
«Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту стратегиялары”
Атырауда осы тақырыпта облыстық workshop өтті. Оған өңірдің 300 педагогі мен жоғары оқу орны және колледждерде педагогикалық мамандықтарда білім алатын 50-ден астам студент қатысты. Workshop Атырау облысы Білім беру басқармасы мен BINOM SCHOOL мектептер желісінің бірлескен жобасы шеңберінде өткізілді, — деп хабарлайды Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.

Workshop-қа шақырылған білім беру саласының сарапшылары мен педагогтер орта мектеп оқушыларының оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын дамытудың тиімді әдістері мен стратегияларын зерттеп, тиімді әдіс-тәсілдермен тәжірибе жұмыстарын жүргізді. Әр сабақта білім алушылардың эмоциялық интеллектісін дамытудың әдістері талданды.

Пленарлық мәжілісте Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов, отандық білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар сарапшы педагогтер, тренерлер тақырып төңірегінде маңызды зерттеулерімен, мазмұнды баяндамаларымен таныстырды.

Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту бағытындағы іс-шаралар бұл workshop-пен шектелмейді, бірлескен жоба аясында жыл бойына оқыту және педагогтерді сүйемелеу секілді әдістемелік жұмыстар жалғасады.