Жарнама
Білім

БІЛІКТІ МАМАН – ӨНДІРІС ТІРЕГІ

Конференцияны «Кәсіпқор» холдингі» ұлттық акционерлік қоғамы әлеуметтік серіктестік департаментінің директоры Есен Испаев ашып,  ұйымдастырылып отырған шараның басты мақсаты салалық қауымдастықтар базасында біліктілікті тәуелсіз растаудың институционалдық моделін енгізудің алғышарттарын жасау болып табылатындығына тоқталды. Бұл тұрғыда «Кәсіпқор» холдингі ҰАҚ басқарма төрағасының орынбасары Санат Аппаев кеңірек әңгімеледі. Ол осындай конференциялардың бұған дейін еліміздің басқа аймақтарында өткізіліп келгендігін, қатысушылар тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлердің аз болмағандығын айтты. Кәсіби білім беру мен біліктілік деңгейін көтеруді көздеген шаралардың ойдағыдай ұйымдастырылып, өткізілуіне, қорытындысында нақты нәтижелерге қол жеткізілуіне  мүдделілік танытып отырған ұйымдардың барын тілге тиек етті. Олардың қатарында Қазақстандағы тау-кен және металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарының  республикалық ассоциациясын, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, машина жасау, құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық салалары бойынша құрылған «Кәсіби» (KACEBI) бірлескен қорын, республикамыздағы туризм және қонақ үй қызметтері саласын қамтитын Қазақстанның туристік ассоциациясын, сондай-ақ, мұнай-газ және энергетика кешені кәсіпорындарын біріктіретін «KAZENERGY» ассоциациясын атады. Сайып келгенде, аталған қауымдастықтардың тәуелсіз растау жүйесін қалыптастыру бағытында бірлесіп атқарған жұмыстары әртүрлі салаға мамандар әзірлейтін білім беру орындары түлектерінің мүмкіндіктерін мейлінше объективті бағалауға, сөйтіп саны мен сапасы жөнінен қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына сай келетін мамандарды дайындап шығаруға жағдай жасайтындығын алға тартты.

Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Ғанимұрат біліктілікті тәуелсіз растау жүйесінің халықаралық  деңгейде қалай қолданылатындығына көңіл бөлді. Осы ретте, экономикасы дамыған, өнеркәсібі өрістеген, ауыл шаруашылығы мен өзге де салалары өркендеген алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді. Негізінен алғанда, бұл-білім беруді әлемдік стандарттарға сай жетілдірудің, классификациялау мен дағдыларды қалыптастырудың, оқу орындарының өкілеттігі мен оқытудың деңгейлік кезеңдерін анықтаудың бірден-бір тиімді жолы екендігін жеткізді. Мұндай жүйе кәсіпорындар мен мамандарды даярлау орталықтарының жұмысшы-қызметкерлерді іріктеп, дұрыс таңдау жасауына септеседі. Мамандығын жетік меңгерген, кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшыны ынталандыру, тұтынушының құқығын қорғау, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау сияқты жайлар да, сол біліктілікті бағалау мен растау  процедураларының шеңберінде   айқындалады.

 Орал қаласындағы (Батыс Қазақстан облысы) Еуразиялық индустриалды-экономикалық колледжінің оқытушысы Досман Жаманғарин оқу орындарының жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастығы жайын сөз етті. Мұны кәсіби білімнің сапасына кепілдік беретін бірден-бір құрал деп есептейтін баяндамашы бұл ойын өзі қызмет істейтін оқу орнына қатысты мысалдармен толықтырды.

Қазақстан Республикасында біліктілікті бағалау мен растаудың тәуелсіз жүйесін дамытуға қатысты әңгімені «Техникалық және кәсіби білім беруді дамыту мен біліктілікті белгілеу республикалық орталығы» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Жәмила Досмағамбетова өрбітті. Осыған дейін өткізілген басқосулардың күн тәртібіне қойылып, жан-жақты талқыға түскен мәселенің түйінін шешу үшін шетелдік тәжірибенің оңтайлы тұстарын өзімізге қарай бұра отырып, жақсы нәрселерін үйрену; білім беру мекемелері мен базалық кәсіпорындардың бірлескен жұмысының негізгі көрсеткіші саналатын біліктілікті бағалау мен растау үрдісінің отандық озық үлгілерін қалыптастыру және жаңа моделін ойластыру. Міне, бүгінгі таңда орталықтың алдында тұрған маңызды міндеттер осындай. Осыны нақтылаған  баяндамашы әріптестерін бұл төңіректе белсенділік танытып, еркін ой бөлісуге шақырды.         

Бұдан бөлек, конференцияда халықаралық тәжірибеге сүйеніп, біліктілікті бағалау жүйесін сертификациялаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру, ауыр өнеркәсіп саласына қажетті мамандардың біліктілік дәрежесін арнайы құжатпен куәландырудың пилоттық орталығын іске қосу, т.б. бірімен-бірі өзектес мәселелердің түйіні тарқатылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button