БІЛІКТІ ҰСТАЗДАН – БІЛІМДІ ШӘКІРТ
Курстан кейінгі қолдау жасау мақсатында облыс бойынша 15 мектеп ресурстық білім беру ұйымы болып тағайындалды. Кембридж университетімен бірлесе әзірленген осы бағдарламаны мектептерге енгізу үшін ресурстық мектептер бірқатар жұмыстар атқарды. Сондай ресурстық мектептің бірі – Исатай ауданындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектеп.
Бұл бағдарламаның әдістемелік негіздері оқытудың сындарлы теориясы, әрбір мұғалімнің өз тәжірибесін зерттеуі мен үздіксіз рефлексиялау қажеттілігі, мектептегі өз әріптестерін оқыту мен кәсіби әңгімелесу арқылы бірлескен жұмысқа жұмылу қажеттілігі ұсынылған. Қазіргі заманғы оқыту мен оқу жүйесіндегі ерекшелік оқушылардың біліп қана қоймай, ХХІ ғасырда өмір сүруге пайдалана алатындай деңгейде болуы керектігі де деңгейлі бағдарлама идеясына негізделген.
Осы орайда Исатай аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектепте күні бүгін 30 пән мұғалімі бірінші, екінші және үшінші деңгейлік курс бағдарламаларын аяқтады. Олар аталған курстан алған білім-тәжірибелерін өз қызметтерінде орынды пайдаланып, мектепке, сыныпқа, мұғалімге жаңаша өзгеріс енгізіп, оқыту мен оқуды дамытуға өз үлестерін қосып жүр. Осыған дәлел ретінде мектептегі оқытудың амал-тәсілдері туралы білім мен бірлескен тәжірибенің негізінде екінші және үшінші деңгей мұғалімдерімен, пән бірлестік жетекшілері, жас мұғалімдер ынтымақтаса, бірлесе жұмыс жасау мақсатында «Самғау» желілік қоғамдастық құрылды. Қоғамдастық жоспары жасалып және құрылымына «Басқарушы топ», «Пән бірлестік жетекшілері», «Жас мұғалімдер тобы», «Зерттеушілер тобы», «Даму» кәсіби қоғамдастық, «Серпер» аудандық кәсіби қоғамдастық, облыстық «Болашақтың мектебі», «Мейірім» ата-аналар тобы желілік қоғамдастығы енгізілді. Басқарушы топтың негізгі мақсаты – желіні жақсарту жұмыстарын бағыттап, бақылау.
Аудан мектеп басшыларына арналған «Мектеп. Өзгеріс. Қоғамдастық.» тақырыбындағы педагогикалық керуен және «Өзгеріс. Қолдану. Қадам.» тақырыбында Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп базасында өткен «дөңгелек үстелде» жүйедегі өзгеріс жетістікке жетелейтіні насихатталды. Алдымен «Педагогикалық бастама» желілік қауымдастығының құрылымына шолу жасалды. І, ІІ, ІІІ деңгейлік курс бағдарламасының идеясын қолдану аясында Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебі мен Абай атындағы орта мектебінің командалық көшбасшы мұғалімдері өздерінің іс-тәжірибелерімен ой бөлісті. Соңында облыстық педагогикалық шеберлік орталығы мен педагогикалық өлшем орталығының өкілдерімен кәсіби әңгіме жүріп, өз іс-тәжірибелерінде қолдануға мүмкіндік алды. Мектептің оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізу бағытындағы көшбасшылық жұмыстарын «SWOT» анализі бойынша талдауға болады. Сонымен қатар мектеп көшбасшыларының ұйымдастыруымен өз мектептерінде іс- тәжірибеден өтуші облысымыздың мектеп басшылары мен облыс көшбасшыларының басын қосқан «Ынтымақтастық арқылы көшбасшы әлеуетін дамыту» тақырыбындағы педагогикалық керуен өтуіне ықпал етті. Педагогикалық керуеннің мақсаты бүкіл мектеп шеңберінде өзгеріс жүргізу үшін қажетті білік пен дағдыларды қалыптастыратын оқытуды басқару және көшбасшылық туралы ой қозғап, тәжірибе алмасу болатын. Ең алдымен әріптестер арасында ынтымақтастық атмосфера қалыптастырылса, кейін «Сиқырлы қорап» тренингінде кездесіп отырған кедергілер мен қиындықтарды бірлесе талқылап, нәтижесінде бұл мәселелер өз шешімін тапты. Педагогикалық керуен барысында білімнің дәрежесіне, кәсібилік деңгейіне қарамастан, кім болмасын, өзінің үздік нәтижесін өз бетімен үнемі ұстап тұра алмайтындығын, сондықтан мұғалімдерге әріптестерімен бірге жаңа тәсілдерді пәнге енгізу үшін коучинг пен тәлімгерлік арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін дағдылар қалыптастыру қажеттілігі жөнінде коуч Б.Ипекенов «Бірлескен оқу – өзара іс-әрекет философиясы» таныстырылымын жасады. «Lesson Study» – мұғалімдерді оқыту және олардың тәжірибесін дамытудағы ынтымақтастық тәсілі. Басқаша айтқанда, оқу сапасын арттыру барысында белгілі бір тәсілді қалай дамытуға болатындығын анықтау мақсатында бір топ мұғалім бірлесіп оқушылардың оқу үдерісін зерделейді. Ал, мұғалімдердің ендігі бір тобы «Ашық Lesson Study» арқылы жұмыстарын жарнамалады.
Мектеп көшбасшылары оқыту мен оқудағы өзгерістер туралы «SWOT» талдауымен, тәрбие жұмысындағы зерттеулер жайы және «Көшбасшы» сайтымен таныстырды. Көшбасшылар алдына күрделі міндеттер қоя отырып, әріптестерін алға жылжуға, іске шығармашылықпен қарауға, қателерден үйренуге мәжбүрлейтін үдерістерді жасап шығаратын деңгейге дейін өзгертуге үлес қосты. Әріптестерімнің бұл бағдарлама идеясы негізінде ынтымақтаса отырып, бір-біріне деген сенім мен қолдау арқылы бірлесіп үздіксіз жұмыс жасауға белсенділіктерін қалыптастырып, ұжым мүшелерін «итеру» әрекеті арқылы емес, «тарту» әрекеті арқылы нәтижелі іске бастапқы қадамдар арқылы жеткенімді үлкен жетістік деп бағалаймын.
Табила ИСМАҒҰЛОВА,
Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің директоры,
Исатай ауданы.