БІЛІКТІ МАМАН – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бүгінгінің басты талабы - әлемдік бәсекеге төтеп беретін өз ісінің шеберлерін дайындап шығару. Сол себепті де ұстаз ізденіс тұлғасы болумен қатар, оқушысын да ізденіске шабыттандыратын, жоғары біліктілік пен құзыреттілік иесі болуы керек. 
Мұғалімнің кәсіби даярлығы үздіксіз білім алу мен жетілуге ұмтылу арқылы дамитындығы педагогика теориясында дәлелденген, сонымен қатар, кәсіби даярлық ұстаздық ету кезеңінің барысында жалғасады. Кәсіби білімінің үздіксіздігі – мұғалімнің шығармашылық қабілеті мен жеке тәжірибесін ұдайы дамытудың шарты.

Қазіргі уақытта педагогикалық білім берудің құрылымы мен мазмұнын жетілдірудің, мұғалімдер білімін жетілдіру сапасын арттырудың міндеттерін шешу – өзекті мәселе. Заман осыны талап етуде. Бүгінгі білім беру жүйесінің мақсаты – білімді, бәсекелестік қабілеті бар, шығармашыл, дербес, ізденімпаз, өзін-өзі жүзеге асыра алатын, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Ал, өз кезегінде бұл мақсатты жүзеге асырушы, жеке тұлғаны қалыптастырушы мемлекетіміздегі тәрбие мен білім беру ұйымдарының педагогтары болып табылады. 
Ұстаздардың шығармашылығын дамыту және еңбегін ынталандырудың жаңа мүмкіндіктері еліміздегі сапалы білімнің негізі болып табылады. Республика көлеміндегі білім беру саласына қатысты реформалар бір жағынан әлемдік білім беру кеңістігіне сай өркендеуге ұмтылса, екінші жағынан ұлттық болмысты қалыптастыру мақсатында мәдени-тарихи құндылықтарға сай өзіндік бет-бейнесін сақтауды көздейді.
Білім беру саласындағы реформалардың нәтижесінде 2012 жылы 17 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұйрығымен Атырау қаласында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты құрылды.
Тұтастай облыстың ұстаздарын бүгінгі заманауи бағытта дайындауда «Өрлеу» институты курстар, түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырып, қойылған талап деңгейінде жұмыс жасауда.
Институттың кафедралары мен бөлімдерінің мақсаты 12 жылдық білім беруге көшу жағдайындағы Қазақстан білім беру жүйесі моделінің құрылымын жақсартуға үлес қосу, Кембридж бағдарламасы мен электрондық оқыту жүйесін отандық білім беру ұйымдарының іс-тәжірибесіне енгізу болып табылады.
Курс тыңдаушыларына озық технологияға сай, қазіргі сұранысқа жауап беретін көмек беріледі. Институт әдістемелік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру арқылы қоғам талабының деңгейінен шығып, өзгермелі қоғамның үдерісіне сай жұмыстарды ұйымдастыруда. Біздің мақсатымыз – білімі терең, біліктілік дәрежесі жоғары, іскерлік қабілеті күшті, шығармашыл, ізденімпаз ұстаздарды дер кезінде байқап, көмектесіп, жөн сілтеу, озат тәжірибесін тарату мәселелерін қолға алу арқылы облыс педагогтарының мәртебесін көтеру.
Институт озық педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау және тарату, педагогикалық-психологиялық ғылымдардың жетістігін тәжірибеге енгізу мақсатымен жұмыс жасай отырып, облыс ұстаздарына қолдау көрсетеді, педагогтардың жаңа технологияларды талдаушы, жасаушысы, зерттеушісі, тұтынушысы және насихатшысы қызметін атқаруына көмек береді. Осы процесті басқару мүғалімнің өз қызметінде әріптестерінің тәжірибесі немесе ғылымындағы жаңа идеялар, әдістемелерді дұрыс тандап, бағалау және қолдануын қамтамасыз етеді. Ал, педагогикалық қызметте инновациялық бағыттылықты қазіргі заманғы білім беру, қоғамдық және мәдени даму жағдайында педагогикалық қызметтің инновациялық бағыттылығының қажеттілігі бірқатар жағдайлармен айқындалады.
Білікті ұстаздар педагог мамандығының мәртебесін көтерудің қуатты факторы болып табылады. Жалпы, педагогтың мәртебесі оның интеллектуалдық, кәсіптік деңгейімен, жеке тұлғалық қасиеттерімен белгіленеді. Аталған қасиеттерді жетілдіріп, осы міндеттерді жүзеге асыру үшін педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігі заман талабына сай жүзеге асты. Осы негізде жаңадан құрылған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының бірден-бір миссиясы – педагог кадрлардың біліктілігін жүйелі арттыру. Бұл өз кезегінде корпоративті басқару, әлемдік және қазақстандық тәжірибені тасымалдау негізінде білімнің жоғары сапасын қамтамасыз етері сөзсіз.
Сала мамандарының сапалық құрамын арттыруға және кәсіптік шеберлігін жетілдіруге бағытталған орталықтың жұмыс принциптеріне сай, курсқа қатынасушылар өз бойында азаматтық, әлеуметтік және тұлғалық, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға бағыт алып, жаңа ғылыми нәтижелерді қолдануға үнемі ұмтылыста болады.

Латифа ІЗМҰХАМБЕТОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының талдау және сараптау бөлімінің жетекші маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз