Білім де алады, жұмысқа да орналасады
Өңірде болашақ мамандарға кәсіби бағдар беру мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. Өйткені, мектеп партасындағы оқушылар қазірден-ақ білім беру орындары туралы көбірек мағлұмат алып, мамандықтармен таныса беруі тиіс. Бүгін осындай миссиямен С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі Д.Қонаев атындағы BINOM мектеп-лицейіне барып, шәкірттермен жүздесті.
Иә, әлі оңы мен солын танып үлгермеген жасөспірімге мамандық таңдау да оңайға соқпасы анық. Өзінің жүрек қалауы мен нарықтағы сұраныс, ата-ананың кеңесі тоғысқан сәтте жастар қайда барарын, қандай мамандық таңдарын білмей ойы сан-саққа жүгірері сөзсіз. Сондықтан психолог-мамандар оқушылар 6-7 сыныпта оқып жүргенде-ақ мамандық таңдап, сол салаға қарай бейімделуі керек деп есептейді. Яғни, соған жан-жақты әзірленіп, барлық қиыншылығына дайын болған жөн деп санайды. Себебі, әрбір адам зейнет жасына дейін таңдаған мамандығымен жұмыс істейді, сол қызметінде өмірінің көп бөлігін өткізеді. Қазақта «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп текке айтылмаса керек. Қазіргі заман да соны талап етіп отыр. Демек, кәсіби бағдар мәселесіне атүсті қарауға болмайды.
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі мұнай-химия, ІТ, энергетика, машиналар, қозғалыс, сервис салалары бойынша мамандарды даярлайды. Өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасайтын оқу орнының серіктестері дуалды білім беру жүйесі бойынша студенттерді жұмыспен қамтуға да айрықша мән беріп отыр. Айталық, мұнайлы өлкеде жүзеге асырылатын «Бутадиен» жобасы бойынша болашақта 100-ге тарта маманды жұмысқа орналастыруға келісім-шарт жасалған. Яғни, құрылыс жұмыстары аяқталғанша осы колледжден білім алып шыққан жас маман бірден еңбекке араласады.
Аталған колледжді былтыр электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша үздік аяқтап, жұмысқа орналасқан Ерасыл Қайратұлы оқу орны қабырғасында жүріп-ақ түрлі облыстық, республикалық, халықаралық білім додаларына қатысып, жеңімпаз атанған. 3Dмодельдеу, Fablab бағдарламаларын үйрену арқылы мамандықтар арасында өткен сайыста жүлдегер болған. Осыдан екі жыл бұрын республикалық жарыста жеңімпаз атанып, Польша, Франция елдеріндегі жарыстарға қатысқан. “Мұның барлығы колледжде алған білімімнің арқасы. Қазір жұмысқа орналасып та үлгердім”,-дейді ол. Ал Бекзат Қанатұлы 2020 жылы ІТ мамандығы бойынша оқуға түсіп, былтыр оқу орнын “қызыл дипломмен” аяқтап шыққан. Бүгінде Бекзат та еңбекке араласып үлгерген. “Оқуға түсер кезде біздің де алдымызда үлкен таңдау тұрды. Сол кезде политехколледжді таңдағаныма еш өкінбеймін. Біздің колледжіміз 56 мекемемен серіктес. Яғни, студенттер оқып жүріп-ақ өндірістің “қазанында қайнайды”,-деп бөлісті ойын Бекзат Қанатұлы.
Кәсіби бағдар бойынша өткен шарада колледждің психолог ұстаздары оқушылар арасында мамандықьар бойынша қызықты ойын өткізіп, естелік сыйлықтарын табыс етті. Әсерлі шарада ерекше эмоциясымен бөліскен аталған мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Байсар Сабиров болашақта жоғары білімді хирург-дәрігер мамандығы бойынша АҚШ-тың оқу орындарынан алуды жоспарлап жүргенін жеткізді. “Менің арманым- хирург болу. Бала кезден осы мамандыққа қызығамын. Биология, химия пәндеріне ықыласым ерекше. Бүгінгі шара өте қызықты болды”,-дейді Байсар.
Айбөпе САБЫРОВА