Білім беру туризмінің мүмкіндіктері
Қазақстанда білім беру туризмі қарқынды дамуда. Ел бойынша 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісім жасалған. Расында, шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жаңа идеялармен, оқу-әдістемелік материалдармен және инновациялық технологиялармен алмасуға ықпал етеді. Мұндай ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты дамыту үшін мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ мәдениетаралық және іскерлік байланыстарды нығайтады.
Білім беру туризмі бүгінде саяхат әлеміндегі аса сұранысқа ие трендтердің бірі ретінде қарқын алып отыр. Мұндай мүмкіндік – ойын-сауық немесе демалыс қана емес, жаңа білім мен тәжірибе алу болып табылады. Сондай-ақ, білім беру туризмі мәдени және экономикалық дамудың маңызды құралына айналуда. Бұл кез-келген жастағы адамдарға – мектеп оқушыларына, студенттерге, тіпті біліктілігін арттыруға ұмтылатын кәсіпқойларға да пайдалы.
Осы тұста С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің тәжірибесімен бөліскім келеді. Жоғары оқу орнының интернационалдандыру стратегиясы түрлі бағыттарды қамтиды. Білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінен басқа, ол инновациялық даму, әкімшілік көшбасшылық және халықаралық аренада білім-ғылымды ілгерілетумен белсенді айналысады. Мұндай тәсіл университеттің білім беру мен ғылыми зерттеулерінің сапасын халықаралық деңгейде тануға ықпал етеді.
Университеттің стратегиясы интернационалдандыруды белсенді дамытуға және академиялық, кәсіби әріптестерді, сондай-ақ студенттер мен түлектерді тартуға бағытталған. Мұндай тәсіл университеттің білім беру және зерттеу саласындағы негізгі қызметін толықтырады және кеңейтеді, оның жаһандық сахнадағы ұстанымын нығайтады, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Университетте білім беру туризмін дамыту бойынша бірнеше жоба іске асырылды. Студенттердің өндірістік кәсіпорындармен байланысы да жолға қойылған. Үшінші курстан бас-тап дуалды жүйе бойынша оқитын студенттер жыл сайын Румыниядағы «Rompetrol» компаниясының зауытында тәжірибеден өтеді.
Мәдениет, тілдер мен ортаның алуан түрлілігі, сондай-ақ сапаға, ашықтық пен ұтқырлыққа ұмтылу жоғары білім беру жүйесіне оқыту, зерттеулер мен инновациялар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Қызығушылықтың артуына қарамастан, саладағы сын-қатерлер әлі де бар. Бұл сапарлардың жоғары құны мен қолжетімді бағдарламалар туралы ақпараттың жетіспеушілігінен болса керек. Дегенмен цифрландыру мен мемлекеттердің қолдауы даму үшін жаңа перспективалар туғызады.
Алмагүл ТҰРДАҒАЛИЕВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры