салада жылдар бойына еңбек етіп, білім беру ісіне қатысты өзгерістерге куә болған тәжірибелі ұстаздардың ой-пікірлеріне де құлақ түрдік. Солардың бірі – Исатай ауданы, Х.Ерғалиев ауылында 40 жыл мұғалім болған Мәдина Айтжанова. Тәжірибелі ұстаз облыстағы білім сапасының төмендеуінің басты себебін мұғалімдердің біліктілік деңгейінің төмендігі, оқу ісіндегі жүйесіздіктермен байланыстырды.
– Біріншіден, педагогикалық мамандықты меңгеру жеңіл көріне ме, қолынан келмейтінін біле тұра мұғалім болатындардың қатары артты. Мемлекеттік грантқа ілікпесе де ақылы негізде білім алып (бәлкім, оқу ақысы қолжетімді болғаннан болар), 4 жыл ішінде мұғалім атанатындар көбейді. Ал, жоғары оқу орнында не үйренді, не білді, оны сынап жатқандар жоқ. Сапасыздықтың басты себебі осы кадр мәселесімен байланысты екенін сеніммен айта аламын. Сондықтан, маман кадрларға үлкен мән беру маңызды. Жас мамандардың біліктілігіне ден қойып, оларды қызметке аларда да нақты талаптар болуы шарт. Білікті жастар ғана іріктеліп алынуы тиіс деп санаймын.
Екіншіден, жаңартылған оқулықтарда нақты бір жүйе жоқ. Бағдарламадағы берілген тақырып пен оқулықтағы тақырып сәйкес емес. Соның салдарынан бала тақырыпты оқулығынан таба алмайды. Мәселен, бағдарламаның басындағы тақырып, оқулықтың соңғы жағында тұрады. Мысалы, жаратылыстану пәні бойынша физикалық құбылыстарды бала өтпесе де жаздырып, тіпті тапсырма беріп қояды. География пәні бойынша да солай. Бұрын біз тарауларға бөлініп, әрбір материктерді жеке-жеке өткізетін едік. Оларды салыстырып, соңынан қорытынды жасайтынбыз. Қазіргі оқулықтарда ондай жоқ. Жаңа бағдарлама мазмұнына сәйкес бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) да баланың алған білім деңгейін нақты көрсете алмайды, — деді зейнеткер-ұстаз.
Тәжірибелі маман, ұстаздардың сыныптағы белгілі бір топ оқушымен ғана жұмыс жүргізуі немесе барлығына бірдей күрделі тапсырма беруі үлкен қателік екендігін айтты. Әр баланың қабылдауы әртүрлі болғандықтан, әрқайсысының білім деңгейіне қарай тапсырма беріп, жайдан күрделіге қарай жұмыс жасауы керектігін жеткізді. Үлгерімі төмен балалармен міндетті түрде жекелеген жұмыстар жүргізу тиістігін де қаперге берді.
Қызметке кез-келгенді алмайды
Бүгінде әрбір мұғалім әмбебап болуы тиіс. Бұл уақыттың талабы. Ағарту саласының профессорлары мұғалім білім көзі ғана емес, сонымен қатар оқу-тәрбие процесінің белсенді қатысушысы болуы керектігін тектен-текке айтып жүрген жоқ. Мұғалім әр баланы оқу процесіне қатыстырып, оны тыңдай білуі, көмекшісіне айналдырып, оқушының көзімен оны мазалайтын мәселеге үңілуі қажет. Өйткені бұл әдісті жақсы меңгерген мұғалімнің педагогикалық әрекетті дұрыс ұйымдастыра алатыны белгілі болды.
Қазіргі кезде педагогикалық дипломы бар кез-келген адам жұмысқа қабылдана бермейді. Себебі бүгінде педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудың өзіндік ережесі бар. Әр мұғалім сол талапқа сай болуы тиіс. Алдымен, ұстаздық етемін деген адам бағалау парақшасын толтырып, конкурсқа қатысады. Егер бірнеше мұғалім бір орынға бірдей балмен түскен жағдайда арнайы комиссия үміткерлермен әңгімелесу арқылы шешім шығарады. Жоғары оқу орындарын бітіруші түлектер міндетті түрде ұлттық біліктілік тестілеуден өтеді. Оның тиісті балын жинаған жас маман ғана конкурстық негізде жұмысқа қабылданады.
Айта кетерлігі, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, елімізде педагогтарды қайта даярлаудың жаңа жүйесі енгізілді. Бұл арқылы педагогикалық қайта даярлаудан өткен педагогикалық білімі жоқ тұлғалар педагогикалық қызметпен айналысуға мүмкіндік алады. Курстың білім беру бағдарламасының мазмұны психологиялық-педагогикалық пәндерден және педагогикалық практикадан тұрады. Қайта даярлау бағдарламасынан табысты өткен тыңдаушыларға жоғары оқу орнының белгіленген үлгідегі сертификаты берілмекші.
«Жол картасы» қайда?
Өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамту бүгінгі қоғамның, салаға қатысты жауапты басшылықтың басты міндеті болуы тиіс. Өйткені, мәселенің өңірге әкелген «жаман атағы» былай тұрсын, балалардың болашағына балта шаппасына кім кепіл?
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын яғни, 2021 жылдың сәуір айында «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» бастау алды. Осыдан соң сын көтермей тұрған салаға қан жүгірер деген үміт оянып, жобадан жақсы нәтиже де күттік. Аталған жол картасы аясында «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» дербес білім беру ұйымдарының қолдауымен, өңірдегі 50 мектепке 125 адамнан құралған топ зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде, көмекке мұқтаж мектептерге әдістемелік қолдау көрсетілді. НЗМ ДББҰ-ның аға менеджері Мира Битенбаеваның «біздің мақсат – жай ғана келіп, кету емес, зерттеген мектебімізді жоғары деңгейге көтеру» деген сөзін де ұмыта қойған жоқпыз. Ал, бізді мазалайтыны сол жобаның бүгінгі жағдайы. Өйткені қазір жол картасы туралы айтып жатқан жанды көрмейміз. Жұмысы жұмбақ күйде. Бірер жыл бұрын білім сапасын көтерудің бірден-бір тетігі деп табылған жол картасы қазір жұмысын жалғастырып жатыр ма?..
Мәселенің мән-жайын жобаны жүзеге асырушы жобалық кеңсе болып табылатын облыстық білім беру басқармасынан сұрастырған болатынбыз. Өкінішке қарай, сол кездегі аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған жұмыстың бүгінде аяқсыз қалғаны белгілі болды. 2022 жылы педагогтардың пәндік, кәсіби құзыреттілігін арттыру, қосымша білім беруді дамыту, әдіскерлердің әлеуетін арттыру және басқа да бірқатар міндеттерді көздеген жол картасы қазір жұмысын тоқтатқан. Десек те, облыс педагогтары НЗМ-ның қолдауынан қол үзбеген.
Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған жол картасы жұмысын тоқтатқанымен, негізгі проблемаларды жою мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, осы жол картасы аясында ашылған «Зияткер» мектебіне Назарбаев зияткерлік мектебі тәлімгерлік етеді. Жаратылыстану бағытындағы пәндер НЗМ-ның арнайы лабораторияларында өтіп, зияткерліктер робототехника кабинеттерінің де игілігін көруде.
– Аталған мектептің педагогтарымен бірігіп сабақ өткізу, оқушыларды олимпиадаларға дайындау, өз тәжірибелерімен бөлісу сынды әдістемелік көмек жоғары дәрежеде ұйымдастырылуда. Зерттеу нысанына алынған 50 мектеппен арадағы жұмыс тоқтаған жоқ. Әдістемелік орталық мамандары оқыту, практикалық семинарлар өткізіп, мектептерге аяқтай барып, әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуде, — деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы басшысы Эльмира Тұңғатарова.
Білім сапасының төмен болуына тікелей қатысы бар бірден-бір фактор – әдістемелік көмектің сапалылығы. Соңғы уақытта педагогтарға күнделікті әдістемелік көмектің уақытында, сапалы түрде берілмеуі секілді әдістемелік кабинет әдіскерлеріне де бірқатар сын айтылып жүр. Қосымша жүктелген міндеттер мен қағазбастылық та әдіскерлердің функционалдық міндеттерімен айналыса алмауының негізгі себептерінің бірі болып отыр.
Іс тетігін шешетін ұстаз ғана
Түлектердің республика бойынша тестілеуде төменгі нәтиже көрсетуі кім-кімді де ойландыруы тиіс. Өткен оқу жылында мектепті аяқтаған 5692 түлектің 4816-сы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргенімен олардың 20 пайызы шекті балға қол жеткізе алмаған. Төменгі көрсеткіш көрсетіп отырған қалалық та, аудандық да мектептер бар. Мәселен, Атырау қаласындағы мектептерде білім алған балалардың 431-і шекті балды жинай алмаса, Жылыой ауданында 147 бала тестілеуден сүрінген. Тестілеуден Исатай, Мақат, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарындағы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Аймақтағы білім сапасының төмендегі кемшіліктерді зерделеп, олқылықтармен жұмыс жасау қажеттігін талап етеді.
Облыстық білім беру басқармасынан білгеніміздей, тестілеуден төмен нәтиже көрсеткен мектептерге талдау жасалып, оның себептерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал, басқарма жұмысты үйлестіре алмаған мектеп басшыларына тәртіптік шара қолдануды көздеп отыр. Десек те сала енді ғана серпіле бастағандай. Олай дейтініміз, кезекті педагогтардың тамыз мәслихатында облыстың білім саласына, оның ішінде өңірге білікті кадрлар тарту, мектептерде қолайлы жағдай жасауда жаңа бетбұрыстар жасалып жатқанын атап өткен болатын. Аймақ басшысы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектептерді бейнекамералар, дабыл сигналдары, ғаламтормен қамту ісі мен автобус мәселесін де назардан тыс қалдырмай, бақылауында болатынын жеткізді. Өңіріміздің климат ерекшелігіне орай, мектеп сыныптарына салқындатқыш орнату мәселесіне қатысты да арнайы тапсырма берілгенін хабарлаған еді.
– Қазіргі кезде өңірге білім сапасын көтеру мақсатымен үздік педагогтарды шақыртып жатырмыз. Оларды қызметтік пәтермен қамтамасыз етеміз. Бірақ, өзіміздің ішімізде биыл 17 мыңнан астам педагог жұмысқа кіріседі. Бүгінде «Отбасы банкі» арқылы денсаулық сақтау мамандары мен аз қамтылған отбасыларға арналған арнайы бағдарлама жасақталуда, мұғалімдерге де осындай мүмкіндік жасалуы керек. Бұл мәселені педагогтармен біріге отырып ақылдасуымыз керек,- деген еді деді облыс әкімі тамыз мәслихатында.
Иә, өңірде білім сапасын арттыру бағытында оң өзгерістер бары байқалады. Жоғарыда аталған шаралар жүйелі атқарылып, әр ұстаз өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын болса, біздің облыстың да білім сапасы тұрғысынан үздіктер санатынан орын аларына күмән болмас. Әйтпегенде, білімді ұрпақ ертеңіміз болғандықтан, болашағымыз бұлыңғырлана түсе ме деген қорқыныш бар.
ТҮЙІН:
Білім сапасының төмендеп кету себебін қанша іздегенмен, мәселе мұғалімге келіп тіреледі. Сондықтан, педагогтарға көрсетілетін әдістемелік көмектермен біліктілікті арттыру курстарының маңызы жоғары. Әрине, баланың білім алуына алдымен ата-ана, отбасындағы тәлім-тәрбиенің де маңызды роль атқаратынын жоққа шығара алмаймыз. Десек те, «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин айтқандай, мектептің мерейі мен баланың болашағы сөзсіз мұғалімнің қолында. Сондықтан, алдымен перзентінің санасына сәуле шашсыншы деп әр күн баласын мектепке әкелетін ата-ананың сеніміне селкеу түспеуі тиіс. Қандай іс атқарылса да болашағымыз болып табылатын – бүгінгі ұрпақ үшін жасалып жатқаны ұмытылмауы керек. Ал, адам не ексе – соны орады.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА