Білім берудің жаңа мазмұны қалай іске асуда?
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жүктеген тапсырмалардың бірі – білім берудің жаңа сапасы, педагог мамандығының мәртебесін арттыру. Жаңа жүйеге көшуді жеделдетіп, білім беру саласын дамытуды көздеген жұмыстар өңірде қалай жүзеге асуда? Көрсетілген міндеттерді іске асыруда қандай мүмкіндіктер бар? Осы және өзге де сауалдар аясында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха ДҮЙСЕКЕНОВАМЕН сұхбаттасқан едік.
– Жаңартылған білім маз-мұнын енгізудегі өзгерістерге тоқталсаңыз.
– Елімізде биыл 1, 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Келесі жылы 3, 6, 8, 10-сыныптар, 2020 жылы 4, 7, 9, 11-сыныптар ауысып, бұл үрдіс 2021 жылы толық аяқталады.
Сегізінші-тоғызыншы сыныптарда химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізіліп, пилоттық режимде оқыту 12 мектепте 15 сыныпта жүзеге асуда. Білім-инновация, №30 мектеп-гимназия, қыздар лицейі мен Жылыой лицейінде аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту пилоттық жоба түрінде енгізілді.
Үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназиясында 8 және 10-сынып-тарға арналған төрт пәннің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері сынақтамадан өтуде.
2019-2020 оқу жылында 10-11-сыныптарда информатика, химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқыту үшін мұғалімдерді даярлау жұмыстары жүргізілуде. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту 2018-2019 оқу жылы 10-сыныпта, 2019-2020 жылдары 11-сыныпта тереңдетілген және стандарттық деңгей бойынша оқушылардың таңдауымен жүргізіледі.
– Елбасы айтқандай, Отанымыздың көркеюінде әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуы да маңызды. Бұл ретте балалар үшін қажетті инфрақұрылым желісін құрып, цифрлық білім беру ресурстарын дамытудағы жұмыстар жөнінде білсек.
– Облыстың барлық мектептері компьютерленген, 5 оқу-шыға 1 компьютерден келеді. 191 мектеп кең жолақты интернетке, 170 мектеп «Күнделік» электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесіне және 192 мектеп «Білім лэнд» инновациялық білім беру онлайн ресурсына қосылған. Бұл жобаларды толық іске асыру қағазбастылықты 20 пайызға қысқартып, жұмыс уақытын тиімді пайдалану, ата-аналарға мәліметті тез, әрі сапалы жеткізуге мүмкіндік береді.
Мектеп бағдарламасына цифрлық білім беру туралы алғышарттарды бастауыш сыныптардан бастап-ақ енгізе беруіміз қажет. Осы орайда информатика пәні оқулықтарын да жаңа талаптармен тез арада қайта жаңғырту талабы тұр.
– «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жалғастырудың маңызы қандай?
– Бүгінде мемлекет тарапынан жаңа мамандық алу үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында ақылы және тегін білім алуға болады.
Оқу орындары үздік оқытушыларының бейнесабақтарын интернет арқылы қолдану, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тарту қажетті-ліктері де назардан тыс қалмаған. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Үш тілді еркін меңгеру тек өз елі-мізде емес, жаһандық әлемде өмір сүрудің және нағыз азаматтық қоғам құрудың кепілі екені Жолдауда баса көрсетілген.
Жұмыспен нәтижелі қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес облыстағы 25 техникалық кәсіптік білім беру ұйымының 12-інде жұмысшы мамандықтарын тегін оқыту ұйымдастырыл-ған. Оқу орындары жұмысшы мамандықтарын оқыту үшін 32 қосымша лицензия алды.
2358 студент «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты негізінде жұмысшы мамандықтарына тегін оқуға қабылданды. Бұған 9, 11-сыныптың түлектері, бұрын мектеп бітіріп оқу орындарына түспегендер, жұмыссыз жастар қамтылған. Бағдарламаға қатысушылар мемлекеттік қолдау нәтижесінде тегін оқу, бір реттік ыстық тамақ, шәкіртақы және жол жүру ақысымен қамтамасыз етілді.
– Бүгінгі ұстаз теориялық білімі терең, жаңалықтарды тез қабылдай алатын деңгейде болуы керек. Осы бағытта мұғалімдер мәртебесін арттыруда қандай өзгерістер орын алды?
– Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын келер жылдан бастап 30 пайызға көбейту жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2018 жылы санаттар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін санаттардың жаңа кестесін енгізу жоспарлануда. Санаттар бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беріледі. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетіл-діруге ынталандырады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30-дан 50 пайызға дейін өседі.
«Шебер педагог» атағын алу үшін жоғары нәтижеге қол жеткізуге тура келеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА